Зәкәрия
Тарау 1
Дарийдің (парсы патшалығына билік жүргізген) екінші жылының сегізінші айында Жаратқан Ие Барақияхтың ұлы, Иддоның немересі Зәкәрия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
2 — Мен, Жаратқан Ие, сендердің ата-бабаларыңа қатты ашуланған едім.
3 Сондықтан халыққа былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Кері бұрылып, Маған қайтып келіңдер! Сонда Мен де сендерге қайтып келемін, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. —
4 Ата-бабаларың сияқты болмаңдар! Ежелгі пайғамбарлар оларға былай деп дауыстап ескертетін: «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Зұлым жолдарыңнан қайтып, сұмдық істеріңді тастаңдар!» Алайда ата-бабаларың Маған құлақ салып, тыңдаудан бас тартты, — деп сақтандырады Жаратқан Ие. —
5 Сол ата-бабаларың қазір қайда екен? Ежелгі пайғамбарлар да мәңгі өмір сүрген жоқ.
6 Алайда Менің Өзіме қызмет етіп жүрген пайғамбарларым арқылы жеткізген сөздерім мен шешімдерім ата-бабаларыңның бастарына түсті ғой! Сонда олар теріс жолдарынан қайтып: «Әлемнің Иесі бізге жүрген жолдарымыз бен істеген істерімізге сай істеді. Ол қалай ниеттеніп, алдын ала айтқан болса, солай істеді», — деп мойындады.
7 Персияға Дарий патшалық құрған екінші жылының он бірінші, яғни шебат, айының жиырма төртінші күні Жаратқан Ие Барақияхтың ұлы, Иддоның немересі Зәкәрия пайғамбарға тағы да сөзін арнады. (Бұл туралы Зәкәрия былай деп баяндады:)
8 Түнде мен жирен атқа мінген бір адамды көрдім. Ол аңғардағы жасыл бұталардың арасында тұр екен. Оның артында жирен, торы және ақбоз аттарға мінгендер болды.
9 Сонда мен: — Мырзам, бұл не екен? — деп сұрадым. Менімен сөйлесіп тұрған періште маған: — Оның не екенін саған көрсетемін, — деді.
10 Сонда жасыл бұталардың арасында тұрған салт атты: — Бұлар Жаратқан Иенің жер бетін шолып келуге жіберген шолғыншылары, — деп жауап берді.
11 Салт аттылар Жаратқан Иенің жасыл бұталардың арасында тұрған періштесіне: «Біз күллі жер бетін шолып шықтық. Бүкіл жер беті тыныш та бейқам тұрып жатыр», — деп баяндады.
12 Осыдан кейін Жаратқан Иенің періштесі: «Уа, Әлемнің Иесі, осы өткен жетпіс жыл бойы Сен Иерусалимге және Яһуда елінің басқа қалаларына қаһарланып келдің. Қашанға дейін оларға рақымыңды көрсетуден бас тартпақсың?» — деп өтінді.
13 Сонда Жаратқан Ие менімен сөйлесіп тұрған періштеге мейірімді де жұбанышты сөздермен жауап қатты.
14 Әлгі періште маған бұрылып, былай деді: — Сен мына хабарды жарияла: Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Мен Иерусалим қаласын және Сион тауын зор ынтызарлықпен сүйемін.
15 Ал бейқам тұрып жатқан сол елдерге қатты ашулымын. Себебі Мен халқыма едәуір ашуланған кезде олар оған тым көп зорлық-зомбылық жасады. —
16 Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: — Мен Иерусалимге мейірімімді төгу үшін қайтып келе жатырмын. Осы қалада Менің киелі үйім қайтадан салынып, құрылысшылар өлшеуіш жіптерін тартатын болады». — Әлемнің Иесі осыны уәде етеді.
17 Тағы былай деп те жарияла: Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Менің қалаларым қайтадан ағыл-тегіл дәулетке кенеледі. Мен, Жаратқан Ие, тағы да Сионды жұбатып, Иерусалимді Өзімнің қалам деп таңдап аламын».
18 Мұнан кейін мен жоғары қарағанда, көз алдымда тұрған төрт мүйізді көрдім.
19 Өзіммен сөйлескен періштеден: — Мыналар не? — деп сұрадым. Ол маған: — Бұл мүйіздер Яһуданы, Солтүстік Исраилді және Иерусалимді бытыратып жіберген күшті елдерді білдіреді, — деп түсіндірді.
20 Содан соң Жаратқан Ие маған төрт ұстаны көрсетті.
21 Мен: — Мына ұсталар не істейін деп жатыр? — деп сұрадым. Періште былай деп жауап берді: — Әлгі мүйіз іспетті күшті елдер Яһуда халқын ешкім бас көтере алмайтындай етіп бытыратып жіберген еді. Бірақ мына ұсталар сол елдерді қорқытып, жерге құлатып құрту үшін келді.