Жохан
Тарау 12
Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын Иса Бетанияға барды. Сол ауылда Өзі өлімнен қайта тірілтіп алған Елазар тұратын.
2 Осы жерде Исаға арнап қонақасы берілді. Марта қызмет етті. Дастарқандас болғандардың ішінде Елазар да Исамен бірге отырды.
3 Ал Мәриям бір қадақтай таза, өте құнды иісмайға толы құтыны қолына алды. Осы иісмай нард деген өсімдіктен жасалған болатын. Мәриям оны Исаның аяқтарына құйып, оларды шашымен құрғатты. Үй ішінде майдың жұпар иісі аңқып кетті.
4 Исаның шәкірттерінің бірі, кейінірек Оған опасыздық жасаған Яһуда Исқариот:
5 — Неліктен осы иісмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп бермеген? Оның бағасы бір жылдық жалақыға тең емес пе?! — деп наразылық білдірді.
6 Бұл сөзді Яһуда мүсәпірлердің қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы салатын әмиян өзінің қолында болып, Яһуда түскен ақшаға қол сұғып жүрді.
7 Иса оған қарсы шығып былай деді: — Мәриямға тиме! Ол осыны істеуі арқылы Менің денемді қабірге қоятын күнгі май жағу салтын алдын ала орындады.
8 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
9 Исаның Бетанияда екенін көптеген яһудилер біліп қойды. Олар Иса үшін ғана емес, Ол тірілтіп алған Елазарды көру үшін де бұл жерге келді.
10 Сондықтан басты діни қызметкерлер оны да өлтіру туралы ақылдасты.
11 Өйткені Елазардың басынан өткен кереметке бола яһудилердің көбі олардан бас тартып, Исаға сенім артты.
12 Келесі күні мейрамға жиналған халықтың үлкен тобы Исаның Иерусалимге келетінін естіп,
13 қолдарына пальма бұтақтарын ұстап, қала сыртына шықты. Оны: «Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқанның атынан келе жатқан Исраилдің Патшасы жарылқанған!» — деп айқай салып қарсы алды.
14 Иса бір тайқар есекті тауып алдыртып, соған мінген еді. (Зәкәрия) пайғамбардың жазбасында бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған:
15 Уа, Сион халқы, қорықпа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол тайқар есектің үстінде отыр.
16 Шәкірттері бұны сол кезде түсінген жоқ. Дегенмен Иса қайта тіріліп, көкке көтеріліп, Өзінің ұлылығына ие болғанда, олар бұл сөздердің Иса туралы алдын ала жазылғанын және халықтың Оны осылай қарсы алғанын естеріне алды.
17 Халық арасындағы көптеген адамдар Исаның Елазарды қабірден шақырып, өлімнен қайта тірілтіп алған кезінде Онымен бірге болған еді. Енді олар сол туралы куәлік етіп айтып жатты.
18 Осындай керемет жасағанын естіген жұрт сондықтан да Исаның алдынан шықты.
19 Ал парызшылдар өзара: «Көріп тұрсыңдар ғой, бұлай алға баспайсыңдар: жұрттың бәрі Оның соңынан еріп кетті!» — десті.
20 Мейрам кезінде Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге келгендердің ішінде бірнеше гректер де бар еді.
21 Олар Ғалилея аймағындағы бетсайдалық Філіпке жақындап келіп: «Мырза, Исамен кездескіміз келеді», — деген тілек білдірді.
22 Філіп мұны Әндірге барып айтты, содан екеуі бұл хабарды Исаға жеткізді.
23 Иса оларға былай деп жауап берді: — Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді.
24 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәні жерге егіліп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егіліп, көктеп, өзі жойылса, сонда ғана одан көп өнім өсіп шығады.
25 Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды.
26 Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін. Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді.
27 Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын: «Әке, Мені осы күннен құтқара гөр» дейін бе? Қайта, бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой.
28 Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткізе гөр! — Сонда көктен: «Мен оны ұлылыққа жеткіздім және бұдан былай да жеткізе беремін!» — деген үн естілді.
29 Сол жерде тыңдап тұрған халықтың ішінен кейбіреулері: — Күн күркіреді, — десе, басқалары: — Оған бір періште тіл қатқан шығар, — деді.
30 Иса оларға: — Көктегі үн Мен үшін емес, сендер үшін естілді, — деді.
31 — Енді осы күнәкар дүние сотталады! Енді осы дүниенің әміршісі қуылады!
32 Ал Мені жерден көтеріп қойғаннан кейін, адамдардың бәрін Өзім арқылы құтқарылуға шақырамын, — деді.
33 Бұл сөзді Иса Өзінің қандай жолмен өлуге тиіс екенін білдіру үшін айтты.
34 Жиналған жұрт Исадан: — Киелі кітаптан біз «Мәсіх мәңгі өмір сүреді» деп үйрендік. Қалайша көктен келген Билеушіні жерден көтеріп қою керек дейсіз? Сіз айтып тұрған «көктен келген Билеуші» кім? — деп сұрады.
35 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — «Нұр» тағы біраз уақыт сендермен бірге болады. Өздеріңді қара түнектің баспауы үшін «Нұр» барда жүре беріңдер! Түнекте жүргендер қайда бара жатқандарын білмейді.
36 Қастарыңда «Нұр» барда Соған сеніңдер, сонда «Нұрдың адамдары» боласыңдар. — Иса осылай деді де, жұрт көзінен тасаланып кетіп қалды.
37 Иса олардың көз алдарында көп кереметтер жасаса да, көпшілік Оның Мәсіх екендігіне сенген жоқ.
38 Сонымен Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мынадай сөздері дәл келді: Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді?
39 Ишая пайғамбар тағы бір жерде көпшіліктің неліктен сене алмағандығы туралы мына тәрізді сөздер айтқан:
40 Ол көздерін соқыр, жүректерін қасарысқан сезімсіз қылған. Сол себептен көздері көрмейді, жүректері түсінбейді, өздері теріс жолдарынан қайтпайды. Әйтпесе оларды рухани дертінен сауықтырар едім.
41 Ишая пайғамбар Иеміздің салтанатты ұлылығын көргендіктен, Ол туралы осылай деп алдын ала айтып кеткен еді.
42 Ал Исраилдің басшы адамдарының көбі Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп Оны ашық мойындаған жоқ.
43 Себебі олар Құдай беретін құрметті емес, адамнан көретін құрметті көбірек ұнататын.
44 Содан Иса дауыстап былай деді: «Маған сенген кісі Өзіме ғана емес, Мені Жібергенге де сенеді,
45 әрі Мені көрген кісі Мені Жібергенді де көреді.
46 Мен дүниеге келген «Құдайдың Нұрымын». Маған сенімін артқан ешкім қара түнекте қалмайды.
47 Кім хабарымды естіп, оны ұстанып сақтамаса, ондайды қазір соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшін емес, құтқару үшін дүниеге келдім.
48 Бірақ Мені елемей, хабарымды қабылдамағандардың соты дайын тұр: Мен білдірген хабар оларды қиямет күні айыптайтын болады.
49 Себебі Мен өздігімнен айтқан жоқпын. Нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды.
50 Оның өсиетінің мәңгілік өмір сыйлайтынын білемін. Сондықтан Әкем Маған не тапсырған болса, соны айтамын».