Ошия
Тарау 1
Мұнда Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия, әрі Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған кезеңдерде Жаратқан Иенің Бегери ұлы Ошияға арнаған сөздері берілген.
2 Жаратқан Ие хабарларын халыққа Ошия арқылы жеткізе бастағанда оған былай деді: «Барып, жеңіл жүрісті бір әйелді алып, оның жезөкшеліктен туған балаларын бауырыңа бас! Өйткені осы ел Жаратқан Иеге опасыздық жасап, азғындыққа салынып кетті!»
3 Содан Ошия Диблаим қызы Гомерді әйелдікке алды. Ол жүкті болып, Ошияға бір ұл туып берді.
4 Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Ұлыңның есімін Ізрел деп қой. Себебі тағы азғана уақыттан соң Мен Ехудің Ізрелде төккен қанына бола оның әулетіне назарымды аударып, оны жазалаймын және Солтүстік Исраилдің патшалығын құртып жоқ қыламын.
5 Сол кезде Ізрел аңғарында Солтүстік Исраилдің әскери күшін сындырылған садақ іспетті жоямын!»
6 Гомер қайтадан жүкті болып, қыз туды. Сонда Жаратқан Ие Ошияға тіл қатып былай деді: «Оның есімін Рақым-көрмеген» деп қой! Себебі бұдан былай Мен Солтүстік Исраилге рақым көрсетіп, оны кешіруімді доғарамын!
7 Бірақ Яһуда еліне рақым көрсетіп, оны құтқарып қаламын. Алайда оларды құтқаратын шайқастағы садақ, семсер, атты әскер емес, Өзім — олардың Құдайлары Жаратқан Ие боламын.
8 Қызы Рақым-көрмеген емшектен шығарылғаннан кейін Гомер тағы бір ұл туды.
9 Сонда Жаратқан Ие Ошияға былай деді: «Соның есімін Халқым-емес деп қой! Себебі енді сендер халқым емессіңдер, Мен де сендердің Құдайларың емеспін!»
10 Бірақ болашақта Исраил халқының саны теңіз жағалауындағы санаса сан жетпейтін құм түйіршіктеріндей қисапсыз көп болады. Оларға «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде олар енді «Мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады.
11 Яһуданың және Исраилдің адамдары тағы да бірігіп, өздеріне бір басшыны тағайындап алады. Олар (жер аударылған) елден қайтып келеді. Себебі (халық өз елін қайтадан қоныстанатын) «Ізрел күні» ұлы күн болады!