2 Қорынттықтарга

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13


Тарау 10

«Қасымызда жүргенде момын, ал алыста жүргенде батыл» деп келекеленген мен — Пауыл Мәсіхтің ілтипаттылығы мен төзімділігін естеріңе сала отырып мынаны өтініп сұраймын:
2 сендерге барған кезімде қатаң батылдықты қолдануға мені мәжбүр етпеңдер! Соны бізді күнәкарлар сияқты іс-әрекет жасайды деп ойлайтын кейбіреулеріңе қарсы қолданатын ниетім бар.
3 Біз осы күнәкар дүниеде өмір сүргенмен, оның салты бойынша күреспейміз:
4 қолданып жүрген қаруларымыз осы дүниелік емес, оларда Құдайдың құдіреті бар. Солармен жау бекіністерін талқандаймыз; оның дәлелдемелерінің қате екенін әшкерелеп,
5 адамдардың Құдайды тануларына бөгет болатын тәкаппарлық атаулыны құртып, күллі ой-пікірлерін Мәсіхке бағындырамыз.
6 Осылай өздерің Оған толық мойынсұнғаннан кейін (араларыңдағы қиқарлардың) бүкіл бағынбаушылықтарын жазалауға дайын боламыз.
7 Сендер тек жайттың сыртқы көрінісіне ғана назар аударып келесіңдер. Өзін Мәсіхтікімін деп иланған әркім қайтадан ойлансын: ол сияқты біз де Мәсіхтікіміз.
8 Иеміз бізге сендерге зиян келтіру үшін емес, сенімдеріңді нығайту үшін билік берген болатын. Сол билігіммен емін-еркін мақтансам да, ұятқа қалмас едім.
9 Бірақ сендерді хаттарыммен қорқытқым келмейді, солай болып көрінбесін!
10 Кейбіреулерің мені «хаттары қатаң да күшті, ал жүзбе-жүз кездескенде өзі де әлсіз, сөзі де мәнсіз» дейді екенсіңдер.
11 Ондайлар біздің сендерге алыстан хатта жазғандарымыз бен қастарыңда жүргенде істейтіндеріміздің бірдей болатынын білсін!
12 Сондай мақтаншақтармен өзімізді теңестіруге не салыстыруға біздің дәтіміз, әрине, бармайды: олар өздерін өзіндік үлгілерімен бағалап, өздерін өздерімен ғана салыстырады. Қандай ақымақтық!
13 Ал біз шексіз мақтанбаймыз. Керісінше, өзімізге Құдай белгілеген қызмет ауқымында қаламыз. Бұл сендерді де қамтиды,
14 сондықтан да өз ауқымымыздың шегінен тыс шықпаймыз. Егерде сендерге бұрын еш бармаған болсақ, солай болар еді. Алайда Мәсіхтің Ізгі хабарын сендерге алғаш рет біз жеткіздік емес пе?!
15 Сонымен басқалардың еңбектерімен мақтанатындай тиімсіз іс жасамаймыз. Қайта, сендердің сенімдеріңнің өсуі арқылы араларыңдағы қызмет ауқымымыз әлі де молынан кеңейе түседі деп күтеміз.
16 Осылай біз Ізгі хабарды сендерден тыс, өзге жерлерде де уағыздай алып, басқаның ауқымында атқарылған дайын істер үшін мақтанбайтын боламыз.
17 «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» деп Пайғамбарлар жазбаларында айтылған ғой.
18 Ендеше өзін-өзі мақтаған емес, тек Иеміз мақтаған ғана шынымен қадірленуге лайық.