Жохан

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21


Тарау 16

Сендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым.
2 Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртқан әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады.
3 Олар мұны не Әкені, не Мені танымағандықтан істейді.
4 Бұларды айтқандағы мақсатым — сендердің бастарыңа сондай күн туғанда Менің оны алдын ала айтып кеткенімді естеріңе алып, жігерленулерің. Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой.
5 Енді Мен Өзімді Жібергенге қайтып кетемін. Ал бірде-біреуің Менен: «Қайда барасыз?» — деп сұрамайсыңдар.
6 Қайта, Менің айтқандарымнан көңілдерің жабырқап, мұңайып тұрсыңдар.
7 Сендерге шындығын айтайын: Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін.
8 Құдай Рухы келген соң, Ол осы дүниенің күнәсінің, Менің әділдігімнің және Құдайдың сотының қандай екендігіне адамдардың көздерін жеткізеді:
9 олардың күнәсі — Маған сенбейтіндіктері;
10 әділдігімнің дәлелі — Менің Әкеге баратыным және сендердің бұдан былай Мені көрмейтіндіктерің;
11 ал сот — осы күнәкар дүниенің әміршісінің (яғни әзәзіл шайтанның) сотталғандығы.
12 Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас.
13 Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді. Себебі Ол Өзінен шыққан сөзді емес, көктегі Әкемнен естігенін айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды.
14 Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек.
15 Әкемдегінің бәрі Менікі де. Сондықтан да «Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек» дедім.
16 — Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер, — деді Иса.
17 Сонда кейбір шәкірттері өзара сөйлесіп: — Ол бізге «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» дегенде не айтқысы келеді? Әрі «Мен Әкеме барамын» дегені нені білдіреді?
18 Және «біраз уақыт» деп нені меңзейді? Біз Оның не туралы айтып тұрғанын түсінбейміз, — десті.
19 Иса олардың осы туралы Өзінен сұрағылары келгенін біліп, былай деді: — «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» деп айтқаным туралы бір-біріңнен сұрасып жатырсыңдар ма?
20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтатын боласыңдар, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналатын болады.
21 Әйел босанатын кезде қайғырады, себебі оның қиналатын уақыты жетті. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келді деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетеді.
22 Сендер де қазір солай қайғылысыңдар. Бірақ Мен сендерді қайта көремін, сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды.
23 Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді.
24 Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер.
25 Осыларды Мен сендерге астарлап айттым. Бұдан былай астарлап емес, Әкем туралы ашық айтатын кезім де келеді.
26 Сол уақытта Менің атымнан сұрайсыңдар; Менің сендер үшін Әкеден өтінуімнің қажеті болмайды,
27 өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді. Себебі сендер Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер.
28 Мен Әкеден жерге келдім; кейін жерді тастап, Әкеге қайта ораламын. —
29 Сонда шәкірттері: — Қазір астарлап емес, ашық сөйлеп тұрсыз.
30 Енді бәрін білетініңізге көзіміз жетті, өйткені Сізге адамдардың ойларында қандай сұрағы бар екенін сұраудың керегі жоқ. Сондықтан Құдайдан келгеніңізге сенеміз, — деді.
31 Иса оларға былай деп жауап берді: — Енді сенесіңдер ме?
32 Сендердің жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйлеріңе кететін уақыттарың келеді, ол тіпті жетіп те қалды. Сонда Мені жалғыз қалдырасыңдар. Бірақ Мен жалғыз емеспін, себебі көктегі Әкем Өзіммен бірге.
33 Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!