Уағыздауш
Тарау 5
Тілің сөйлеуге тез болмасын! Құдай алдында бір нәрсені айтуға тым асықпа! Құдай көкте, ал сен жердесің, сондықтан да сөзшең болма!
2 «Көп уайымдағанда адам түс көрер, Көп сөз айтылғанда ақымақ та сөз сөйлер».
3 Егер Құдайға уәде берген болсаң, оны орындауды кешеуілдетпе. Солай еткен ақымақтарға Ол риза болмайды. Нені уәде еткен болсаң, соны орында!
4 Уәде беріп, оны орындамағаннан мүлдем уәде бермегенің жақсы.
5 Аузыңнан шыққан сөздерің сені күнәға батырмасын. Құдайдың хабаршысы — діни қызметкерге: «Берген уәдем қате», — деп сылтауратпа! Неліктен сен Құдайдың ашуын шақырып, істеген істеріңді жойдырмақсың?
6 Себебі көп түс көру де, көп сөз айту да құр бекершілік. Солардың орнына Құдайды терең қастерле!
7 Егер бір аймақта кедейлердің езгіге ұшырап, әділдік пен құқықтан айырылып отырғанын көрсең, соған тым қатты таңданба. Өйткені бір әкімді одан да лауазымды басқа біреу қадағалап, солардан жоғары тағы басқалары да болады, (ал әділдік жиі ескерусіз қалады).
8 Солардың бәрі жердің өнімінен тартып ала береді. Патшаның өзі де өңделген жердің пайдасын көреді.
9 Ақшақұмар ақшаға тоймас, байлыққұмар кірісіне қанағаттанбас. Бұл да бекершілік.
10 Адам байыған сайын, онысын жеп қоятындар да көбейер. Байлығының иесі онысына көз салудан басқа пайда көрмес.
11 Не аз, не көп жесін, өз еңбегімен күн көретіннің ұйқысы жайлы болар. Ал байдың мол байлығы өзін ұйқысынан айырар.
12 Мен осы өткінші дүниеде көрген, жанға бататын тағы бір жайт мынау: жинаған байлығы иесіне кейде тіпті зиян келтіреді.
13 Сол байлық бір апаттан құрып жоқ болар. Сонда ұлы дүниеге келгенде әкесінің оған қалдыратын ештеңесі болмайды.
14 Адам ана құрсағынан жалаңаш шығады, о дүниеге де дәл солай аттанады. Өзінің еңбек етіп тапқанынан ештеңені де қолымен ұстап алып кете алмайды.
15 Жанға қатты бататын тағы бір жайт мынау: адам дүниеге қалай келсе, дәл солай кетеді, ал еткен еңбегі желге ұшып кетті, енді оған не пайда?!
16 Сондай пенде өмір бойы жабырқаңқы жүріп нанын жейді де, түңіліп, науқастанып, ашынып кетеді.
17 Адамға ең жақсысы мынау екеніне көзім жетті: оның ішіп-жеп, осы дүниеде өзіне Құдай сыйлаған бүкіл ғұмырында атқарған барша жұмыстарының игілігін көруі. Себебі оған тиісті үлес — осы.
18 Оның үстіне, Құдай бір адамға байлық-дәулет сыйласа және оған соның пайдасын көріп, өз үлесін алып, істеген жұмысынан рақат табуды бұйырса, бұл да Құдайдың берген сыйы.
19 Құдай сондай адамға күнделікті өмірінде қуаныш сыйлайды. Сөйтіп оның өтіп жатқан өмірі туралы ойланып, уайымдауға уақыты да қалмайды.