Аян

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22


Тарау 11

Содан кейін біреу маған бір өлшеуіш қамыс таяқты беріп, былай деді: — Бар да, Құдайдың киелі үйін және ондағы түтету үстелін өлшеп, сол жердегі ғибадат етіп жатқандардың санын есепте!
2 Алайда киелі үйдің сыртқы ауласын өлшеме, оны есептен шығарып таста! Себебі Құдай оны Өзіне мойынсұнбаған басқа ұлттарға уақытша табыс етті. Олар киелі қаланы қырық екі ай бойы табандарының астына таптайтын болады.
3 «Бірақ Мен Өзімнің екі хабаршымды тағайындаймын. Олар азалы киім киіп қайғырып, сол бір мың екі жүз алпыс күн бойы Менің хабарымды жариялайтын болады».
4 Екі хабаршы — «қос зәйтүн ағашы» және әлемнің Иесінің алдында тұрған «қос шам қойғыш».
5 Егер кейбіреу оларды жәбірлемек болса, онда ауыздарынан от-жалын шашып, жауларын жалмап қояды. Оларға зиянкестік жасағысы келгендер осылай құртылады.
6 Екеуі Құдайдың хабарын жариялаған кездерінде өз қалаулары бойынша жаңбыр жаумайтындай етіп аспанды жауып тастау, суды қанға айналдыру және жерді әр түрлі пәлелерге душар еткізу биліктері бар.
7 Екі хабаршы Мәсіхтің хабарын түгелдей жариялап болғаннан кейін, тұңғиықтан шыққан бір хайуан олармен соғысып, жеңіп шығып, өлтіреді.
8 Мұнан кейін олардың сүйектері «үлкен қаланың» көшесінде жатады. Екеуінің Иесі (Мәсіх) айқышқа шегеленіп, өлтірілген сол қаланы (яғни Иерусалимді) астарлап «Содом» және «Мысыр» деп те атайды.
9 Үш жарым күн бойы барлық халықтар, рулар, тілдер және ұлттардың адамдары екі хабаршының мәйіттеріне қарап, қабірге қоюға рұқсат бермейтін болады.
10 Олардың өліміне күнәкар дүниенің адамдары шаттанып, тойлап, бір-біріне сый-сыяпаттар жібереді. Себебі осы екі пайғамбар күнәкар адамзатқа азап әкелген болатын.
11 Бірақ үш жарым күн өткеннен кейін, Құдайдың өмір беретін демі олардың бойларына еніп, екеуі де орындарынан түрегелді. Оларды көргендердің бәрін зор үрей биледі.
12 Екі пайғамбар көктен өздеріне үн қатып: «Мұнда көтеріліңдер!» — деген дауысты естіді. Дұшпандары қарап тұрған кезде олар бұлтпен көкке көтеріліп кетті.
13 Дәл сол сәтте болған қатты жер сілкіністен қаланың оннан бір бөлігі талқандалып, жеті мың адам қырылды. Ал қалған халықты қатты қорқыныш билеп, олар көктің Иесі — Құдайдың даңқын мадақтады.
14 Екінші пәле аяқталды, енді үшіншісі жақындап келе жатты.
15 Жетінші періште кернейін тартқанда, көктен: «Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі! Ол мәңгілік билік жүргізетін болады!» — деген қатты дауыстар шықты.
16 Құдай тағының алдында өз тақтарында отырған жиырма төрт ақсақал жерге бас ұра жығылып, Құдайға тағзым етіп былай деді:
17 «Уа, бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым бар және мәңгі болып келген Құдай Ие! Сен ұлы құдіретіңді қолыңа алып, Патшалық құра бастадың, соған ризашылығымызды білдіреміз.
18 Саған мойынсұнбаған ұлттар ашу-ызаға кенелді. Алайда Сенің қаһарыңды шашып, о дүниеге аттанғандарды соттайтын уақытың келді. Енді Сен қызметшілеріңе: пайғамбарларың мен барлық халқыңа, Өзіңді құрметтейтін үлкен-кішінің бәріне де сыйыңды бересің. Ал жерді құртқандардың өздерін құртасың».
19 Сонда Құдайдың көктегі киелі үйі ашылып, ондағы Келісім сандығы көрінді. Найзағайлар жарқылдап, қатты дауыстар мен күн күркірі естіліп, жер сілкініп, бұршақ қатты жауды.