Езекиел
Тарау 7
Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
2 «Ей, пендем, Мен, Жаратушы Тәңір Ие, Исраил еліне мынаны айтамын: Елдің ақыры жетті! Жердің төрт шеті де, барлық шартарабы да құриды!
3 Ақыр аяғың жетті! Мен саған қаһарымды төгемін! Істеген қылықтарыңа сай үкім шығарып, жексұрын күнәларыңа сәйкес жазаламақпын.
4 Енді Мен саған аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Қайта, істеген зұлым да жексұрын іс-әрекеттеріңнің сазайын тартқызамын. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар».
5 Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Апат! Бір ғаламат апат! Қараңдар, сол апат таяп қалды!
6 Ақыр аяғың жетті! Ақыр соңында ол жетіп қалды! Қараңдар, ол сендерге қарсы келе жатыр!
7 Уа, елдің тұрғындары, құритын күндерің келді! Уақыт таяп қалды, сот күні жетті! Тауларды орақтың көңілді әні емес, қатты қорқудың айқайы жайлайды.
8 Саған жуырда қаһарымды төкпекпін, барша ашу-ызамды жаудырмақпын. Сені қылықтарыңа сай соттап, жексұрын күнәларыңа сәйкес жазаламақпын.
9 Енді Мен саған аянышпен қарап, мейірім көрсетпеймін. Қайта, жексұрын іс-әрекеттеріңнің сазайын тартқызамын. Сонда өздеріңді ұрып-соққан Мен, Жаратқан Ие, екенімді білетін боласыңдар.
10 Міне, сол күн! Біліп қой, ол туды! Қырсық таяп қалды! Халықтың зұлымдығы мен тәкаппарлығы гүлденіп кетті.
11 Зорлықшыл билеуші зұлымдықты жазалайтын таяқ болып өсіп шықты. Сонда осы халықтың түгі қалмайды, оның мол байлық-дәулеті де, айқай-шуы да, атақ-даңқы да ғайып болады.
12 Уақыт келіп, мезгіл жетті. Сатып алушы алғанына қуанбасын, қолдан кеткен иелігіне сатушы қайғырмасын, өйткені Менің қаһарым осы шулы халықтың бәріне де лаулайтын болады.
13 Жерін сатқан адам өмірінің соңына дейін оны ешқашан да кері қайтарып ала алмайды, әрі тірі қалған саудагердің ешқайсысы саудаға қайта оралмайды. Өйткені халықтың барлығына қатысты осы көрініс еш өзгермейді. Әділетсіз өмір сүруші ешкім де жанын аман сақтап қала алмайды.
14 Олар керней тартып, әскерді шақыра берсе де, шайқасқа шығатын ешкім болмайды. Өйткені Менің қаһарым осы шулы халықтың бәріне қарсы лаулайды.
15 Қала сыртында семсер, ішінде індет пен ашаршылық: даладағылар семсерден қаза тауып, қаладағылар ашаршылық пен індеттен қырылады.
16 Бас сауғалап тауға қашып кеткендер гуілдеген аңғар көгершіні іспетті еңіреп жылап, өз кінәларына өкінетін болады.
17 Бәрінің қолдары қаусап, тізелері судай әлсірейді.
18 Олар азалы киім киіп, үрейленіп, қарабет әрі тақыр бас болады.
19 Сонда олар күмістерін көшеге лақтырып, алтындары да құнсыз көң іспетті саналмақ. Жаратқан Иенің қаһары төгілген сол күні алтын-күмістері оларды құтқаруға дәрменсіз болады. Өйткені адамдар соларды жеп, аштығын басып, қарындарын толтыра алмайды. Олардың байлыққұмарлығы сүрініп, күнәға батуларына себепші болды.
20 Өздері мақтан тұтқан әдемі зергерлік әшекейлерінен жексұрын да жиренішті тәңірлерінің мүсіндерін жасап алды. Сол себепті Мен олардың бүкіл байлықтарын өздеріне пайдасыз, арам қыламын.
21 Сонда Мен осы байлықтарын шетелдіктерге олжалатып, әлемнің әділетсіз зұлымдарына оңай пайда етіп табыстаймын; олар соларды арамдайтын болады.
22 Мен олардан бет-жүзімді теріс бұрып, жаулары Менің киелі үйімді арамдамақ. Сол тонаушылар оның ішіне баса-көктеп кіріп, оны арамдап кетеді.
23 (Шетелдік ұсталарға мынадай тапсырма берілмек:) «(Исраил халқына арнап) шынжырлар дайындаңдар! Өйткені елдің іші қан төгілген қылмыстарға әрі Иерусалим қаласы зорлық-зомбылыққа толып кетті!»
24 Мен басқа халықтардың арасындағы ең зұлымдарына исраилдіктердің үйлерін тартып алғызамын. Осылайша Исраилдің ішіндегі күштілердің тәкаппарлығына шек қоямын. Олардың табыну орындары арамдалмақ.
25 Халқым үрейлене қалтырап, тыныштық іздейтін болады, бірақ тыныштық болмайды.
26 Бір пәледен кейін өзге пәле, бір суық хабардан кейін басқалары келеді. Халық пайғамбардан көрген аянын айтып беруін бекер сұрайтын болады. Діни қызметкер де тағылымнан, ақсақал да ақыл-кеңестен ада болады.
27 Патша қайғырып, билік жүргізген әмірші сары уайымға салынады. Елдегі халықтың қолдары қорқыныштан дірілдейді. Мен оларды істегендері бойынша жазалап, өз заңдары бойынша соттаймын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады!»