Езекиел

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 10

Содан кейін қарағанымда керуб атты төрт нөкердің бастарының жоғарғы жағында жайылған күмбез тәрізді әуе кеңістігінен таққа ұқсаған саф көк асыл тас іспетті бір нәрсені көрдім.
2 Жаратқан Ие ақ бәтес киім киген қызметшісіне: «Керубтердің астында орналасқан дөңгелектердің арасына кір! Сондағы лаулап жанып жатқан шоқтардан алақаныңа толтырып алып, оларды қаланың үстінен шашып жібер!» — деп тапсырды. Мен қарап тұрған кезде ол сонда кіріп барды.
3 Ол кіргенде, керубтер киелі үйдің оңтүстік жағында тұрған еді. Ішкі ауланы бір бұлт жайлап алды.
4 Сонда Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты керубтердің үстіңгі жағынан көтеріліп, киелі үйдің табалдырығына қарай жылжып барды. Киелі үй де бұлтқа кенеліп, ішкі аула да Жаратқан Иенің нұрлы салтанатының жарығына толды.
5 Керубтердің қанаттарының сыбдыры құдіреті шексіз Құдайдың сөйлеген кезінде шығатын даусындай тіпті сыртқы аулада естіліп тұрды.
6 Жаратқан Ие ақ бәтес киген қызметшісіне дөңгелектер мен керубтердің арасынан шоқты алуды бұйырғанда, ол дөңгелектердің біреуінің жанына барып тұрды.
7 Керубтердің бірі араларындағы отқа қолын созып, одан лаулап жанып тұрған шоқты алды да, ақ бәтес кигеннің алақанына салып берді. Ол соны алып, шығып кетті.
8 Керубтердің қанаттарының астынан адамдікіне ұқсас қолдары көрінді.
9 Мен қарап тұрғанда, күзетші керубтердің жанындағы төрт дөңгелекті көрдім. Әр керубтің жанында бір-бір дөңгелектен орналасыпты. Дөңгелектер зүбәржат асыл тасы іспетті алтын түспен жарқылдап тұрды.
10 Төрт дөңгелектің сыртқы түрі бірдей екен. Әр дөңгелектің ішінде өзімен қиылысқан екінші дөңгелегі болды.
11 Олар қозғалғанда, керубтердің беттері қараған төрт бағыттың әрқайсысына қарай жылжи алатын. Керубтердің бет алған жақтарына дөңгелектер еш бұрылмай-ақ ілесе жылжитын.
12 Төрт керубтің тұла бойы, арқалары, қолдары және қанаттары әрі олардың қасындағы төрт дөңгелегі көздерге толы еді.
13 Құлағым дөңгелектердің «құйын» деп аталатынын шалды.
14 Әр керубтің төрт бет-әлпеті бар болатын: біріншісі керубтің, екіншісі адамның, үшіншісі арыстанның, төртіншісі бүркіттің жүзі іспетті еді.
15 Содан соң керубтер жоғары көтерілді. Олар Бабыл еліндегі Хобар өзенінің бойында мен көрген нөкерлердің нағыз өздері еді.
16 Керубтер қозғалған кезде, жандарындағы дөңгелектер де бірге қозғалатын. Керубтер жерден көтерілу үшін қанаттарын жайғанда, дөңгелектер де қастарында болып, олармен бірге көтерілетін.
17 Керубтер қозғалмай тыныш тұрғанда, дөңгелектер де қозғалмайтын, ал керубтер жоғары көтерілгенде, олар да бірге көтерілетін. Өйткені осы нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын.
18 Мұнан кейін Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты киелі үйдің табалдырығынан жылжып, керубтердің үстіңгі жағына көтеріліп барып тұрды.
19 Мен осылай қарап тұрғанда, керубтер қанаттарын жайып, жерден көтерілді, сонда дөңгелектер де оларға ілесе көтерілді. Олар Жаратқан Иенің киелі үйінің Шығыс қақпасының маңына тоқтады. Олардың үстінде Исраилдің Құдайының нұрлы салтанаты болды.
20 Мен Хобар өзенінің бойында аян берген Исраилдің Құдайының төменгі жағында көрген төрт нөкер осылар еді. Олардың керубтер екенін енді түсіндім.
21 Әрқайсысының төрт бет-әлпеті мен төрт қанаты болды және қанаттарының астында адамдікіне ұқсас қолдары бар еді.
22 Олардың бет-әлпеттері де мен Хобар өзенінің бойында көрген нөкерлердікі іспетті болды. Сол төрт нөкер сияқты, керубтердің әрқайсысы да алдына қарай тіке жүріп отырды.