Езекиел

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 9

Содан соң Жаратқан Иенің қатты дауыспен: «Қаланы жазалау міндеті тапсырылғандар әрқайсысы қолына қаруын алып, мұнда келсін!» — деп бұйырғанын естідім.
2 Сонда мен солтүстікке қарайтын Үстіңгі қақпа жақтан келе жатқан алты кісіні көрдім. Әрқайсысының қолында қырып жоятын қаруы бар екен. Олармен бірге ақ бәтес киім киіп, беліне жазу құралдарын байлап алған тағы біреу де келе жатты. Олар ғибадатхананың ауласына кіріп, қола құрбандық үстелінің жанына келіп тұрды.
3 Сол кезде Исраилдің Құдайының нұрлы салтанаты өзі орналасқан керуб атты күзетші періштелердің үстінен көтерілді де, киелі үйдің табалдырығына қарай жылжып барды. Бұдан кейін Жаратқан Ие беліне жазу құралдарын байлап алған, ақ бәтес киім киген қызметшісін алдына шақырып алды да,
4 оған былай деп бұйрық берді: «Бүкіл Иерусалим қаласын аралап шық та, онда жасалып жатқан жексұрын күнәларға бола ыңқылдай күрсініп қайғырған адамдардың маңдайына таңба сал!»
5 Мен осының бәрін тыңдап тұрғанда Жаратқан Ие жаңағы басқа қызметшілеріне былай деп әмір етті: «Мұның соңынан еріп, өздеріңе кездескен адамдардың бәрін қырып-жойып отырыңдар! Оларға аянышпен қарап, мейірім көрсетпеңдер!
6 Қарт болсын, жігіт пен қыз болсын, әйел мен бала болсын қыра беріңдер! Тек маңдайында таңбасы бар ешкімге тиіспеңдер! Менің киелі үйімнен бастап солай істеңдер!» Сонда олар өздеріне тапсырылған істі киелі үйдің алдында тұрған ақсақалдардан бастады.
7 Жаратқан Ие оларға тағы: «Киелі үйді арамдаңдар! Барлық аулаларын өліктермен толтырыңдар! Барыңдар!» — деген бұйрық берді. Олар барып, қаладағы адамдарды қыра бастады.
8 Олар соларды қырып жатқанда, жалғыз қалған мен жерге етпетімнен жата кетіп: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Бүкіл Иерусалимге қаһарыңды төгіп, Исраилден қалғандарды ең соңғы адамына дейін құртпақсың ба? — деп дауыстап сиындым.
9 Ол маған былай деп жауап берді: — Исраил мен Яһуданың кінәсі алапат зор! Бүкіл елде қан төгілген, қала да әділетсіздікке толған. Олар «Жаратқан Ие біздің елді тастап кетті! Жаратқан Ие бізді көрмейді!» деседі.
10 Сондықтан Мен оларға аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Істеген істеріне лайықты жазаны олардың бастарына түсіремін!
11 Сонда беліне жазу құралдарын байлап алған, ақ бәтес киім киген періште қайтып келді де: «Бұйрығыңыз толығымен орындалды!» — деп (Жаратқан Иеге) баяндады.