Ошия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14


Тарау 7

Бірақ оны осылай ауруынан сауықтырмақ болған кезімде Ефремнің күнәлары әшкереленеді, әрі Самарияның қылмыстары жария болады. Халықтың айналысатыны — алдамшылық, ұрылары үйлерге бұзып кіріп, қарақшылары көшеде адам тонайды.
2 Бірақ олардың істеген барлық зұлым іс-әрекеттерін есімде сақтайтынымды өздері ойламайды. Жаман қылықтары халықты қоршап алған, солары Менің көз алдымда.
3 Халық зұлымдық істеп патшаларын, жалғандық жасап әміршілерін мәз қылады.
4 Олардың барлығы да неке адалдығын бұзушылар! Қамырды илеген кезден бастап нан жабуға дайын болғанға дейін өшпей жанып тұратын тандыр сияқты, солардың барлығы да құмарлықтың отына күйіп-жануда.
5 «Патшамыздың құрметіне жасалған той!» деп әміршілер шараптың қызуына елігіп кеткенде, патша өркөкірек мазақтаушыларды қолдайды.
6 Олардың жан дүниелері пештей лаулайды, ойлағандары — қулық-сұмдық. Түні бойы ашу-ызалары сөнбей бықсып, таңертең жалындай лап ете қалады.
7 Бәрі де пеш сияқты өз билеушілерін жалмай береді. Патшаларының барлығы зорлықпен өлтірілді. Ал олардың ешқайсысы Менен көмек сұрамады.
8 Ефремнің халқы бөтен халықтармен араласып кетті. Ол төңкерілмеген, сондықтан бір жағы күйіп, екінші жағы шикі піскен нан сияқты болып қалды.
9 Бөгде адамдар оның қуатын жалмауда, бірақ ол соны білмейді. Оның басын ақ қырау шалған, бірақ ол соны да байқамайды.
10 Исраил өз асқақтығымен өзін әшкерелейді, бірақ олар бәрібір өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қайтпайды да, Оның еркін сұрамайды да.
11 Сондықтан Ефрем халқы көгершін сияқты аңғал да санасыз болып қалды. Олар біресе Мысырды шақырып, біресе Ассурға барып, қолдау сұрайды.
12 Ал Мен олар барған кезде үстеріне торымды тастаймын. Оларды аспанда ұшып жүретін құстар сияқты жерге түсіріп, жиындарында сөз болған қылықтарына сәйкес жазалап түзетемін.
13 Халық Менен адасып кеткендіктен қасіретке қалады! Олар Маған қарсы бас көтергендіктен енді апатқа душар болады! Оларды құтқарар да едім, бірақ олар Мен туралы өтірік айтып келеді.
14 Халық Маған шын жүректен жалбарынбайды. Оның орнына олар төсектерінде жатып еңіреп жылайды. Расында олар Менен алшақтап кетіп, жиындарында бидай мен жүзім мол болсын деп жалған тәңірден сиынып сұрайды.
15 Халыққа тәлім-тәрбие беріп, күшейткен Өзім едім, бірақ олар Маған қарсы зұлымдық ойластырады.
16 Халық Маған, Алла Тағалаға, емес, Бағалға бет бұрады. Содан да олар қисық садақ сияқты пайдаға аспайды. Елдің әміршілері тілдерінен шыққан ашулы сөздердің кесірінен семсерден өледі. Сол үшін олар Мысыр елінде жұрттың күлкісіне қалады».