2 Қорынттықтарга
Тарау 9
Шынында сендерге Құдайдың халқына көмектесу туралы жазып жатудың қажеті де жоқ.
2 Соған деген құлшыныстарыңды білемін ғой. Содан мен Ахая аймағында тұратын сендердің тіпті былтырдан бері көмектесуге әзір екендіктеріңді македониялықтарға айтып, мақтан тұтып келемін. Осы құлшыныстарың олардың көбіне де қозғау салған.
3 Ал енді өздеріңді мақтағаным бекер болмасын деп, бауырластарды жіберіп отырмын. Осылай өзім айтып кеткендей, іс жүзінде де көмектесуге даяр бола аласыңдар.
4 Олай етпеген күнде македониялықтар менімен бірге келіп, даяр еместеріңді көрсе, өздеріңді айтпай-ақ қояйын, біз қандай ұятқа қалар едік! Сендерді сондай нық сеніммен мақтап жүрдік қой.
5 Сондықтан да бауырластардан сендерге бізден бұрын баруларын сұрауды тиімді деп таптым. Олар өздерің уәде еткен жомарт тарту-таралғыларыңды алдын ала жинап, дайындаудың қамын ойластырмақ. Сонда сыйларың іштарлықпен лажсыздан берілген емес, кеңпейілділікпен жасалған игілік болады.
6 Бұл жайында: «Сараң сепкен сараң жинар, жомарт сепкен жомарт жинар» делінген ғой.
7 Әрқайсың жүректеріңнің шешіміне сай, еш ренішсіз, зорлықсыз барларыңмен бөлісіңдер! Құдай қуанышпен беретіндерді ұнатады.
8 Ал сендерді бүкіл игілікке молынан кенелтуге Құдайдың құдіреті жетеді! Сонда әрдайым, қандай жағдайда да қажеттеріңнің бәрімен қамтамасыз етіліп, әр қилы игі істерді молынан жасай аласыңдар.
9 «Ол мұқтаждарға мол көмек таратады, оның әділдігі мәңгіге ұласады» деп Забурда жазылған.
10 Егіншіге себуге тұқым, ашыққанға жеуге нан беретін Құдай сендерге «игіліктің тұқымын» ағыл-тегіл мол сыйлап, әділ істеріңнің өнімін молайта түспек.
11 Ондағы көздегені — сендердің әр жағдайда жомарттық жасай алатындай дәулетті болуларың, әрі біз арқылы жіберген көмектерің үшін көп адамдардың Құдайға шүкірлік етуі.
12 Өйткені атқарып жатқан қызметтерің Құдай халқының мұқтаждықтарын қамтамасыз етеді. Олар сонымен қатар бұл сенушілердің Жаратқан Иеге шексіз ризашылықтарын білдіріп шүкірлік етулеріне себепші болмақ.
13 Сендер осы қызметте игі ниеттеріңді дәлелдеп, өздерің мойындаған Мәсіхтің Ізгі хабарына мойынсұнып, солармен және басқалардың бәрімен жомарттықпен бөлісудесіңдер. Сондықтан олар Құдайды мадақтап,
14 Оның өздеріңе шексіз мол жаудырған рақымына риза болып, шынайы сүйіспеншілікпен сендер үшін дұға ететін болады.
15 Бізге берген баға жетпес сыйы үшін Құдайға лайым шүкірлік етейік!