Аян
Тарау 14
Мұнан кейін қарасам, (Иерусалимдегі) Сион төбесінде тұрған Тоқтыны және Оның қасында маңдайларында Тоқтының және Оның Әкесінің аттары жазылған жүз қырық төрт мың адамды көрдім.
2 Сонда мен сарылдап аққан көп судың даусындай, күннің қатты күркіріндей, көктен шыққан бір дыбысты естідім. Ол жетігенде ойнаған күйшілердің әсем сазындай еді.
3 Тақ алдында және төрт нөкер мен ақсақалдардың алдында жаңа ән айтылды. Оны күнәларының құны өтеліп, күнәкар дүниеден азат етілген жүз қырық төрт мың адам ғана үйрене алды.
4 Олар Иемізге деген адалдықтарын бұзбай, өздерін пәк ұстаған еді. Тоқты қайда бармасын, олар Оған еріп жүреді. Бұлар — Құдайға және Тоқтыға бағышталған алғашқы сый-тарту. Олар адамзат арасынан төлемдері өтеліп, азат етілгендер еді;
5 ауыздарынан арам сөз шықпайтын, олар мінсіз.
6 Мұнан кейін мен аспанның биігінде ұшып бара жатқан ерекше бір періштені көрдім. Ол жер бетінде Құдайға мойынсұнбай тұратын әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа қарсы Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялады.
7 Сол ерекше періште қатты дауыспен: — Құдайды терең қастерлеп, даңқтаңдар, Оның ұлылығын дәріптеп мадақтаңдар! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып ғибадат етіңдер! — деп жар салды.
8 Екінші ерекше періште оған ілесіп мынаны хабарлады: — Ол құлады: Ұлы Бабыл қаласы құлады! Ол күллі халықтарға өзінің жынды қылатын «азғындығының шарабынан ішкізіп» келді! —
9 Алдыңғы екеуіне тағы үшінші ерекше періште еріп, қатты дауыспен мынаны жариялады: — Айуанға және оның мүсініне құлшылық етіп, өздерінің маңдайына не қолына оның таңбасын қабылдаған
10 бәрі де Құдайдың ашу-ызасының «шарабынан ішуге» тиісті болады! Осы «шарап» Құдайдың қаһарының «тостағанына» еш сумен араластырылмай таза күйінде құйылды. Сол адамдар Құдайдың қасиетті періштелері мен Тоқтының алдында сотталып, күкіртпен жанып тұрған отта азапталмақ.
11 Олардың азабының түтіні мәңгі шығып жатпақ. Айуанға және оның мүсініне табынып және айуанның есімінің таңбасын қабылдағандарға күні-түні тыным болмайды.
12 Мұнда Құдайдың халқы төзімділік көрсетсін! Олар Оның өсиеттерін орындап, Исаға деген сенімдерін берік ұстанулары керек.
13 Сол кезде мен көктен былай деген дауысты естідім: — Мынаны жаз: Бұдан былай Жаратқан Иемен тығыз байланыста болып қайтыс болғандар бақытты! — Киелі Рух соны бекітіп былай дейді: — Иә, олар өздерінің ауыр еңбегінен кейінгі демалыстың рақатын көрмек. Істеген игі істерінің жемісі олардан айырылмайды.
14 Содан соң қарасам, бір нұрлы бұлтты көрдім. Бұлттың үстінде адам баласына ұқсайтын Біреу отырды. Ол басына алтын тәж киіп, қолына өткір орақ ұстапты.
15 Мұнан кейін көктегі киелі үйден бір ерекше періште шығып, қатты дауыспен бұлттың үстінде отырған Билеушіге мынадай хабар жеткізді: «Орағыңды қолданып, егінді орып ала гөр. Жер бетіндегі егістік пісіп тұр, енді өнімді жинайтын уақыт болды».
16 Сонда бұлт үстінде отырған Билеуші жерге қарай орағын сілтеп қалғанда, жердегі өнім орыла кетті.
17 Көктегі киелі үйден тағы бір ерекше періште шықты. Ол да қолына өткір қол орақ ұстапты.
18 Сонда отқа өктемдік жүргізетін ерекше бір періште құрбандық үстелінің жанынан шыға келді. Ол өткір қол орағы бар періштеге қатты дауыспен: «Жердегі жүзім бұтасының шоқтарын өткір орағыңмен орып ал! Олар пісіп тұр», — деп айғайлады.
19 Періште қол орағын жерге сілтеп, жүзім бұтасының шоқтарын кесіп алып, жүзім шырынын сығып алатын үлкен шұңқырға салды. Бұл Құдайдың төгілетін зор қаһарын астарлап білдіреді.
20 Осылайша жүзім шоқтары қаланың сыртындағы сығу шұңқырында тапталды. Одан тереңдігі ат жалына жететін, ал ұзындығы үш жүз шақырымдай қан тасқыны ағып шықты.