Жохан

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21


Тарау 14

— Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер!
2 Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын.
3 Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін.
4 Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер, — деді Иса. Ал Тома:
5 — Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз? — деп сұрады.
6 Иса оған: — Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды.
7 Мені жақыннан танысаңдар, Әкемді де білер едіңдер. Оны қазірден бастап білесіңдер және көрдіңдер де, — деп түсіндірді. Філіп:
8 — Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті, — деп өтінді.
9 Иса былай деп жауап берді: — Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың?
10 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр.
11 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер.
12 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын.
13 Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің рухани Ұлы арқылы көрінеді.
14 Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын.
15 Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар!
16 Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін,
17 Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады.
18 Мен сендерді жетімсіретпей, өздеріңе қайтып келемін.
19 Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді, ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар.
20 Сол күні сендер Менің Әкеммен, сендердің Менімен, Менің де сендермен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер.
21 Менің өсиеттерімді жүректеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын. —
22 Исқариоттан өзге Яһуда Исадан: — Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз? — деп сұрады.
23 Иса былай деп жауап берді: — Кім Мені сүйсе, сол айтқан сөздерімді берік ұстанады, әрі Әкем оны сүйеді. Біз сондай адамдарға келіп, өмірлерінен орын аламыз.
24 Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің — Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері.
25 Мен бұл сөздерді әлі де қастарыңда жүрген кезімде айтып тұрмын.
26 Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді.
27 Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар.
28 Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы.
29 Сендердің осылар іске асқан кезде Менің айтқандарыма шын сенулерің үшін бұларды қазір алдын ала айтып тұрмын.
30 Енді сендермен көп сөйлесе алмаймын, өйткені осы күнәкар дүниенің әміршісі (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның билігі Маған жүрмейді.
31 Бірақ осы дүние Менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін деп Әкемнің тапсырмасын орындаймын. Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік! — деп Иса сөзін аяқтады.