Лұқа

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 23

Жоғарғы кеңесте жиналғандардың бәрі орындарынан тұрып, Исаны Пилатқа алып барды.
2 Сонда олар Оны айыптай бастап былай деді: — Біз мына Кісінің халқымызды бүлдіріп жүргенін тексеріп, анықтадық. Ол Рим патшасына салық төлемеңдер деп үгіттеп, Өзін Мәсіхпін, яғни Патшамын, деп жүр! —
3 Сонда Пилат Исаға: — Сен Яһудилердің Патшасысың ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз, — деп жауап берді.
4 Пилат басты діни қызметкерлер мен жиналған халыққа: — Мен бұл Адамнан ешқандай кінә таппай тұрмын, — деді.
5 Бірақ олар одан бетер нығарлап: — Бұл Ғалилеядан бастап осы жерге дейін бүкіл Яһудея бойынша өз ілімін таратып, елді көтеріліске желіктіріп жүр! — деп айыптады.
6 Пилат Ғалилея аймағы туралы естігенде: — Бұл Өзі ғалилеялық па еді? — деп сұрады.
7 Осылай Исаның Ирод (Антипас) билеген Ғалилея аймағынан екенін білген соң, Пилат Исаны сол кісіге жіберді. Өйткені Ирод та бұл күндері Иерусалимде жүрген еді.
8 Ирод Исаны көргеніне қатты қуанды. Себебі ол Иса туралы көп естіген соң, бір керемет көрсетер деп үміттеніп, Оны көптен бері көргісі келіп жүрген еді.
9 Ирод Исаға көптеген сұрақтар қойды, бірақ Ол еш жауап бермеді.
10 Ал басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері сол жерде тұрып, Исаны қатты айыптады.
11 Сонда Ирод жасақшыларымен бірге Оны қорлап мазақтап, үстіне әдемі шапан жауып, Пилатқа қайтарып жіберді.
12 Осы уақытқа дейін қастасып келген Пилат пен Ирод сол күні татуласып, өзара дос бола қалды.
13 Пилат басты діни қызметкерлерді, рубасыларды және халықты шақырып алып,
14 оларға былай деп шешімін айтты: — Мына Адамды халықты бүлдіріп жүр деп, маған алып келдіңіздер. Міне, мен Оны алдарыңызда тергеп, бұл Адамнан сіздер айыптайтындай ешқандай кінә таппадым!
15 Ирод та солай етті, өйткені мен Оны соған жіберген едім. Демек, Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ.
16 Сондықтан Оны соқтырып, босатып жіберемін. —
17 (Себебі мейрамның құрметіне әміршінің халыққа бір тұтқынды босатып беруі керек болатын.)
18 Бірақ жиналған халық түгелдей: — Ол өлтірілсін! Орнына бізге Бараббаны босатып беріңіз! — деп қатты айқайлап жауап қайтарды.
19 Барабба қалада бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған еді.
20 Пилат Исаны қоя бермекші болып, қайтадан даусын көтере сөйледі.
21 Бірақ олар: — Айқышқа шегеленсін, айқышқа! — деп шулап кетті.
22 Пилат оларға үшінші рет: — Сонда Ол қандай қылмыс жасады? Мен Одан өлім жазасына кесетіндей ешқандай кінә таппай тұрмын. Сондықтан Оған дүремен сабақ беріп, босатып жіберемін, — деді.
23 Бірақ басты діни қызметкерлер мен халықтың көпшілігі бар дауыспен: — Оны айқышқа шегелетіңіз! — деп айқай салып талап ете берді. Ақырында олар айқайларымен дегендеріне жетіп,
24 Пилат талаптары орындалсын деп шешті.
25 Сөйтіп ол бүлік шығарып, кісі өлтіргені үшін түрмеге жабылған адамды олардың сұрауы бойынша босатып жіберді. Ал Исаны тілектеріне сай өлімге кесіп, жасақшылардың қолына тапсырды.
26 Жасақшылар Исаны жазалайтын жерге алып бара жатқанда, даладан қалаға келе жатқан Шимон есімді күренелік кісіге тап болды. Олар Шимонға айқыш ағашты арқалатып, оны Исаның соңынан алып жүруге мәжбүр етті.
27 Исаға өте көп халық ілесіп, көптеген әйелдер жоқтау айтып еңірей жылап келе жатты.
