Лұқа

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 16

Иса шәкірттеріне мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Бір байдың үй шаруашылығын басқаратын кісісі болған екен. Сол адам мал-мүлкіңізді шашып жатыр деген сыбыс байдың құлағына жетеді.
2 Бай оны шақырып алып: — Сен туралы естіп жүргенім не әңгіме? Жұмысың жайлы есеп бер! Бұдан былай үйімді басқара алмайсың, — деп шешеді.
3 Басқарушы сонда өзіне-өзі: Енді не істесем екен, қожайыным мені жұмыстан босатып тастамақ. Жер қазу қолымнан келмейді, қайыр сұрауға ұяламын.
4 Бірақ дәл қазір не істеу керек екенін білемін, сонда үй басқарудан босаған кезімде жұрттың есігі мен үшін айқара ашық болады, — дейді.
5 Содан ол қожайынына қарыздар адамдардың бәрін жеке-жеке шақырып алып, біріншісінен: — Қожайыныма қанша борышың бар? — деп сұрайды.
6 — Жүз күбі май, — дейді ол. — Борыш қағазыңды ал да, отыра қалып, елу күбі деп жаз! — дейді басқарушы.
7 Содан кейін басқасынан: — Ал сенің қанша борышың бар? — деп сұрайды. — Жүз қап бидай. — Борыш қағазыңды алып, сексен деп жаз! — дейді соған.
8 Қожайыны өтірікші басқарушысының ақыл тауып кеткендігін мақтады. Себебі осы күнәкар дүниенің адамдары өзі сияқтылармен араласқанда Құдайдың нұрлы жолымен жүргендерден гөрі әлдеқайда ақылды әрекет жасайды.
9 Сендерге шын айтамын: осы күнәкар дүниелік байлықтарыңмен жақсылық жасап, өздеріңе достар табыңдар! Сонда бұ дүниеден қайтқан кездеріңде көктегі мәңгілік мекендердің есігі сендер үшін айқара ашық болады.
10 Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді, ал кішкене істе сенімсіз болған үлкен істе де сенімсіз.
11 Сондықтан, егер бұ дүниелік байлықтарың барда сенімді болмасаңдар, сендерге көктегі шынайы байлықты кім сеніп тапсырады?
12 Және егер түпкілікті меншік болмайтын мал-мүліктеріңді дұрыс қолданбасаңдар, мәңгі өздеріңдікі болатын байлықты сендерге кім табыс етпек?
13 Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!»
14 Бұлардың бәрін дүниеқор парызшылдар да естіп, Исаны мазақ қылды.
15 Иса оларға былай деп жауап қатты: «Сендер адамдар алдында әділ болғансып тұрсыңдар, бірақ Құдай жүректеріңде не бар екенін жақсы біледі. Адамдар бұларыңды жоғары бағалағанмен, Құдай алдында ол — жексұрындық».
16 «Жақия пайғамбардың уағыздауына дейін Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары сендерге тура жолды көрсеткен еді. Жақияның уағыздаған кезінен бері Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабар жарияланып келеді. Оған кіруге әркім күш салып жүр.
17 Ал Таурат заңының бір кішкентай сызығының түсіп қалғанынан гөрі аспан мен жердің жойылып кетуі оңайырақ.
18 Әйелін үйінен шығарып жіберіп, басқаны алған әркім неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ, күйеуімен ажырасқан әйелді алған да неке адалдығын бұзады».
19 «Бір кісі бай болып, қымбат қызыл шапан мен сәнді киімдер киіп, күн сайын салтанат құрып көңіл көтеретін.
20 Ал қақпасының алдында Елазар есімді бір мүсәпір жататын, оның тұла бойын іріңді жара басқан еді.
21 Мүсәпір байдың дастарқанынан түскен қалған-құтқанды жеп тойынсам деп аңсайтын. Тіпті иттер келіп, жараларын жалап кететін.
22 Ақыры мүсәпір қайтыс болып, періштелер оны Ыбырайым пайғамбардың қасына апарып салады. Бай да өліп, қабірге қойылады.
23 Ол о дүниеде азап шегіп жүріп, басын көтеріп қарағанда алыстан Ыбырайым мен оның қасында жантайған Елазарды көреді.
24 Содан ол қатты дауыспен: — Ыбырайым ата, маған қайырым қылып, Елазарды жібере көріңіз! Ол бармағының ұшын суға малып алып, тілімді салқындатсын. Мына жалынды отта қатты қиналып жатырмын, — деп жалбарынады.
25 Бірақ Ыбырайым былай деп жауап береді: — Ей, балам, есіңе түсірші: сен өміріңде әрдайым жақсылық көріп рақаттандың, ал Елазар ауыртпалық көріп, азап шегіп жүрді. Енді ол мұнда жұбаныш тапса, сен онда қиналып жатырсың.
26 Оның үстіне сендер мен біздің арамызға терең шыңырау орнатылған. Бұл жерден сендерге барғысы келгендер өтіп бара алмайды, ар жақтан бізге де өтіп келе алмайды. —
27 Сонда ол: — Ата, олай болса, сізден сұраймын: Елазарды әкемнің үйіне жібере көріңіз!
28 Себебі бес інім бар, соларға барып, олардың да осы азапты жерге түспеулері үшін мықтап ескертіп куәлік етсін, — деп өтінеді.
29 Ал Ыбырайым: — Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбалары оларда бар ғой, соларға құлақ ассын! — дейді.
30 — Жоқ, Ыбырайым ата! Егер өлгендердің біреуі барса, онда олар теріс жолдан қайтады, — деп жалынады ол.
31 Сонда Ыбырайым оған: — Олар Мұса мен өзге пайғамбарларға құлақ аспағанда, өлгендердің біреуі тіріліп, барса да, сенбейді, — деп жауап береді».