Уағыздауш

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12


Тарау 10

«Өлген шыбындар бір құты иісмайды сасытар», сол сияқты аз-кем ақымақтығы адамның даналығы мен абыройына зардап жасар.
2 «Дананың жүрегі оң жолды, ақымақтың жүрегі теріс жолды таңдар».
3 «Қай жолмен жүрмесін ақымаққа ақыл жетпес, ол өз топастығын әркімге аян етер».
4 Бастығыңның ашуы өзіңе қарсы лап етсе, орныңнан кетіп қалма! «Кішіпейілділік зор қателерді жауып қояр».
5 Мен осы өткінші дүниеде ақылға сыймайтын тағы бір жайтты байқадым, билік иелері кейде мынадай қате жібереді:
6 Олар ақымақтарды жоғары лауазымға көтереді, ал дәулеттілерді төменгі орындарға отырғызады.
7 Мен тіпті атқа мінген құлдарды, әрі құлдай жаяу жүрген билеушілерді көрдім.
8 Біреуге ор қазған қаскүнем соған өзі құлар, Егістік дуалын қиратқанды жылан шағар.
9 Адам тас қашап жатқанда, абайсызда жараланып қалар, Не ағаш жарып жатқанда өзін зақымдап алар.
10 Өтпейтін балтаны қайрамаса, ағаш жаруға күш көп кетер, Ал даналықтың пайдасы зор, ол түбінде табысқа жеткізер.
11 Жылан арбалмас бұрын шағып алса, Арбаушының қажеті не сонда?
12 Дананың сөздері мейірім көрсетер, Ал ақымақ өз сөзінен зиян шегер,
13 Оның айтқандарының басы топастық, әрі соңы болар жаман есуастық,
14 Әйтсе де ол айтар сөздерін көбейтер. Ал болашақтағы жайттарды кім білер, Кейін не боларын адамға кім айтып берер?
15 Ақылсыз жан жұмыс істесе, қажып қалар, Ол жолын да таппас қалаға апарар.
16 Уа, ел, патшаң бозбаладай тәжірибесіз болып, әміршілерің таң сәріден той тойласа, қасіретке қаласың-ау!
17 Ал патшаң текті жерден шыққан, әміршілерің көңіл көтеру үшін емес, күш жинау үшін уақтылы тамақтанатын болса, уа, мұндай ел, бақыттысың!
18 Жалқаудың үйінің төбесі опырылар, Еріншектің үйінен тамшы ағар.
19 Көңіл көтеруге қонақасы дайындар, Шарап адамның өмірін масайратар, Ақша осы екеуіне де жол ашар.
20 Патшаны іштей болса да жамандама, Байды төсекте жатып та балағаттама! «Ұшқан құс даусыңды іліп әкетер, Айтқан сөзіңді қанатты жеткізер».