Зәкәрия
Тарау 14
Біліп алыңдар, Жаратқан Иенің күні келе жатыр! Сол заманда сендерден алынған олжа өз көз алдарыңда бөлінетін болады.
2 Себебі Мен барлық халықтарды Иерусалимге қарсы соғысуға жинаймын. Қала олардың қолына түсіп, жау әскері ондағы үйлерді талан-таражға салып, әйелдерді зорлап масқаралайтын болады. Қала тұрғындарының жартысы жер аударылып әкетіліп, қалғандары қалада қалдырылады.
3 Сонда Жаратқан Ие ежелгі замандарда шайқасқандай, осы халықтарға қарсы шайқасады.
4 Сол күні Оның аяғы Иерусалимнің шығысындағы Зәйтүн тауында тұрады. Зәйтүн тауы шығыстан батысқа қарай қақ айырылып, екі ортада өте кең аңғар пайда болады. Таудың бір жартысы солтүстікке, екінші жартысы оңтүстікке қарай жылжиды.
5 Сендер Менің тауларымның аңғарымен қашып құтыласыңдар, себебі сол аңғар Аселге дейін созылатын болады. Сендер жұрт Яһуда патшасы Ұзияхтың заманында болған жер сілкінісінен қашқандай қашасыңдар. Сонда менің Құдайым — Жаратқан Ие Өзіне бағышталған барлық қасиетті нөкерлерін ертіп келеді.
6 Сол күннен бастап суық пен аяз атымен болмайды.
7 Сол күн ешқашан бітпейді, онда күндіз бен түннің айырмашылығы болмайды. Ол туралы тек Жаратқан Ие ғана біледі. Кешке әлі де жарық бола береді.
8 Сол күннен бастап Иерусалимнен тірі су ағып шығып, бір жартысы шығыстағы Өлі теңізге, екінші жартысы батыстағы Жерорта теңізіне ағып кететін болады. Ағысы қысы-жазы толастамайды.
9 Жаратқан Ие бүкіл жер бетінің Патшасы болады. Сол күні Жаратқан Ие бірден-бір Құдай болып, жалғыз Оның есімі ғана мадақталатын болады.
10 Яһуданың солтүстігіндегі Геба мен Иерусалимнің оңтүстігіндегі Риммонның арасындағы бүкіл жер тегіс жазыққа айналады. Ал Иерусалим көтеріліп, өз орнында қала береді: ол Бунямин қақпасынан Бірінші қақпаның жеріне және Бұрыш қақпасына дейін, әрі Хананел мұнарасынан патшаның жүзім сыққыштарына дейін созылады.
11 Халық Иерусалимге қоныстанып, қала енді қайтып қарғысқа ұшырап қиратылмайды. Осылай Иерусалимнің халқы аман-есен тұратын болады.
12 Ал Иерусалимге қарсы соғысуға аттанған халықтардың бәріне Жаратқан Ие індет жібереді: олар аяқтарымен жер басып жүрген кездерінде-ақ тәндері іріп-шіріп, көздері ұяларында, тілдері ауыздың ішінде шіріп кетеді.
13 Сол күні Жаратқан Ие оларды қатты абыржытып, араларында үрей туғызады. Олар қасында тұрғанды қолынан шап беріп ұстап алып, бір-біріне бас салатын болады.
14 Сонда Яһуда елінің барлық адамдары да Иерусалимде соғысады. Содан айналадағы күллі халықтардың байлықтары: алтын-күміс пен киім-кешектері молынан жиналып, оларға олжа болады.
15 Оның үстіне жаңағы індет сияқты пәле жаулардың жылқылары мен қашырларын, түйелері мен есектерін, әрі әскер қостарындағы барлық басқа малдарын да қырып тастайды.
16 Сонда Иерусалимге қарсы келген халықтардан тірі қалғандары енді жыл сайын Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етіп, Күркелер мейрамын тойлауға келетін болады.
17 Ал алда-жалда жер бетіндегі әулеттердің біреуі Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етуге Иерусалимге өрлеп бармай қалатын болса, онда сондайлардың жеріне жаңбыр да жаумайтын болады.
18 Егер Мысыр халқы жолға шығып Иерусалимге келмейтін болса, онда Жаратқан Ие Күркелер мейрамын тойлауға келмейтін халықтарға арнаған апаттарын соларға жібереді.
19 Егер Мысыр мен басқа да елдердің халықтары Күркелер мейрамын тойлауға Иерусалимге өрлеп барудан бас тартса, олар осылай жазаланбақ.
20 Сол күні жылқылардың қоңырауларында «Жаратқан Иеге бағышталған» деген жазу болады. Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық етін пісіруге арналған қазандар құрбандық үстелінің алдындағы тостағандар сияқты Оған бағышталған киелі болады.
21 Құрбандық ұсынушы әркім келіп, шалған құрбандығының етін пісіре алуы үшін Иерусалим мен Яһудадағы кез келген тамақ пісіретін қазан Әлемнің Иесіне бағышталған киелі болады. Сол күннен бастап Әлемнің Иесінің киелі үйінде (Оған мойынсұнбайтын) бірде-бір қанахандық қалмайды.