Лұқа

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 8

Бұдан кейін Иса қалалар мен ауылдарды аралап, халыққа уағыз айтып Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабарды жеткізді. Оған он екі елшісі
2 және көптеген әйелдер еріп жүрді. Әйелдердің бірнешеуін Иса қинаған жындарынан арылтып, ауруларынан сауықтырған болатын. Олар — жеті жынынан арылған мағдалалық Мәриям,
3 Иродтың сарай басқарушысы Қузаның әйелі Жоханна, Сузанна және көптеген басқалары. Олар қолдарындағы барымен Исаға және Оның шәкірттеріне қызмет көрсетті.
4 Көптеген қалалардың тұрғындары Исаның қасына келіп, үлкен топ жиналған еді. Иса оларға мына астарлы әңгімені айтып берді:
5 — Бір диқан тұқым себуге шығыпты. Ол сеуіп жүргенде, дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп, тапталып қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды.
6 Біраз тұқым тастақ жерге түседі. Алайда көктеп шыққаннан кейін ылғал жетіспегендіктен олар қурап қалады.
7 Кейбір дәндер тікен арасына түседі. Бірге өскен тікендер оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды.
8 Ал кейбіреулері құнарлы топыраққа түседі. Бұлар көктеп шығып, өсіп, жүз еседен өнім береді. — Мұны айтқаннан кейін Иса дауыстап: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — деп ескертті.
9 Сонда шәкірттері Исадан: — Бұл астарлы әңгіменің мағынасы қандай? — деп сұрады.
10 Иса оларға жауап беріп былай деді: — Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді сендерге бұйырған. Бірақ басқаларға олар астарлы әңгімелер арқылы айтылады. Осылайша олар көріп тұрса да, шынымен көрмесін, естіп тұрса да, бәрібір түсінбесін.
11 Ал әңгіменің мағынасы мынадай: тұқым Құдайдың Ізгі хабарын білдіреді.
12 Жол бойына түскендері Ізгі хабарды былай тыңдайтын адамдарды бейнелейді: оларға әзәзіл шайтан келіп, сенбесін, құтқарылмасын деп, жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді.
13 Тастақ жерге түскендері мынаны көрсетеді: адамдар Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, бірақ тамыр жаймағандықтан уақытша ғана сенеді. Олар сынақтан өтіп жүрген кезде сенімдерінен безіп кетеді.
14 Тікен арасына түскен дәндер болса, мынаны білдіреді: адамдар Ізгі хабарды естиді. Алайда былай шыға бере, тұрмыс қамын ойлап абыржиды, байлық пен ләззаттың қызығына алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып тұншығып, өнімі пісіп үлгермейді.
15 Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адамдар Құдайдың хабарын тыңдап, ізгі де таза жүректерінде сақтап, шыдамдылықпен өнім береді.
16 Ешкім шам жаққан соң оны ыдыспен бүркемейді, не төсек астына да қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда ол үйге кіргендерге жарығын түсіреді.
17 Сол сияқты, мәлім болмайтын ешбір сыр да жоқ, жарыққа шығып, жария болмайтын ешбір құпия да жоқ.
18 Сондықтан қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар! Өйткені кімде біраз түсінік бар болса, соған тағы көбірек беріледі, ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады, — деп қорытты Иса.
19 Исаның шешесі мен туған бауырлары келіп, халықтың көптігінен Оған жақындай алмады.
20 Біреу Исаға: — Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен жолығамыз деп тұр — деді.
21 Алайда Иса: — Құдайдың сөзін тыңдап, орындайтындар Маған шеше мен бауырлар іспетті жақын! — деп жауап қайырды.
22 Бір күні Иса шәкірттерін ертіп қайыққа мініп: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді. Осылай олар жағадан аттанды.
23 Олар көлден өтіп бара жатқанда, Иса ұйықтап қалды. Сол кезде тау жақтан қатты дауыл көтеріліп, көлге соқты. Қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады. Оларға зор қауіп төнді.
24 Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып: — Ұстаз! Ұстаз! Құритын болдық! — деп айқайлады. Иса орнынан тұрып, жел мен толқындардың долдануына тыйым салды. Олар басылып, тыныштық орнады.
25 Иса шәкірттеріне: — Сенімдерің қайда? — деді. Олар үрейленіп, аң-таң болып, біріне-бірі: «Тіпті жел мен суға да бұйрық беретін Бұл кім Өзі? Олар Оған бағынады ғой!» — десті.
26 Осылай Иса мен шәкірттері көлден өтіп, Ғалилея аймағының қарсы бетіндегі Ғадара өңіріне жетті.
27 Жағаға шығысымен-ақ Исаға сол қалалық бір кісі кездесе кетті. Жын соққан осы адам көп уақыттан бері киім-кешек кимей, үйде емес, қабірге арналған үңгірлерде тұрып жүрген болатын.