28 Ал Иса оларға бұрылып, былай деді: — Иерусалимнің әйелдері, Мен үшін жыламаңдар, өздерің мен балаларың үшін жылаңдар!
29 Себебі жұрт «Құрсақ көтермейтін, бала сүймеген, емшек емізбеген әйелдер бақытты!» дейтін, азапты күндер келеді.
30 Сол уақытта адамдар тауларға: «Үстімізге құлап түсіңдер!» әрі төбелерге: «Бізді басып, жасырып тастаңдар!» деп жалынатын болады.
31 Егер жасыл ағашқа бұлай істелсе, онда қураған ағашпен не болмақ?!
32 Жасақшылар Исамен бірге екі қылмыскерді де өлтіруге алып бара жатты.
33 Олар «Маңдайтөбе» деген жерге жеткен соң, Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп іліп, көтеріп қойды. Сондай-ақ, сол екі қылмыскерді де, біреуін Исаның оң, екіншісін Оның сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп іліп, көтеріп қойды.
34 Сонда Иса (көктегі Әкесіне сиынып): «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді», — деді. Ал жасақшылар Исаның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды.
35 Халық сол жерде осының бәріне қарап тұрды. Басшылары тіпті Исаны мазақтап: «Мынау басқаларды құтқарыпты. Егер Ол Мәсіх — Құдайдың Таңдаулысы болса, енді Өзін құтқарып көрсін!» — деп келекеледі.
36 Жасақшылар да Исаның қасына келіп, Оған сірке суын ұсынып:
37 «Егер Яһудилердің Патшасы болсаңыз, Өзіңізді құтқара көріңіз!» — деп Оны табалады.
38 Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа «Бұл — Яһудилердің Патшасы» деп (грек, латын және еврей тілдерінде) жазылған тақтайша бекітілген болатын.
39 Айқышқа ілінген екі қылмыскердің біреуі Исаға тіл тигізіп: — Мәсіх болсаң, кәне, Өзіңді де, бізді де құтқар! — деп мысқылдады.
40 Екіншісі, керісінше, оны тоқтатып: — Құдайдан қорықпайсың ба? Өзің де осыған кесілдің ғой.
41 Біздің үкіміміз әділ, істерімізге лайық жаза тартып тұрмыз. Ал Бұл еш жамандық істеген жоқ, — деді.
42 Содан кейін: — Иса, Патшалығыңызға кіргенде мені есіңізге ала көріңіз, — деп өтінді.
43 Иса оған: — Саған шындығын айтамын: бүгін-ақ Менімен бірге жұмақта боласың! — деді.
44 Бұл уақыт тал түстің шамасы еді. Сол кезде күннің жарығы сөніп, бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды. Киелі үйдегі шымылдық ортасынан қақ айырылып, екіге бөлінді.
46 Иса қатты дауыспен айқайлап: «Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын!» — деді. Мұны айтқаннан кейін жан тәсілім етті.
47 Осы оқиғаларды көріп тұрған жүзбасы: «Бұл шынымен әділ Адам болған!» — деп, Құдайды дәріптеді.
48 Қызық көруге жиналған бүкіл халық болған жайттарды көрген соң, (опық жеп қайғырып) қолдарымен көкіректерін соққылап қалаға қайтты.
49 Исаның барлық таныстары және Ғалилеядан еріп келген әйелдер алысырақ жерден осылардың бәріне қарап тұрды.
50 Жоғарғы кеңестің Жүсіп есімді мүшесі бар еді. Яһудея аймағындағы Ариматея қаласынан шыққан осы ізгі де әділ жан
51 Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнауын аңсап күтіп жүрген болатын. Жүсіп Жоғарғы кеңестің қарары мен ісіне келіспеген де еді.
52 Осы кісі Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды.
53 Содан ол денені айқыштан түсіріп алып, бәтес кебінге орады. Оны жартастан үңгіп жасалған, әлі ешкім қойылмаған бір қабірге апарып қойды.
54 Бұл жұма күнгі кеш, яғни діни демалыс күнінің басталар кезі, еді.
55 Исаға еріп Ғалилеядан келген әйелдер Жүсіпке ілесіп келіп, қабірге де, оның ішіне сүйектің қалай қойылғанына да қарап тұрды.
56 Содан соң әйелдер қалаға қайтып барып, жұпар заттар мен иісмайлар дайындап қойды. Діни демалыс — сенбі күні олар Таурат заңының талабына сай тыныштық сақтап, демалды.