Аян

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22


Тарау 4

Осыдан кейін қарап қалсам, көкте ашылған есікті көрдім! Мен бұдан бұрын да естіген, керней үніне ұқсайтын қатты дауыс маған: «Мұнда көтеріл, саған осыдан кейін не болуға тиіс екенін көрсетемін», — деді.
2 Мен дереу Киелі Рухқа ерекше бөленіп аян көрдім: көкте бір тақ тұрды, үстінде Біреу отыр екен.
3 Отырғанның сырт көрінісі яспис, карнеол іспетті асыл тастардай сәуле шашып, ал тақтың айналасын зүбәржаттай жалтыраған кемпірқосақ қоршапты.
4 Тақты айналдыра жиырма төрт тақ тұр екен. Олардың үстінде ақ киімді, алтын тәж киген жиырма төрт ақсақал отырды.
5 Тақтың тұсынан найзағайдың жарқылы, гүрсілі және күркірі шықты. Ал тақтың алдында жеті шырағдан жалындап жанып тұрды. Олар — Құдайдың жеті Рухының белгісі.
6 Тақтың алды мөлдір кристалл іспетті шыны теңізге ұқсады. Тақты қоршай, оның ортаңғы баспалдағында төрт нөкер бар еді. Олардың денелерінің алды-артында көптеген көздері болды.
7 Алғашқысы арыстанға, екіншісі бұқаға, үшіншісінің беті адамның бетіне, ал төртіншісі ұшып бара жатқан бүркітке ұқсас екен.
8 Әрбіреуінің алты қанаты болатын, қанаттардың тұла бойлары да толған көздер еді. Олар күні-түні тоқтамастан: «Бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым болып келген, мәңгі бар және болашақта келетін Құдай Ие қасиетті, қастерлі, киелі!» — деп сиынумен болды.
9 Төрт нөкер тақта отырған, мәңгілік өмір сүретін Құдайға даңқ пен құрмет көрсетіп, шүкірлік еткен сайын,
10 жиырма төрт ақсақал Оның алдына бас ұра жығылып, мәңгі тірі Оған тағзым етеді. Олар тәждерін тақтың алдына ұсынып, былай дейді:
11 «Уа, Құдай Иеміз, Сен даңқ пен ұлылыққа, құрмет пен билікке лайықсың! Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді».