Езекиел
Тарау 14
Исраилдің ақсақалдарынан бірнеше адам маған келіп, алдыма жайғасып отырды.
2 Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
3 «Пендем, мына адамдар өз жүректерінің төріне жалған тәңірлерді орнатқандар. Сөйтіп, олар өздерін адастырып күнәға батыратын зұлым нәрселерді басты орынға қойып алған. Ендеше олардың Менен ақыл сұрауларына жол беруім қажет пе?
4 Сондықтан оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Исраил халқы жүрегінің төріне жалған тәңірлерді орнатып, өздерін адастырып, күнәға батыратын зұлым нәрселерді басты орынға қойып алған. Әйтсе де, олар енді Менен ақыл сұрау үшін пайғамбарыма барды. Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, оларды өздерін арамдайтын жалған тәңірлерінің молшылығына сәйкес жазалап, жауабымды беремін.
5 Мұны өздерінің діңгек тәрізді тәңір мүсіндеріне табынуға Менен қашықтап кеткен исраилдіктердің жүректерін Өзіме кері қайтару үшін істеймін.
6 Сондықтан Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Теріс жолдарыңнан қайтыңдар! Табынып жүрген жалған тәңірлеріңді тастап, барлық жексұрын салт-дәстүрлеріңнен бас тартыңдар!
7 Егер де исраилдіктер мен елде тұрып жатқан жат жұрттықтар Менен бөлініп, жүректерінің төріне өздерін арамдайтын тәңірсымақтарды орнатса, әрі өздерін адастырып, күнәға батыратын зұлым нәрселерді басты орынға қойып алса, ал кейін Менен ақыл сұрау үшін пайғамбарыма баратын болса, онда Мен, Жаратқан Ие, оларға Өзім жауап беремін.
8 Мен сондайларға қарсы шығып, оларды басқаларға ескертетін сабақ пен мысал етемін. Оларды өз халқымнан аластатамын. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар.
9 Егер бір пайғамбар оларға бәрібір пайғамбарлық сөз айтуға көндірілсе, онда бұл Менің оны еліктіргенімнен болады. Мен ондай пайғамбарға қарсы қолымды созып, оны халқым Исраилдің арасынан жоямын.
10 Сол ақыл сұрағандар зұлым істерінің кінәсін өз мойындарымен көтереді. Олардың жазасы сол пайғамбардың жазасымен бірдей болмақ.
11 Сонда исраилдіктер бұдан былай Менен безіп, өздерін әр түрлі заңсыз істерімен арамдамайтын болады. Олар Менің халқым болады, ал Мен олардың Құдайы боламын». — Жаратушы Тәңір Ие осыларды нық айтады.
12 Кейінірек Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
13 «Пендем, егер бір ел Маған опасыздық жасап күнәға батса, Мен ондай елге қарсы қолымды созып, ашаршылық жіберіп, елді нансыз қалдырамын. Сөйтіп, оның халқы мен малын жоямын.
14 Тіпті Нұх, Даниял, Әйүп үшеуі осы елде тұрып жатса да, әділ болғандарының арқасында олардың тек өз бастары ғана аман қалар еді. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
15 Немесе Мен бүкіл елді кезіп жүретін жыртқыш аңдарды жіберіп, олар тұрғындарды жалмап, соның кесірінен қаңырап қалған ел арқылы тіпті жолаушылар да өтпей қояды дейік.
16 Сонда елде жаңағы үш әділ адам: Нұх, Даниял, Әйүп тұрып жатса да, олар тіпті ұл-қыздарын да құтқара алмай, жалғыз өз бастары ғана аман қалып, ел қаңырап бос қалар еді. Мен, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие, осыларды ант етемін.
17 Я болмаса Мен елге қарсы жаудың семсерін жіберіп, ол бүкіл елдің тұрғындарын мал-мүлкімен қоса құртады дейік.
18 Сонда елде әлгі үш әділ адам тұрып жатса да, олар тіпті ұл-қыздарын да құтқара алмай, жалғыз өз бастары ғана аман қалар еді. Мен, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие, осыларды ант етемін.
19 Немесе Мен елге індет жіберіп, оның адамдары мен малдарын қырып қаһарымды төгемін дейік.
20 Сонда елде Нұх, Даниял, Әйүп тұрып жатса да, олар әділ болғандарының арқасында тіпті ұл-қыздарын да құтқара алмай, тек өз бастарын ғана аман алып қалар еді. Мен, мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие, осыларды ант етемін.
21 Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен Иерусалимге қарсы оның халқы мен малын қыратын төрт ғаламат апатымды: семсер, ашаршылық, жыртқыш аңдар және індетті жібергенімде, бұл қандай қорқынышты болмақ?!
22 Алайда халықтың біраз ұл-қыздары тірі қалады да, жау оларды қаладан бастап алып шығады. Осы тірі қалғандар Бабыл еліне айдалып келіп, сендерге қосылады. Солардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін көргенде сендер Менің Иерусалимге неліктен осындай апаттарды жібергенімді ұғып, жұбаныш табасыңдар.
23 Демек, олардың зұлым мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін өз көздеріңмен көрген кездеріңде Менің сол қалаға тартқызған барлық жазаларымның нақты себептері болғанын түсініп, жұбанасыңдар, — дейді Жаратушы Тәңір Ие.