Уағыздауш
Тарау 1
Мұнда Иерусалимде патша әрі даналықты уағыздаушы болған Дәуіт ұлының сөздері берілген.
2 «Құр бекершілік! — деп үйрететін Даналықты уағыздаушы. — (Жеке өздігінен өмірдің) бәрі де құр бекер әрі мағынасыз!
3 Пенденің осы өткінші дүниеде еткен бүкіл бейнетті еңбегінен көрер пайдасы қандай?
4 Ұрпақтар бірінен соң бірі келіп-кетіп жатады, ал жер сол тұрған күйі тұра береді.
5 Күн шығады да батады, содан кейін ол шығатын жеріне қайтуға асығады.
6 Жел оңтүстікке қарай соғып, содан кері айналып, солтүстікке қарай соғады. Ол шыр айналып, бастапқы ізімен қайтып келе береді.
7 Бар өзендер теңізге құяды, бірақ теңіз содан толып кетпейді. Су өзендердің шыққан көздеріне қайта оралып, теңізге қарай аға береді.
8 Өмірде болатын жайттар адамды сөзбен айтып жеткізе алмастай қажытады. «Көз көруден, құлақ естуден қанағат таппас».
9 Бұрын болған нәрсе кейін де болады, істелген іс тағы да істелінеді. Осы өткінші дүниеде түбегейлі жаңа еш нәрсе жоқ.
10 Жұрт бір нәрсе туралы: «Анаған қара, мұндай бұрын-соңды болып көрмеген еді ғой!» — десе де, шынында ол — бізден бұрынғы дәуірлерде болып кеткен жайт.
11 Ежелде өтіп кеткендер ескерілмес, болашақтағыларды солардан кейін дүниеге келетіндер де естерінде ұстамас».
12 Даналықты уағыздаушы, мен, Иерусалим қаласында Исраилге патшалық құрдым.
13 Мен өзімді шын жүректен осы дүниеде болып жатқан нәрселерді зерттеп ұғынып, ақыл-парасатпен сынап ашуға арнадым. Құдайдың адам баласына артқан жүгі қандай ауыр!
14 Осы өткінші дүниеде істеліп жатқан істердің бәріне назар аудардым: олардың барлығы да жел соңынан қуғандай бекершілік екен!
15 «Бұрмаланғанды түзетуге болмайды, жоқ болып кеткенді бар деп те есептеуге болмайды».
16 Мен іштей: «Өзімнен бұрын Иерусалимге билік жүргізгендерге қарағанда мен ұлырақ болып, даналықты молайттым. Ақыл-парасат пен білімді молынан үйреніп алдым», — деп ойлайтынмын.
17 Сондықтан мен даналық пен білім әрі топастық пен ақымақтық туралы мүмкіндігінше көбірек біліп алуға көңіл бөлдім. Бірақ бұның да жел соңынан қуғандай бекершілік екенін ұғындым.
18 Өйткені «адам көбірек түсінген сайын түңіле түседі, көбірек білген сайын күйіне түседі».