28 Ол Исаны көрген бойда айқай сала аяғына жығылды да, қатты дауыстап: — Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса, менде нең бар? Саған жалынамын: азаптай көрмеші мені! — деп жалынды.
29 Себебі Иса жынға: «Шық бұл кісіден!» — деп бұйырған болатын. Жын сол адамды көптен бері қинап келген еді. Жұрт оны шынжырлармен, кісендермен бұғаулап тастаса да, ол бұғауларын үзіп, жын айдап елсіз далаға кететін еді.
30 Иса одан: — Атың кім? — деп сұрағанда, ол: — «Үлкен топ», — деді. Себебі сол адамға көптеген жындар кіріп алған болатын.
31 Олар Исадан: «Бізге тұңғиық шыңырауға түсуге бұйыра көрме», — деп өтінді.
32 Осы жердегі қырат беткейінде үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын. Жындар соларға енуге рұқсат сұрады. Иса жол берген соң,
33 жындар кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Сонда олар тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды.
34 Мұны көріп тұрған бақташылары қашып кетіп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып берді.
35 Халық соны көру үшін жолға шығып, Исаға келді. Олар жындары шыққан кісінің ақыл-есі кіріп, киініп, Исаның аяқ жағында отырғанын көргенде қорқып кетті.
36 Болған оқиғаны өз көздерімен көрген куәгерлер оларға бұрын жын қинаған кісінің қалай азат етілгені туралы әңгімелеп берді.
37 Сонда Ғадара төңірегінің бүкіл халқы зәрелері ұшып, Исадан: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді. Ол қайыққа мініп, қайтып кетті.
38 Жындарынан арылған кісі Исадан: — Сізбен бірге болайыншы, — деп сұраған еді. Бірақ Иса:
39 — Сен үйіңе қайтып, ондағыларға Құдайдың өзіңе не істегенін айтып бер! — деп, оны үйіне жіберді. Әлгі адам барып, Исаның өзіне не істегенін бүкіл қалаға жариялады.
40 Иса көлдің батыс жағына қайта оралғанда, халық Оны қарсы алды. Өйткені бәрі Оны күтіп тұрған еді.
41 Кенеттен Жайыр есімді бір ер адам сол жерге келіп, Исаның аяғына жығылды да, үйіне кіруін өтінді. Жайыр мәжілісхананың жетекшісі еді.
42 Ол кісінің он екі жас шамасындағы жалғыз қызы бар еді, сол өлім аузында жатқан болатын. Иса Жайырдың үйіне бара жатқанда, халық Оны жан-жақтан қаумалап қыспақтады.
43 Халықтың арасында он екі жыл бойы қан кетіп ауырып келген бір әйел де бар еді. Ол бар мал-мүлкін дәрігерлерге жұмсағанмен, біреуі де оны емдеп жаза алмады.
44 Әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ қаны тоқтады.
45 Иса: — Маған қолын тигізген кім? — деп сұрады. Ешкім де мойындамаған соң, Петір мен оның қасындағылар: — Ұстаз! Халық Сізді қаумалап қыспақтап тұр ғой. Ал Сіз: «Маған қолын тигізген кім?» дейсіз бе?! — деді.
46 Бірақ Иса: — Біреу Маған қолын тигізді! Өйткені Менен біраз сауықтыру құдіретінің шыққанын сездім, — деп кесіп айтты.
47 Әлгі әйел істеген ісін жасыра алмайтынын білген соң қорыққанынан қалтырап, Исаның қасына келіп, аяғына жығылды. Сосын өзінің қандай себеппен қолын тигізгенін және сол сәтте-ақ қалай сауығып кеткенін бүкіл халықтың алдында айтып берді.
48 Иса оған: — Қарындас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — деді.
49 Иса осыны айтып тұрғанда, мәжілісхана жетекшісінің үйінен біреу келіп, оған: — Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз, — деп хабарлады.
50 Бірақ мұны естіген Иса Жайырға: — Қорықпа, тек сенімің болсын, сонда қызың аман қалады, — деді.
51 Жайырдың үйіне жеткенде Иса Петір, Жохан, Жақып және қыздың әке-шешесінен басқа ешкімнің үйге кіруіне рұқсат бермеді.
52 Жұрттың бәрі жылап, жоқтау айтып тұрған еді. Ал Иса: «Жыламаңдар, ол өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — деді.
53 Қыздың өлгенін білетін олар Исаның айтқанына күлді.
54 Бірақ Ол (солардың бәрін сыртқа шығарды да) қыздың қолынан ұстап тұрып, дауыстап: «Қызым, тұра ғой!» — деді.
55 Сонда қыздың жаны қайтып кіріп, ол дереу орнынан тұрды! Иса: «Оған тамақ беріңдер», — деп бұйырды.
56 Қыздың әке-шешесі қатты қайран қалды. Ал Иса оларға бұл оқиға жайлы ешкімге тіс жармауды ескертті.