Елшілердің істері

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 13

Антақиядағы сенушілер қауымында бірнеше пайғамбарлар мен тәлім берушілер бар еді: Барнаба, Қара деп аталған Шимон, Күренеден шыққан Лұси, аймақ әкімі Ирод Антипаспен бірге тәрбиеленген Манаин және Саул.
2 Олар Иемізге ғибадат етіп, ораза тұтып отырғанда Киелі Рух: «Мен арнайы шақырған іске Барнаба мен Саулды Өзіме бағыштап шығарып беріңдер!» — деді.
3 Сонда олар ораза тұтып мінажат етіп, екеуінің үстеріне қолдарын қойып баталарын берді де, жолға шығарып салды.
4 Осылайша Киелі Рух жіберген екі елші Селеуки қаласына барып, сол жерден кемеге отырып, Кипр аралына жүріп кетті.
5 Сондағы Салами қаласына жеткен соң, олар яһуди мәжілісханаларына барып, Құдайдың сөзін уағыздады. Жохан (Марқа) бірге болып, оларға көмектесіп жүрді.
6 Бүкіл аралды аралай отырып, Паф қаласына келген олар Бар-Ешуа есімді яһудиге кездесті. Сол адам сиқыршы әрі жалған пайғамбар болатын,
7 әрі Серги Пауыл есімді арал әміршісімен дос болып жүрді. Әмірші ақылды кісі екен, ол Құдайдың сөзін естігісі келіп, Барнаба мен Саулды өзіне шақырды.
8 Бірақ әлгі сиқыршы Елүма — грек тілінде оның аты солай — оларға қарсы шығып, әміршінің Құдайдың сөзіне сенуін теріске шығаруға тырысты.
9 Сонда Пауыл деп те аталатын Саул Киелі Рухқа кенеліп, сиқыршының бетіне қадала қарап тұрып, былай деді:
10 «Ей, әзәзіл шайтанның баласы, барлық әділдіктің жауы! Сенің ішің әр түрлі өтірік пен зұлымдыққа толы. Жаратқан Иенің тура жолын теріске шығаруды қоясың ба, жоқ па?
11 Енді, міне, Иеміз саған құдіретті қолын созып, сен соқыр болып, бірталай уақыт күн сәулесін көрмей қаласың!» Сол сәтте сиқыршыны қалың тұман мен қара түнек басты. Ол қолының ұстап жетектейтін адам іздеп, сипаланды да қалды.
12 Мұны көрген әмірші Иеміз туралы ілімге таңғалып, Оған сенді.
13 Пауыл мен оның сапарластары Пафта кемеге мініп, Памфүлия аймағындағы Перге қаласына барды. Жохан (Марқа) олардан сол жерде айырылысып, Иерусалимге қайтып кетті.
14 Ал екі елші Пергеден әрі кетіп, Пісидия аймағындағы Антақияға жетті. Демалыс күні олар яһуди мәжілісханасына кіріп, жайғасып отырды.
15 Таураттан және Пайғамбарлар жазбаларынан үзінділер оқылған соң, мәжілісхана басшылары оларға: — Бауырластар, егер сендердің жамағатқа жігер беретін сөздерің болса, айта беріңдер! — деді.
16 Сонда Пауыл орнынан тұрды да, қолымен тыныштыққа шақырып, сөйлеп кетті: — Уа, исраилдіктер және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар, құлақ түрсеңдер екен.
17 Біздің Исраил халқымыз сиынатын Құдай ежелде ата-бабаларымызды таңдап алған. Халқымыздың Мысырда жат жерлік болған кезінде Ол оның күші мен санын көбейтті, соңында Өзінің керемет құдіретімен оларды сол елден алып шықты.
18 Қырық жылдай уақыт бойы Құдай айдалада көшіп-қонып жүрген оларға шыдамдылық көрсетіп, қамқорлық жасаумен болды.
19 Содан соң Ол Қанахан елінде жеті ұлтты жоқ қылып, Өзінің таңдап алған халқына солардың жерін меншікке үлестіріп берді.
20 Мұнан кейін, Самуил пайғамбар келгенше, Құдай оларға төрт жүз елу жыл бойы билерді жіберіп отырды.
21 Халық өздерінде патша болуын сұрағанда, Құдай оларға қырық жылға Бунямин руынан шыққан Қиш ұлы Саул деген жігітті берді.
22 Кейін оны тақтан түсіріп, халыққа Дәуіт пайғамбарды патшалыққа тағайындады. Құдай ол туралы мына тәрізді сөздер айтты: Мен көңілімнен шыққан адамды тауып алдым, ол — Есей ұлы Дәуіт. Сол Менің қалағанымның бәрін орындайтын болады.
23 Құдай Дәуітке уәде еткендей, оның әулетінен Исраил халқы үшін Құтқарушы ретінде Исаны шығарды.
24 Иса келместен бұрын, Жақия пайғамбар Исраил халқына: «Теріс жолдан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтіңдер!» — деп уағыз айтып жүрген еді.
25 Өз қызметінің соңғы кезінде Жақия пайғамбар: «Сендер мені кім деп ойлайсыңдар? Мен Ол емеспін! Қараңдар, Ол менен кейін келе жатыр. Бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын», — дейтін.
