Зәкәрия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14


Тарау 12

Мынау Жаратқан Иенің Исраил елі жайлы айтқан ауыр хабары: Аспанды жайып жіберіп, жердің негізін қалаған, адамның денесінде рухын қалыптастырған Жаратқан Ие мынаны айтады:
2 «Біліп қойыңдар, Мен Иерусалимді айналасындағы елдерді теңселдіретін ішімдікке толы тостаған іспетті қыламын. Жаулар Иерусалиммен бірге Яһуда елін де қоршауға алмақ.
3 Сол күні Мен Иерусалимді барлық халықтар үшін зіл қара тас іспетті қыламын: оны көтеремін дегендердің бәрі де өздерін зорықтырып алатын болады. Сол кезде жер бетінің күллі халықтары оған қарсы жиналып келетін болады.
4 Сол күні Мен әрбір атты қатты үрейлендіріп, оған мінгенді есінен адастырамын, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Мен Яһуда елін қырағы күзетіп, оған қарсы келген халықтардың соғыс аттарын соқыр қылып тастаймын.
5 Сонда Яһуданың рубасылары іштей былай дейтін болады: «Иерусалимнің тұрғындары — біздің қуатымыз, өйткені Әлемнің Иесі — олардың Құдайы!»
6 Сол күні Мен Яһуданың рубасыларын отынның арасындағы шоқ салғыштай, яки астық бауларының арасында жанып жатқан алаудай етемін. Олар айналадағы барлық халықтарды өртейтіндей жалмайды. Бірақ Иерусалимнің халқы қайтадан аман-есен өз мекенінде тұратын болады.
7 Сонда Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің тұрғындарының атақ-даңқы Яһуда елінің атақ-даңқынан асып кетпесін деп Жаратқан Ие алдымен Яһуданың елді мекендерін құтқарады.
8 Сол күні Жаратқан Иенің Өзі Иерусалимде тұратындарды қорғайды. Сол себепті олардың арасындағы ең әлсіз дегені Дәуіттей мықты болады. Ал Дәуіттің әулеті оларды Құдайдың Өзіндей, Жаратқан Иенің періштесіндей бастап алып жүреді.
9 Сол күні Мен Иерусалимге тап беретін барлық халықтарды құртуға кірісемін».
10 «Мен Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің халқына мейірім мен мінажат ету рухын дарытамын. Сонда олар өздері түйреген Кісіге қарайтын, әрі жалғыз ұлын жоқтағандай, жоқтау айтатын болады. Олар тұңғышы қайтыс болғандай, Ол туралы қатты күйініп, қайғыратын болады.
11 Сол күні Иерусалимдегі жоқтау Мегидо жазығындағы Хадад-Римонда болған жоқтау сияқты өте қатты болмақ.
12 Сонда бүкіл ел, әрбір әулет өз алдына, ер адамдар мен әйелдер бөлек-бөлек қайғырады: Дәуіттің әулеті өз алдына, (оның ұлы) Натанның әулеті өз алдына,
13 Леуінің әулеті өз алдына, (Леуіден тараған) Шимейдің әулеті өз алдына.
14 Аман қалған әулеттердің барлығы да, ер адамдары мен әйелдері бөлек-бөлек, қайғыратын болады».