Патшалықтар 3-ж
Тарау 4
Сонымен Сүлеймен бүкіл Исраил еліне патшалық құрды.
2 Оның лауазымды қызметкерлері мыналар болды: Садық ұлы Азариях — діни қызметкер,
3 Шишаның ұлдары Елихореп пен Ахиях — хатшылар, Жосапат ұлы Ахилуд — уәзір әрі жылнамашы,
4 Еходай ұлы Бенаях — қолбасшы, Садық пен Абиятар — діни қызметкерлер,
5 Натан ұлы Азариях — аймақ әкімдерінің бастығы, Натан ұлы Забуд — діни қызметкер әрі патшаның жеке кеңесшісі,
6 Ахисар — сарай басқарушысы және Абда ұлы Адонирам — халықтың міндетті жұмыстарын басқарушы.
7 Сүлеймен патшаның бүкіл Исраилдің үстінен қарайтын он екі әкімі болды. Әкімдер патшаны және оның сарай қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Әрқайсысы мұны кезекпен жылдың бір айы бойы атқарды.
8 Олардың аты-жөндері: Ефремнің таулы аймағының әкімі — Бен-Хур,
9 Мақас, Шағалбим, Бет-Шәміш және Елон-Бетханан аймақтарының әкімі — Бен-Декер,
10 Арубот аймағының әкімі — Бен-Хесед, оның қарамағында Сохо мен Хефердің бүкіл жері де болды.
11 Дордың қыратты аймағының әкімі — Бен-Абинадап, ол Сүлейменнің қызы Тафатқа үйленген болатын.
12 Тағанах пен Мегидо қалаларында және олардан бастап Ізрелден төмен қарай Сартанның жанындағы Бет-Шанның барлық маңайында әрі Әбел-Мехола арқылы Жоқмеамның арғы жағына дейін созылып жатқан аймақтың әкімі — Ахилуд ұлы Бағана.
13 Ғилақадтағы Рамоттың әкімі — Бен-Гебер. Ғилақадтағы Манаса ұлы Жайырдың қоныстары әрі Башандағы Арғоптың төңірегі, жалпы саны алпыс үлкен де бекіністі қала оның қарамағында болды. Қалалар қамал қабырғаларымен қоршалып, қақпалары кесе-көлденең қола ысырмалармен бекітілетін.
14 Маханайым аймағының әкімі — Иддо ұлы Ахинадаб.
15 Нафталим жерінің әкімі — Ахимағас, ол Сүлейменнің қызы Басематқа үйленген болатын.
16 Ашир жері мен Алот қаласының әкімі — Хушай ұлы Бағана.
17 Исашар жерінің әкімі — Паруах ұлы Жосапат.
18 Бунямин жерінің әкімі — Ела ұлы Шимей.
19 Ғилақадтағы бұрын аморлықтардың патшасы Сихон мен Башанның патшасы Ог билік жүргізген аймақтың әкімі — Ұри ұлы Гебер. Яһуда жерінің де бір әкімі болатын.
20 Яһуда мен Исраилдің халқы теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай көп болды. Олар тойына тамақтанып, көтеріңкі көңілмен өмір кешті.
21 Сүлеймен патша (солтүстік-шығыстағы) Евфрат өзенінен (оңтүстік-батыстағы) філістірлер елі мен Мысыр шекарасына дейінгі барлық патшалықтарға билік жүргізді. Сол елдер Сүлейменнің көзі тірісінде оған алым-салықтарын төлеп, тәуелді болды.
22 Күн сайын Сүлейменнің сарайына мына азық-түліктің төмендегі мөлшері әкелінетін: отыз қап таңдаулы бидай ұны, алпыс қап өзге ұн,
23 бордақыланған он және жайлауда семіртілген жиырма мүйізді ірі қара, жүз қой-ешкі, оның үстіне бұғы, киік, елік және семіртілген құстар.
24 Сүлеймен Евфрат өзенінің бойындағы Типсахтан бастап батысқа қарай, (Жерорта теңізінің жағалауындағы) Газаға дейінгі бүкіл өлкеге және ондағы барша патшаларға үстемдік жүргізді. Оның патшалығының барлық жағында тыныштық орнады.
25 Сүлеймен патшалық құрған уақыттың бәрінде Яһуда мен Исраилдің халқы алаңсыз тіршілік етіп, солтүстіктегі Даннан оңтүстіктегі Бер-Шебаға дейінгі бүкіл өлкеде әр адам өз бау-бақшасында тұрып жемістерін рақаттана жейтін.
26 Сүлейменнің төрт мың жылқыға арналған қоралары әрі он екі мың жылқысы болды.
27 Тағайындалған он екі аймақ әкімі Сүлеймен патшаны және оның дастарқан басындағылардың бәрін азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрды. Әрбір әкім өз кезегін атқаратын айда ештеңенің де қалыс қалмауын бақылап қызметін атқаратын.
28 Бұған қоса әкімдер патшаның күймелеріне жегілетін жылқылары мен өзге көліктерге арнап, белгілі жерлерге өз кезектері бойынша арпа мен сабан да жеткізіп тұратын.
29 Құдай Сүлейменге орасан зор даналық пен түсінік дарытып, теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай мол білім сыйлады.
30 Сүлейменнің даналығы шығыс елдері мен Мысыр елінің кемеңгерлерінің ақыл-парасатынан да асып түсті.
31 Ол барлық басқа адамдардан да өткен дана болды. Оның ақылы езрахтық Етаннан, Мақолдың ұлдары Хеман, Халқол, Дардалардан да асты. Осылайша Сүлейменнің атақ-даңқы айналадағы барлық елдердің халықтарына тарады.
32 Сүлеймен үш мың нақыл сөз айтып, бір мың бес ән-жыр құрастырды.
33 Ол Ливандағы зәулім самырсын ағашынан бастап, қабырға жарығынан өсіп шығатын сайсағызға дейін күллі өсімдіктер жайлы тәлім берді. Сондай-ақ, ол малдар, құстар, бауырымен жорғалаушылар және балықтар туралы да айтып кеткен.
34 Бүкіл дүниенің патшалары Сүлеймен патшаның даналығы туралы естіп білгендіктен, күллі ұлттардың өкілдері оның даналығын тыңдап, үйренуге келіп жататын.