Аян
Тарау 15
Аспаннан тағы басқа бір таңғаларлық үлкен әрі керемет көріністі көрдім: (Құдайға қарсы шыққандарды) ең соңғы жеті пәлеге ұшырататын жеті періште тұрды. Құдайдың қаһары осы пәлелермен толықтай жүзеге аспақ. 2 Мұнан кейін мен отпен араласқан, шыны теңіз іспетті жарқыраған алаңды көрдім. Оның жағалауында не айуанның мүсініне табынбаған, не оның есімінің санын бейнелейтін таңбаны қабылдамаған, осылайша айуанды жеңіп шыққан адамдар тұр екен. Бәрі қолдарына Құдайды мадақтайтын жетігендерін ұстапты. 3 Олар Құдайдың қызметшісі Мұсаның жырын және Тоқты жөніндегі жырды айтып тұрды: «Уа, Құдай Ие, бүкіл әлемнің Билеушісі, Сенің істерің керемет те ұлы! О, халықтардың мәңгілік Патшасы, Сенің жолдарың әділ де шынайы! 4 Уа, Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас, Есіміңнің ұлылығын кім даңқтамас? Сен ғана толықтай қасиеттісің! Бар ұлттар келмек алдыңа Өзіңнің, Бас ұрып мақтайды даңқыңды Сенің, Себебі ашылды әділ үкімдерің!» 5 Бұдан кейін қарасам, көктегі киелі үйдің, яғни Келісім шатырының, ашылып жатқанын көрдім. 6 Жарқыраған аппақ бәтестен киім киіп, кеуделеріне алтын аспа бау таққан жеті періште киелі үйден шықты. Жеті пәленің билігі соларда еді. 7 Құдай тағының қасындағы төрт нөкердің біреуі осы жеті періштеге жеті тостағанды берді. Тостағандар мәңгілік жасайтын Құдайдың қаһарына толы еді. 8 Содан киелі үй Құдайдың хош иісті түтіндей таралатын салтанатты ұлылығы мен құдіретіне кенелді. Жеті періште тостағандарынан төгетін жеті пәле аяқталғанша, ешкім де киелі үйге кіре алмады.