Елшілердің істері

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 24

Бес күннен кейін бас діни қызметкер Анани бірнеше рубасылармен және Тертулла есімді сөзге шешен заң қызметкерімен бірге Пауылды әміршінің алдында айыптау үшін Кесарияға келді.
2 Пауыл ішке шақырылғаннан кейін, Тертулла оған қарсы айыптау сөзін былай деп бастады:
3 — Уа, жоғары мәртебелі әмірші Феликс! Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында біздің ел бейбіт өмір сүріп, халқымыздың тұрмысы жақсара түсуде. Мұны әрқашан да және барлық жерде алғыс айта отырып мойындаймыз.
4 Ал уақытыңызды босқа алмайын. Бізге мейірімділік көрсетіп, біразырақ уақыт сөзіме құлақ түруіңізді өтінемін.
5 Біз мына кісіні індеттей қауіпті, дүние жүзіндегі яһудилердің ішінде бүлік бастаушы әрі «Назареттіктер» деген діни бағыттың жетекшісі деп таптық.
6 Ол тіпті ғибадатхананы арамдауға ұмтылған кезде оны ұстап алдық, (өз заңымыз бойынша соттамақ болдық.
7 Бірақ мыңбасы Лүси оны үлкен зорлықпен қолымыздан тартып алып, өзіңізге жолдады да,
8 айыптаушыларына сізге баруға бұйырды.) Тергеген кезде не үшін кінәлайтынымызды сіз оның өз аузынан естисіз.
9 Яһуди басшылары да мұнымен келісіп, айыптауға қосылып, айтылғанның бәрін растады.
10 Әміршінің берген белгісі бойынша, Пауыл жауап беріп былай деді: — Сіздің көп жылдан бері осы елде сот екеніңізді білгендіктен, өзімді алдыңызда ақтай алатыныма қуанамын.
11 Осыдан он екі күн бұрын ғибадат ету үшін Иерусалимге келгеніме өзіңіз көз жеткізе аласыз.
12 Не ғибадатханада, не мәжілісханаларда, не қалада ешкім менің біреумен айтысып тұрғанымды, я болмаса, ел ішіне іріткі салып жүргенімді көрген емес.
13 Айыптаушылар маған қазір таққан кінәларын еш дәлелдей алмайды.
14 Бірақ мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар діни бағыт деп атаған жол бойынша қызмет етіп, Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәріне де сенетінімді мойындаймын.
15 Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын.
16 Сондықтан әрдайым Құдай алдында да, адам алдында да ар-ұжданымның таза болуы үшін ұмтылып келемін.
17 Осы жолы Иерусалимге халқым үшін қайыр-садақа беріп, Құдайға құрбандық шалу мақсатымен, араға ұзақ жыл салып, келдім.
18 Ғибадатханада тазару рәсімінен өтіп жатқан кезімде қасыма жиналған халық та, айғай-шу да болған жоқ.
19 Ал Азия аймағынан келген бірнеше яһудилер сонда болды. Олардың маған тағатын айыбы болса, онда осы жерге сіздің алдыңызға келіп, мені айыптаулары керек еді.
20 Я болмаса, мұнда отырған кісілер Жоғарғы кеңестің алдында айыпкер ретінде тұрғанымда менен қандай кінә тапқандарын айтсын.
21 Мүмкін, менің кінәм сол жерде болғанда: «Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін бүгін алдарыңызда сотталып жатырмын!» деп дауыстап айтқан сөзім болар.
22 Иеміздің жолы туралы жақсы білетін Феликс істің қаралуын басқа күнге ауыстырып: «Мәселелеріңді мыңбасы Лүси келгенде шешемін», — деді.
23 Содан соң ол жүзбасына: «Пауылды қамап ұста, бірақ көбірек еркіндік бер! Жақындарының келіп, қамқорлық жасап тұруларына тыйым салма!» — деп бұйырды.
24 Бірнеше күннен кейін Феликс Друзилла есімді яһуди әйелімен қайтып келді де, Пауылды шақыртып алып, Мәсіх Исаға сену туралы айтқандарын тыңдады.
25 Бірақ Пауыл әділдік, ұстамдылық және болашақ қиямет соты туралы айта бастағанда, Феликс үрейленіп: «Енді бара бер, реті келгенде, сені тағы шақыртып аламын», — деді.
26 Ол өзін босату үшін пара берер ме деп үміттеніп, Пауылды жиі-жиі алдыртып, сөйлесіп отырды.
27 Екі жылдан кейін әмірші Феликсті Порси Фест ауыстырды. Яһудилерге жағынғысы келген Феликс Пауылды түрмеден шығармай кетті.