2 Қорынттықтарга

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13


Тарау 6

Құдаймен бірге еңбектенуші біз сендерден мынаны өтініп, ескертеміз: өздерің қабылдаған Құдайдың рақымы өмірлеріңде өнімсіз болмасын.
2 Себебі Ол мынадай сөздерді айтқан: Мен мейірім көрсететін кезімде саған құлақ салдым, халқымды құтқаратын күнім келгенде сені қамқорладым. Тыңдаңдар: Оның мейірім көрсететін кезі осы, құтқаратын күні, міне, бүгін!
3 Қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз.
4 Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтылып, зор шыдамдылықпен азаптар, ауыртпалықтар және қиын-қыстау жағдайларды басымыздан өткіземіз.
5 Біз ұрып-соғылып, түрмеге қамалып, қуғындалғанда, сондай-ақ, ауыр еңбек етіп, ұйқысыз түндер мен аш күндерді бастан кешкенде
6 таза жүреміз. Түсінігіміз, төзімділігіміз және ақпейілділігімізбен бойымыздағы Киелі Рух арқылы адал сүйіспеншілік танытамыз;
7 шындықтың хабарын уағыздап, Құдайдың құдіретін көрсетеміз. Осылай Оның қызметшілері екенімізді паш етеміз. Екі қолымызда ұстанған «қаруымыз» — әділдік.
8 Бізді не құрметтеп, не қараласа да, не сөгіп, не мадақтаса да, не өтірікшілер десе де, бәрібір адалмыз.
9 Танымал болмасақ та, бізді таниды. Өлгендер деп санаса да, міне, тіріміз. Бізді жазаласа да, өлген жоқпыз.
10 Бізді ренжітеді, бірақ әрдайым қуаныштымыз. Кедей болсақ та, көптеген адамдарды байытамыз. Ештеңеміз жоқ болғанмен, бәріне де иеміз.
11 Қымбатты қорынттықтар, сендермен ашық сөйлестік, жүректеріміз де айқара ашық.
12 Өздеріңе деген пейіліміз кең болғанмен, сендер бізге жүректеріңнен аз-ақ орын бердіңдер.
13 Мен сендермен балаларымен сөйлескен әкедей сөйлесемін: енді өздерің де бізге пейілдеріңді кең жайсаңдаршы!
14 Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүріп, жаман ниеттеріне ортақтаспаңдар! Себебі әділдік пен заңсыздық арасында ортақ не бар? Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?
15 Мәсіх пен белияр (шайтан) арасында ынтымақ бола ала ма? Мәсіхке сенуші мен сенбейтіннің арасында ортақ не бар?
16 Құдайдың киелі үйі мен жалған тәңірлер арасында қандай келісімнің болуы мүмкін? Себебі біздер мәңгі тірі Құдайдың «киелі үйіміз». Құдайдың Өзі мынадай сөздер айтқан: «Мен орталарында тұрып, араларында жүретін боламын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады».
17 Жаратқан Ие мынаны айтады: Сондықтан олардың арасынан шығыңдар! Олардан бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар! Сонда Мен сендерді қабылдаймын.
18 Мен сендерге Әке боламын, ал сендер рухани ұл-қыздарым боласыңдар дейді Әлемнің Билеушісі — Жаратқан Ие.