Уағыздауш
Тарау 12
Жастық шағыңда Жаратушыңды есіңде берік ұста! Азапты күндерің жетіп, «олардан рақат таппаймын» дейтін жылдарың жақындамай тұрып, Жаратушыңды қастерлейтін бол!
2 Сол кезде күн мен нұр, ай мен жұлдыздар көмескіленіп, жауыннан кейін де қою бұлттар сейілмей адамның көзі нашар көрер.
3 Сонда адамның «үйді қорғайтын» екі аяғы дірілдеп, мықты иықтары бүгілер. Оның тамақты диірмендей шайнайтын тістері аз болғандықтан жұмыстарын доғарар. Терезеден сыртқа қарайтын жанарлары буалдыр тартар.
4 Екі құлағы үйдің көшеге қараған есіктеріндей тас жабылып, астық тартып отырған қол диірменнің үнін құлағы әрең шалар. Адам таң сәріде шымшық шырылдағанда оянар, ал оның әндерін әзер естір.
5 Сол жаста адамдар құлап қалудан қорқып, жолдағы қауіп-қатерден жүрексінер. Шаштары гүлдеген бадам ағашындай әппақ болар. Салқын күндегі шегірткедей адам сүйретіліп зорға жүрер, әрі құштарлығы да қоздырылмас. Ақыр аяғында адам о дүниедегі мәңгілік мекеніне аттанар, ал көше оны жоқтаушыларға толар.
6 Сондықтан өмірдің күміс жібі әлі де үзілмей, алтын тостағаны сынбай, су құятын құмыра талқандалмай, құдықтағы су тартқыш қирап құлап түспей тұрғанда Жаратушыңды есіңде ұста!
7 Себебі сол уақыт келгенде топырақтан жаратылған денеміз топыраққа қайта айналып, жанымыз өзін сыйлаған Құдайға кері қайтады.
8 «Құр бекершілік! — деп үйрететін Даналықты уағыздаушы — (жеке өздігінен өмірдің) бәрі де бекершілік!»
9 Өзі кемеңгер болып қана қоймай, Даналықты уағыздаушы сонымен бірге халыққа тәлім беріп, көптеген нақыл сөздерді ой елегінен өткізіп бағалап, реттеп жазып қойып отырды.
10 Даналықты уағыздаушы бәрін де орынды сөздермен айтып жеткізуге ұмтылды және оның жазғандары шынайы әрі нағыз ақиқат.
11 Данышпандардың сөздері (мүйізді ірі қараны айдайтын) ұшты таяқ іспетті адамды іс-әрекетке жұмылдырады. Сол жиналған нақылдар қағылған шегедей дәл тиеді. Бұлардың бәрін берген — бір Бағушы.
12 Балам, мұның бәріне қоса тағы бір нәрседен де сақ бол: көптеген кітап жаза берудің шегі жоқ, әрі тым көп оқу денені шаршатады.
13 Ал енді, айтылғандардың барлығының қорытындысын тыңдайық: Құдайды терең қастерлеп, Оның өсиеттерін орында! Себебі бұл — әр адамның парызы.
14 Өйткені Құдай адамның әрбір ісіне, тіпті ешкімге білдірмей жасаған не жақсы, не жаман ісіне де Өзінің сотында әділ бағасын береді.