Ошия
Тарау 11
Исраилдің патшасы сол күнгі таңда мүлдем құриды!» «Исраил әлі де жас болғанда оны сүйетін едім, Мен рухани ұлымды Мысырдан шақырып алдым.
2 Бірақ Мен халықты Өзіме неғұрлым шақырған сайын олар соғұрлым қасымнан алшақтай берді. Олар Бағалдың бейнелеріне арнап құрбандық шалып ұсынып, сол мүсіндердің құрметіне хош иісті заттарды түтетіп жүрді.
3 Ал Ефремді қолынан жетелеп, аяғын тәй-тәй басып жүруді үйреткен Өзім болатынмын. Өздерін сауықтырған да Мен екенімді халық мойындағылары келмеді.
4 Мен оларды ыңғайлы ноқтамен, сүйіспеншіліктің арқанымен жетелеп жүрдім. Мойынтұрықтарын мойындарынан шешіп алып тастап, оларды тамақтандыру үшін еңкейетін де едім.
5 Маған қайта оралудан бас тартқан соң, халық енді Мысыр еліне қайта оралмай ма? Ассур оларға патшалық құрмай ма?
6 Сол кезде олардың қалаларында семсерлер жарқылдап, қақпаларының ысырмаларын сындырады. Зұлым ой-ниеттері үшін оларды жалмап құртады.
7 Өз халқым Менен теріс бұрылуға бейім. Олар (Бағалға) биіктеу жерлерде қаншама сиынғанмен, ол соларды (мүшкіл жағдайларынан) еш шығармайды».
8 «Мен сені қалайша тастап кетемін, уа, Ефрем? Сені қалайша ұстап беремін, уа, Исраил? Мен сені қалайша Адмадай тастап, Себоимдей ойрандаймын? Жүрегімде ниетім өзгеріп, аяушылығым арта түсті.
9 Сонда Мен лаулаған қаһарымды жүзеге асырмаймын, Ефремді қайтадан құртпаймын. Себебі Мен пенде емес, Құдаймын. Араларыңда тұратын Киелі Құдаймын. Сол кезде сендерге ашу-ызамен келмеймін.
10 Халық Менің соңымнан еріп, Мен, Жаратқан Ие, арыстандай ақыратын боламын. Мен ақырғанда, балаларым батыс жақтан дірілдеп қайтып келеді.
11 Олар Мысыр елінен құстай болып, Ассур елінен де көгершіндей болып дірілдеп қайтып келеді. Мен халқымды үйлеріне қайтадан орналастырамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие.
12 Ефрем халқы мені жалған сөздермен қоршап, Исраил халқы өтірікпен қамап жатыр. Яһуда халқы әлі де Құдайдан, Киелі Жасаған Иеден, тайып өз бетімен жүр.