Елшілердің істері
Тарау 18
Бұдан кейін Пауыл Афинадан шығып, Қорынт қаласына бет алды.
2 Сол жерде ол Ақила есімді понттық яһудиге тап болды. Ол әйелі Прискиламен жақында Италиядан келген екен. Себебі Клауди патша барлық яһудилердің Рим қаласынан кетуін бұйырған еді. Пауыл ерлі-зайыпты екеуімен кездесуге барды.
3 Олар әріптес болғандықтан, бірге тұрып, бірге жұмыс істеді. Ортақ кәсіптері шатыр жасау еді.
4 Әр сенбі сайын Пауыл мәжілісханадағы жамағатпен сөйлесіп, яһудилер мен гректерді Ізгі хабарға сендіруге ұмтылды.
5 Македониядан Сыйлас пен Тімоте келген соң, Пауыл өзін түгелдей уағыз жұмысына арнап, яһудилерге Исаның Құтқарушы Мәсіх екеніне куәлік келтірумен болды.
6 Ал яһудилер оған қарсы шығып, тіл тигізгеннен кейін, Пауыл үстіндегі киімдерінің шаң-тозаңын қағып тастап, оларға былай деді: «Қандарың өз мойындарыңда! Менің ар-ұжданым таза! Қазірден бастап басқа ұлттарға барамын».
7 Пауыл осыны айтты да, мәжілісханадан шығып, соған көршілес тұрған Тит Иусттың үйіне барды. Тит Иуст Құдайды қастерлейтін басқа ұлттық адам еді.
8 Мәжілісхана басшысы Кірісп және оның бүкіл үй іші Иемізге сенді. Пауылдың уағызын тыңдаған көптеген басқа қорынттықтар да сенімді қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтті.
9 Бір түні Иеміз Пауылға аян беріп: «Қорықпа! Үнсіз қалмай айта бер!
10 Мен саған жар боламын. Ешкім де саған бас салып зиян келтіре алмайды, өйткені бұл қалада Менің халқым көп», — деді.
11 Сондықтан Пауыл бір жарым жыл сол жерде қалып, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздап жүрді.
12 Ал Галлио Ахая өлкесінің әміршісі болғанда, діндар яһудилер бәрі бір адамдай Пауылға қарсы шықты. Оны сот алдына алып барды да:
13 — Мына кісі адамдарды заңға қайшы жолмен Құдайға құлшылық етуге үгіттеп жүр, — деп айыптады.
14 Пауыл енді сөйлейін дегенде, Галлио яһудилерге қарап былай деді: — Ей, яһудилер, егер оны белгілі бір қылмыс жасап, зұлымдық істеді деп айыптасаңдар, шағымдарыңа құлақ асар едім.
15 Ал бұл жерде бір ілім, атақтар және өз заңдарың туралы айтыс болып жатқандықтан, оны өздерің қараңдар! Мұндай мәселеге мен төрелік еткім келмейді.
16 Осымен Галлио оларды соттан қуып жіберді.
17 Сонда (гректердің) бәрі мәжілісхана басшысы Состенді ұстап алып, сот алдында сабап тастады. Ал Галлио бұған көңіл де бөлген жоқ.
18 Пауыл тағы едәуір күн Қорынтта аялдағаннан кейін бауырластарымен қоштасып, (жақын маңдағы) Кеніхрея қаласына барды. Сонда ол Құдай алдында ант бергендіктен шашын алғызып тастады. Мұнан кейін Прискила мен Ақиланы ертіп кемемен Сирияға қарай жүріп кетті.
19 Олар Ефеске жеткенде, Пауыл Прискила мен Ақиланы сол қалаға қалдырып кетті. Өзі мәжілісханаға барып, яһудилермен сөйлесті.
20 Олар Пауылдың осында ұзағырақ болуын өтінді, бірақ ол бұған келіспей:
21 «(Алдағы мейрамды қалайда Иерусалимде өткізуім керек. Ал) Құдай қаласа, сендерге кейінірек қайтып келемін», — деді. Осылай Пауыл олармен қоштасып, кемемен Ефестен жүріп кетті.
22 Кесарияға жеткен соң, ол (Иерусалимге) өрлеп барды. Сонда қауымдағылармен сәлемдесті, содан (Сириядағы) Антақияға қарай бағыт алды.
23 Бұл қалада біраз болып, тағы да жолға шықты; Ғалатия мен Фрүгия аймақтарын аралап, Иеміздің жолын қуушы шәкірттерінің бәрін жігерлендіріп, сенімдерін нығайтты.
24 Сол екі арада Ефеске Аполлос есімді ескендіриялық яһуди келді. Ол Киелі жазбалардан молынан хабардар, сөзге шебер, парасатты кісі болатын.
25 Иеміздің жолы туралы негізгі тәлім алған Аполлос Жақияның шомылдыру рәсімін ғана білсе де, Иеміз Иса туралы қызу сөйлеп, ұқыпты үйрететін.
26 Аполлос мәжілісханада батыл сөйлей бастады. Оны тыңдаған Прискила мен Ақила үйіне шақырып, оған Құдайдың ізгі жолын толығырақ түсіндіріп берді.
27 Аполлос Ахаяға бармақшы болғанда, бауырластарымыз оны қолдап жігерлендірді. Олар сол аймақтағы Мәсіхтің шәкірттеріне арнап сәлемхат жазып, оны жылы қабылдауларын өтінді. Аполлос Ахаяға жеткен соң Тәңір Иенің рақымымен Ізгі хабарға сенгендерге зор көмек көрсетті.
28 Себебі ол ашық айтыстарда Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін Киелі жазбаларға сүйене отыра дәлелдеп, сенбейтін яһудилердің ой-пікірлерінің дұрыс еместігін әшкереледі.