Жохан

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21


Тарау 2

Екі күннен кейін Ғалилея аймағының Қана қаласында бір үйлену тойы болды. Исаның шешесі сонда еді,
2 Иса да шәкірттерімен бірге шақырылды.
3 Шарап таусылып қалып, Исаның шешесі Оған: — Олардың шарабы қалмады, — деді.
4 Иса: — Апа, Маған оны не үшін айтасыз? (Керемет жасау үшін көктегі Әкем белгілеген) уақытым әлі келген жоқ, — деп жауап берді.
5 Дегенмен шешесі қызметшілерге: «Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп тапсырды.
6 Сол жерде яһудилердің дәстүрі бойынша діни тазару салтына арналған, ішіне он шелектей су сыятын алты тас күбі тұр еді.
7 Иса қызметшілерге: «Күбілерді суға толтырыңдар!» — деген тапсырма берді. Олар күбілерді суға ернеулете толтырды.
8 «Аздап алып, асабаға апарыңдар!» — деді Иса. Олар апарып беріп,
9 асаба шарапқа айналған әлгі суды татып көрді. Бірақ асаба оның қайдан екенін білген жоқ, мұны тек суды шөміштеп алған қызметшілер ғана білетін. Асаба таңғалды да, күйеу жігітті шақыртып алып:
10 «Әркім алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрін береді. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың!» — деді.
11 Осылай Иса кереметтерінің алғашқысын Ғалилеядағы Қана қаласында жасап, Өзінің ұлылығын көрсетті. Содан шәкірттері Оған сенді.
12 Мұнан кейін Иса шешесі, інілері және шәкірттерімен бірге Қапарнаумға барып, сол қалада бірнеше күн тұрды.
13 Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындағанда, Иса Иерусалим қаласына өрлеп барды.
14 Ғибадатхана алаңында Ол (құрбандыққа шалынатын) бұқа, қой, көгершін сатушыларға және шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті ақшаға) айырбастаушыларға назар салды.
15 Сосын Иса арқаннан қамшы өріп алып, сатушылардың бәрін қой, бұқаларымен бірге ғибадатхана ауласынан қуып шықты. Айырбастаушылардың ақшаларын шашып, үстелдерін аударып тастады.
16 Иса көгершін сатушыларға бұрылып: — Мыналарыңды бұл арадан алып кетіңдер! Көктегі Әкемнің киелі үйін базарға айналдырмаңдар! — деп бұйырды.
17 Сонда «Киелі үйіңнің қамын жеп, азапқа түсем» деп (Забурда алдын ала) жазылған сөздер шәкірттерінің естеріне түсті.
18 Ал яһуди басшылары Оған: — Осыны істеуге қақыңның барын қандай кереметпен дәлелдемексің? — деген сұрақ қойды.
19 Иса оларға: — Мына киелі үйді бұзыңдар, Мен оны үш күнде қайта тұрғызамын, — деп жауап қатты.
20 Яһудилер: — Бұл киелі үй қырық алты жыл бойы салынды. Ал Сен оны үш күннің ішінде қайта тұрғызбақшымысың? — деді.
21 Бірақ Иса «киелі үй» дегенде Өзінің денесі туралы айтқан еді.
22 Сондықтан Иса өлімнен қайта тірілген кезде шәкірттері Оның осылай дегенін естеріне түсіріп, Киелі кітапта жазылған және Исаның Өзі айтқан пайғамбарлық сөздерге сенді.
23 Құтқарылу мейрамы кезінде Иса Иерусалимде болғанда, Оның жасаған кереметтерін көрген көптеген адамдар Оған сенді.
24 Алайда бәрінің ойы мен ниеті құбылмалы екенін біліп, Иса оларға сене қоймады.
25 Ол адам баласының көңіліндегісін толық білгендіктен, біреудің Өзіне ол туралы мәлімет беруін қажет етпеді.