Зәкәрия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14


Тарау 2

Мен қайтадан жоғары қарағанда қолында өлшеуіш жібі бар біреуді көрдім.
2 Мен одан: — Қайда бара жатырсыз? — деп сұрадым. Ол: — Иерусалимнің ені мен ұзындығын білу үшін оны өлшеуге бара жатырмын, — деп жауап берді.
3 Менімен сөйлескен періште сол кезде алға қарай беттеді. Сонда басқа бір періште оған қарсы кездесті.
4 Бұл оған былай деді: — Ана жас жігітке тездетіп барып мынаны айт: Иерусалим малы мен адамы көп болғандықтан қамал қабырғасы жоқ, ашық қала сияқты болады!
5 «Мен Өзім әрі қаланың айналасындағы жалындаған отты қабырғасы, әрі оның ішіндегі нұрлы салтанаты іспетті боламын», — деп уәде береді Жаратқан Ие.
6 «Уа, халайық, дайындалып, жолға шығыңдар! Солтүстіктегі елден қашып кетіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Себебі Мен сендерді дүниенің шартарабына шашыратып жіберген едім.
7 Уа, Сионның халқы, Бабыл халқымен бірге тұрып жатқан сендер сол елден қашып кетіңдер!»
8 Себебі бір даңқты кезеңнен кейін Әлемнің Иесі мені өздеріңді тонаған халықтарға жіберіп, мынаны айтты: «Кім сендерге тиіссе, соның Менің көзімнің қарашығына тиіскені!
9 Мен таяуда оларға қарсы қолымды созбақпын. Сонда оларды өз құлдары тонайтын болады». — Сол кезде сендер Әлемнің Иесінің мені жібергенін анық білетін боласыңдар.
10 «Қуана ән салып шаттаныңдар, уа, Иерусалимнің халқы! Мен сендердің араларыңда тұруға келе жатырмын! — деп уәде етеді Жаратқан Ие. —
11 Сол күні көптеген ұлттар Менімен тығыз байланысқа түсіп, Менің халқым болады. Мен сендердің араларыңда тұрамын». — Сол кезде сендер мені өздеріңе жіберген Әлемнің Иесі екенін анық білетін боласыңдар.
12 Жаратқан Ие Яһуданы Өзіне бағышталған қасиетті еліндегі айрықша үлесі ретінде қабылдап, Иерусалимді (өз қаласы болуға) қайтадан таңдап алады.
13 Бүкіл адамзат Жаратқан Иенің алдында тынышталсын! Ол Өзінің киелі тұрағынан шығып, әрекет етіп жатыр.