Лұқа
Тарау 17
Иса шәкірттеріне тағы былай деді: — Адамдарды теріс жолға азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз. Алайда олар кімнің кесірінен пайда болса, сол қасіретке қалады!
2 Оның мына жай кісілердің біреуін азғырып, теріс жолға түсіргенінше, мойнына дәу диірменнің тасы байланып, теңізге лақтырылғаны оған жақсырақ болар еді-ау!
3 Сондықтан сақтаныңдар! Егер бауырласың күнә жасаса, оған ескерт. Егерде өкініп, теріс жолдан қайтса, кешірім ет!
4 Ол тіпті күніне жеті рет саған қарсы күнә жасап, жеті рет келіп, «өкініп, теріс жолдан қайттым» десе, кешірім ет!
5 Сонда елшілері Иеміз Исадан: — Сенімімізді арттыра көріңіз, — деп өтінді.
6 Иеміздің жауабы мынау болды: — Сендердің тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тұт ағашына: «Жерден тамырыңмен қопарылып, теңізге отырғызыл!» десеңдер, ол айтқандарыңды орындар еді.
7 Араларыңдағы біреудің жер жыртып не мал бағып жүрген малайы бар дейік. Малай даладан қайтып келгенде, қожайыны оған: «Тез келіп, дастарқанға отыра ғой!» дей ме?
8 Керісінше: «Кешкі тамағымды дайында! Мен ішіп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, маған қызмет ет, содан кейін өзің ішіп-жерсің!» деп бұйырмай ма?
9 Ал бұйрықтарын орындағаны үшін қожайын малайына алғыс айта ма?
10 Сендер де солай, Құдайдың өздеріңе бұйырғандарының бәрін орындағаннан кейін: «Біз небәрі түкке тұрғысыз малаймыз, жай міндетімізді ғана атқардық» деңдер!
11 Иса Иерусалим қаласына сапар шегіп бара жатқанда Самария мен Ғалилея аймақтары арқылы жүрді.
12 Бір ауылға келгенде, Оған денесін алапес басқан он кісі кездесті. Олар алыстан тұрып,
13 қатты дауыстап: — Иса, Ұстаз, бізге қайырым қыла көріңіз! — деп жалынды.
14 Иса оларға назар аударып: — Діни қызметкерлерге барып, қаралыңдар! — деді. Олар сол жаққа бара жатқанда-ақ алапестен құлантаза сауығып кетті.
15 Солардың біреуі өзінің сауығып кеткенін көрген соң, қатты дауыстап Құдайға мақтау айтып қайтып келді де,
16 Исаның аяғына жығылып, Оған алғысын жаудырды. Ал бұл кісі самариялық болатын!
17 Иса сонда: — Сауыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда?
18 Құдайға мақтау айту үшін мына шетелдіктен басқа ешкім қайтып келмеді ме? — деп,
19 самариялыққа қарап: — Тұр да, жөніңе жүре бер. Сен сенімің арқылы құтқарылдың! — деді.
20 Парызшылдар Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын сұрағанда, Иса оларға былай деп жауап берді: — Құдайдың Патшалығының қашан орнайтынын адамдар алдын ала білмейді.
21 Сондай-ақ оны «Міне, мұнда!» не «Әне, анда!» деуге болмайды. Себебі Құдайдың Патшалығы сендердің жан дүниелеріңде, — деді.
22 Кейін Иса шәкірттеріне арнап былай деді: — Көктен келген Мені бір күн болса да көрсек деп аңсайтын уақыттарың келеді, бірақ сол кезде Мені көрмейсіңдер.
23 Кісілер сендерге: «Міне, Ол мұнда!», я «Әне, Ол анда!» дейтін болады. Оларға бармаңдар да, арттарынан ермеңдер де!
24 Өйткені найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей, уақыты болғанда Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады.
25 Бірақ алдымен Өзімнің көп азап шегуім әрі қазіргі ұрпақтың Менен бас тартуы қажет.
26 Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады:
27 Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, күйеуге шығып өмір сүруде еді. Ал Нұх кемеге мінген соң, топан су басып, сол адамдардың бәрін де қырып салды.
28 Луттың заманында да солай болған: адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді.
29 Бірақ Лут Содом қаласынан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де қырып салды.
30 Мен Билеуші ретінде көктен келіп, ашық түрде көрінетін күні де тап солай болады!
31 Сол күні біреу үйінің жалпақ төбесінде отырып, заттары іште болса, ол үйге кіріп, соларын алып шықпастан, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып құтылсын! Сондай-ақ, кім далада болса, үйіне қайтып бармастан, бірден қашып кетсін!
32 Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер!
33 Өмірін өзі үшін сақтауға тырысқан әркім одан айырылады, ал өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгі аман сақтап қалады.
34 Сендерге шын айтамын: сол заманда түнде төсекте жатқан екеудің біреуін періштелер қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.
35 Олар бірге қолдиірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді.
36 (Сондай-ақ, олар егіндікте жүрген екеудің де біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.)
37 Шәкірттері: — Мырза, бұл қай жерде болады? — деп сұрағанда, Иса астарлап мына жауапты берді: — «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар». — (Сол сияқты, осы оқиғалардың қай жерде болғаны сол заманда бәріне айқын болады.)