Елшілердің істері

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 6

Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің саны өсіп келе жатқан осы күндері грекше сөйлейтін шетелдік яһудилер еврейше сөйлейтін жергіліктілермен ренжісіп қалды. Себебі күнделікті тамақпен қамтамасыз еткен кезде шетелдіктердің жесірлері ескерілмей қалып жүрген еді.
2 Сонда он екі елші шәкірттердің бәрін жинап алып, оларға былай деді: «Егер біз Құдайдың сөзін уағыздау қызметіне салғырт қарап, дастарқан қамын ойласақ, бұл дұрыс болмас.
3 Бауырластар, сондықтан орталарыңнан абыройлы әрі Киелі Рух пен даналыққа бөленген жеті ер адамды таңдап алыңдар! Оларға осы міндетті жүктемекпіз.
4 Ал біз Құдайға сиынып, Оның сөзін уағыздап, тәлім беру қызметімізді жалғастыра берейік».
5 Бұл ұсыныс бүкіл қауымнан қолдау тапты. Олар Құдайға жан-тәнімен сенетін, Оның Киелі Рухына бөленген Степан есімді кісіні, сонымен қатар Філіп, Прохор, Нықанор, Тимон, Пәрмен және Нықоланы таңдап алды; Нықола Антақиядан келген, яһуди дініне кірген жат ұлттық болатын.
6 Оларды елшілердің алдына алып келді де, Құдайға сиынып, үстеріне қолдарын қойып баталарын берді.
7 Осылай Құдайдың сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің саны көбейе берді. Діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да Мәсіхке мойынсұнып, сене бастады.
8 Құдайдың рақымы мен құдіретіне кенелген Степан халық арасында ұлы кереметтер жасап жүрді.
9 Алайда «Құлдықтан босатылғандардың» мәжілісханасының кейбір мүшелері Күрене, Ескендірия, Кіликия және Азия өлкелерінен келген яһудилермен бірігіп алып, Степанға қарсы шығып, айтыса бастады.
10 Бірақ олар оның даналығына қарсы еш нәрсе істей алмады, себебі Степан Киелі Рухқа сүйеніп сөйлейтін.
11 Сонда олар кейбір адамдарды жасырын көндіріп: «Біз оның Мұса пайғамбарға және Құдайдың Өзіне тіл тигізіп қорлық сөз айтқанын естідік», — деп оған өтірік жала жапқызды.
12 Осылай олар халықты, басшыларды және дін мұғалімдерін еліртіп қойып, Степанға тап берді; оны ұстап алып, Жоғарғы кеңестің алдына айдап апарды.
13 Сол жерде жалған куәгерлерді алға шығарды, олар Степанға айып тағып былай деді: — Мына кісі үнемі осы киелі үй мен Таурат заңына тіл тигізіп жүр!
14 Біз оның былай дегенін естідік: «Назареттік Иса осы орынды жойып, Мұса тапсырған дәстүрлерді өзгертеді!»
15 Жоғарғы кеңесте отырғандардың бәрі Степанға көз тігіп қарап отырғанда, оның бет-жүзінің періштенікіне ұқсас екенін көрді.