2 Қорынттықтарга
Тарау 12
Түбі пайдалы болмаса да, мақтануым қажет; енді Иеміздің маған көрсеткен аяндары мен ашқан құпияларына тоқталайын.
2 Мәсіхпен тығыз байланыстағы біреуді танимын; оны он төрт жыл бұрын кенет «көктің ең биігіне» көтеріп әкетті. Оның рухы көкке апарылды, ал тәнінде ме, әлде тәнсіз бе, о жағы маған емес, Құдайға ғана аян.
3 Сол кісінің жұмаққа апарылғанын дәл білемін; тек оның тәнсіз, не тәнінде барғаны маған емес, жалғыз Құдайға ғана анық.
4 Сонда ол адам тілімен айтуға келмейтін, әрі басқаларға әңгімелеуге тыйым салынған сөздерді естіді.
5 Сол ғажап оқиғаны мақтан ете аламын. Ал жеке басым туралы жалғыз күшсіздігімнен өзге ештеңемен мақтанбаймын.
6 Дегенмен мақтанғым келген күнде де ақымақ болмас едім, өйткені нағыз шындықты айтамын. Алайда мен туралы аса жоғары пікірде болмауларың үшін содан бас тарттым. Одан да өзімнен көріп-естігендеріңе сай ғана мені бағалаңдар!
7 Өзіме ашылған құпиялардың төтенше ұлылығына байланысты кеуде көтермеуім үшін, тәніме «шаншылып түйрелу азабы» бұйырылды: шайтанның хабаршысы мені соғып қинайды. Бұл мені өркөкіректеніп кетуден сақтамақ.
8 Мен бұл азапты өзімнен аластатуын өтініп, үш рет Иемізге сиындым.
9 Бірақ Ол маған былай деді: «Менің рақымым саған жетер: күшсіз жағдайыңда Менің құдіретім толықтай іске аса алады». Сондықтан Мәсіхтің құдіретінің бойымда орнығуы үшін, күшсіздігіме қуана мақтанамын.
10 Сонымен, басымнан әлсіздік, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргін, қысымшылық өткізгенде Мәсіхке бола ризамын. Себебі өзім күшсіз болғанымда Ол арқылы күштімін.
11 Мақтанып ақымақтай көріндім, мені соған мәжбүр еттіңдер. Ал сендер мені мадақтауға тиісті едіңдер, өйткені сол бір «озат елшілермен» салыстырғанда ешқандай кемшілігім жоқ қой. Дегенмен жеке басым өздігінен түк те емес.
12 Құдайдың шынайы елшісі екенімді көрсететін белгілер, яғни ғажап кереметтер мен құдіретті істер, үлкен төзімділікпен көз алдарыңда орындалды.
13 Басқа қауымдарға қарағанда сендерге не жетіспейді, тек менің сендерге ауыртпалық түсірмегенім болмаса?! Мұнымды айыпқа бұйыра көрмеңдер.
14 Ендеше сендерге үшінші рет бармақшымын, бірақ ешқандай ауыртпалық түсірмеймін. Маған дүние-мүліктерің емес, өздерің қымбатсыңдар. Балалары ата-анасы үшін емес, ата-анасы балалары үшін енші жинауға тиіс қой.
15 Осылайша мен рухани игіліктеріңе бола қолымдағы барымды қуана жұмсап, өзімді де еш аямаймын. Сендерді неғұрлым артық көрген сайын мені анағұрлым аз сүйсеңдер де, солай істей беремін.
16 Қалай болған күнде де өздеріңе ауыртпалық түсірмедім. Дегенмен қу болғандықтан сендерден айлакерлікпен амалымды асырып кеттім (дейсіңдер ме)?
17 Не болмаса жіберген кісілерімнің біреуі арқылы өздеріңді пайдаландым ба?
18 Титтен сендерге баруын өтініп, онымен бірге бауырластардың біреуін жібердім. Тит те өздеріңді пайдаланған жоқ, солай емес пе? Екеуіміз бірдей рухпен әрекет жасап, бір жолмен келеміз ғой.
19 Өзімізді сендердің алдарыңда ақтауға тырысамыз деп әлі де ойлайсыңдар ма? Жоқ, біз Құдай алдында, Мәсіхпен тығыз байланыста тұрамыз. Істегендеріміздің бәрі де, сүйікті бауырластар, сенімдеріңнің нығаюына арналған.
20 Сендерге барған кезімде қалаған жағдайда болмайсыңдар ма деп қамығамын, онда мен де өздерің қалағандай бола алмаймын. Араларыңда айтыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жікке бөліну, жала жабу, өсек-аяң, менмендік және тәртіпсіздік жайылуы мүмкін деп уайымдаймын.
21 Сонда тағы барған кезімде Құдай мені сендерге бола ұялтпасын! Бұрын да күнә жасаған, әлі де жасап жүрген арамдықтан, неке адалдығын бұзушылық пен жүгенсіздіктерінен бас тартпаған талай адамдарың үшін көз жасымды төгіп қайғырып жүрмейін!