26 Уа, бауырластар, Ыбырайым атаның әулетінен тарағандар және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар, Құтқарылу туралы хабар бізге жіберілді!
27 Иерусалимнің тұрғындары және олардың басшылары Исаны танымай, соттады. Сол ісі арқылы олар пайғамбарлардың алдын ала айтып кеткен әрі біз әр демалыс сайын оқып жүрген сөздерін жүзеге асырды.
28 Иерусалимнің халқы мен басшылары Исадан өлім жазасын тартқызатындай кінә таба алмағанмен, Пилаттан Оны өлтіруді талап етіп, дегендерін орындатты.
29 Иса туралы Киелі жазбаларда айтылғанның бәрі жүзеге асқаннан кейін, Оның мәйіті айқыштан түсіріліп, қабірге қойылды.
30 Алайда Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды!
31 Бұдан кейін Иса Өзіне Ғалилеядан Иерусалимге еріп келген кісілерге көп күн бойы көрініп жүрді. Қазір олар халық алдында Оның куәлары болып жүр.
32 Біз екеуіміз сендерге осы Ізгі хабарды уағыздаймыз: Құдай ата-бабаларымызға берген уәдесін
33 солардың ұрпақтары — біз үшін Исаны өлімнен қайта тірілту арқылы орындады. Забурдың екінші жырында былай деп жазылған: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған».
34 Құдай Исаны өлімнен тірілтіп, Оның денесін еш уақытта шірітпейтін болады. Бұны Оған мына тәрізді сөздермен алдын ала білдірген болатын: «Мен кезінде Дәуітке уәде еткен қасиетті де берік рақымымды өздеріңе көрсетпекпін»
35 Өйткені Дәуіт Забурдың басқа жырында Құдайға арнап былай деп жазған: «Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің».
36 (Ал Дәуіттің осы сөздері өзі туралы емес еді.) Себебі Дәуіт кезінде Құдайдың еркі бойынша халқына қызмет еткен соң дүниеден өтіп, ата-бабаларының қасына қойылып, денесі шіріп кетті.
37 Алайда Дәуіт айтып тұрған «Қасиетті Адамды» Құдай өлімнен қайта тірілтіп алғандықтан, Оның денесі шіріген емес.
38 Сондықтан, бауырластар, мынаны біліп алыңдар: біз сендерге Құдай күнәларыңды осы Адамның құрбандығы арқылы кешіретінін хабарлаймыз.
39 Мұса қалдырған Таурат заңын орындасаңдар да, күнәларыңнан шынайы ақтала алмадыңдар. Ал енді Исаға сенген әркім бар күнәларынан Исаның құрбан болғандығы арқылы ақталады.
40 Сонымен байқаңдар, Пайғамбарлар жазбаларындағы мына тәрізді сөздер бастарыңа келмесін:
41 Назар аударыңдар, Құдайдың айтқанын менсінбейтіндер, таңғалыңдар да ғайып болыңдар! Себебі көздерің тірі тұрғанда Мен бір істі жүзеге асырмақпын. Оны біреу алдын ала айтып берсе де, сендер сенбес едіңдер.
42 Пауыл мен Барнаба мәжілісханадан шығарда, жамағат олардан келесі демалыс күні осы тақырып туралы тағы да айтып берулерін өтінді.
43 Жиналыс тарап кеткен соң, көптеген яһудилер және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар Пауыл мен Барнабаға еріп жүрді. Бұл екеуі олармен сөйлесіп, Құдайдың рақымына сүйене берулерін мықтап ескертті.
44 Келесі демалыс күні Иеміз туралы Ізгі хабарды тыңдау үшін қала халқының бәрі дерлік жиналды.
45 Яһудилер осынша көп адамдарды көргенде, қызғанып кетіп, Пауылдың айтқандарына қарсы сөйлеп, оған тіл тигізді.
46 Сонда Пауыл мен Барнаба оларға батыл сөйлеп былай деді: — Құдайдың Ізгі хабарын алдымен сендерге уағыздауымыз керек еді. Алайда оны қабылдамай, өздеріңді мәңгілік өмірге лайықты санамайтын болсаңдар, онда басқа ұлттарға бет бұрамыз!
47 Себебі Жаратқан Ие бізге мынадай әмір берді: Сені басқа ұлттар үшін де жарық нұр болуға белгіледім. Сонда жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Мен дайындаған құтқарылу жолын жария етесің!
48 Басқа ұлттардың адамдары мұны естігенде қуанып, Иеміз туралы Ізгі хабарды мадақтай бастады. Мәңгілік өмірге ие болады деп Құдай белгілеп қойғандар Мәсіхке сеніп, Оның жолына түсті.
49 Осылай Иеміздің Ізгі хабары сол аймаққа түгел тарады.
50 Бірақ яһудилер басқа ұлттардың Құдайды қастерлейтін беделді әйелдері мен қала басшыларын Пауыл мен Барнабаға қарсы арандатып қойды. Олар екі елшіні қудалап, сол өңірден қуды.
51 Содан елшілер оларға қарсы куәлік ретінде аяқтарының шаң-тозаңын қағып тастап, Қония қаласына жүріп кетті.
52 Ал Антақияда Мәсіхтің жолына түсіп, Оның шәкірттері болғандар қуанышқа және Киелі Рухқа кенелді.