Патшалықтар 3-ж
Тарау 2
Дәуіт өзінің көз жұмар кезі жақындағанда, ұлы Сүлейменге мынадай өсиет айтты:
2 — Адам атаулы іспетті мен де бұ дүниеден өтпекшімін. Ал сен күшті де батыл ер азамат бол!
3 Қайда барсаң да, не істесең де, табысты болуың үшін Құдайың Жаратқан Иенің өзіңе тапсырған міндетін орындайтын бол! Оның Мұса арқылы берген Таурат заңында жазылған барлық ережелері мен өсиеттерін, шешімдері мен бұйрықтарын бұлжытпай орындап, Оның ізгі жолымен жүретін бол!
4 Сонда ғана Жаратқан Ие маған берген мына уәдесін орындайтын болады: «Егер сенің ұрпақтарың ізгі жолыммен жүруге мұқият болып, Менің көз алдымда шын жүректен адал өмір сүрсе, онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады!»
5 Ал тағы айтарым мынау: Сарұяның ұлы Жоғабтың маған не істегенін өзің білесің. Ол Исраилдің екі қолбасшысын: Нер ұлы Әбенир мен Етер ұлы Амасаны өлтірді. Сонда Жоғаб шайқаста төгілген қанның кегін бейбіт кезде қайтарды. Ол осылай қастандықпен қан төгіп, беліне таққан белбеуін, аяғына киген аяқкиімін былғап арамданды.
6 Сен даналықпен әрекет етіп, оның ақ қырау шалған басының өз өлімімен қабірге түсуіне жол берме!
7 Ал ғилақадтық Барзилайдың ұлдарына мейірім көрсетіп, оларды өз дастарқаныңнан тамақтанатындардың қатарына қос. Ағаң Абессаломнан бас сауғалап қашқанымда солар менің алдымнан шығып, қолдау көрсеткен болатын.
8 Бахуримнен шыққан буняминдік Гера ұлы Шимейдің өзіңе жақын тұратынын ұмытпа! Мен Маханайымға бара жатқанымда, ол маған қарғыс айтып, нәлет жаудырды. Бірақ кейін ол Иорданның жағасында қарсылап алдымнан шыққанда, мен оған «Сені өлтірмеймін!» деп ант бердім.
9 Ал енді оны кінәсіз деп жүрме. Сен парасатты адамсың ғой, оған не істеу керек екендігін білетін боласың: Басын ақ қырау шалған ол қаны төгіліп о дүниеге аттанатын болсын!
10 Сонымен Дәуіт көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның мәйіті Иерусалимдегі Дәуіттің шаһарында қабірге қойылды.
11 Дәуіт Исраил еліне барлығы қырық жыл: Хебронда жеті жыл, Иерусалимде отыз үш жыл патшалық құрған еді.
12 Енді Сүлеймен әкесі Дәуіттің тағына отырып, оның патшалық билігі берік орнықты.
13 Бірде Аггиттің ұлы Адониях Сүлейменнің шешесі Барсабияға барды. Патшайым одан: — Неге келдін, аманшылық па? — деп сұрады. Адониях: — Аманшылық, — деп жауап берді. Мұнан кейін ол: —
14 Сізге айтатын бір шаруам бар еді, — деп қосты. Барсабия: — Онда айта бер! — деді.
15 Адониях: — Өзіңіз мынаны жақсы білесіз: Патшалық билікті менің иемденуім тиіс еді. Бүкіл Исраил да менің патша болуымды тосып жүрді. Алайда жағдай өзгеріп, патшалық билік інім Сүлейменге өтті. Себебі Жаратқан Ие соны ініме бұйыртқан болатын.
16 Ал енді, менің сізге деген бір өтінішім бар, қолымды қаға көрмеңізші! — деді. Патшайым: — Айта бер, ол не екен? — деп жауап берді.
17 Адониях: — Сүлеймен патшамен сөйлесіңізші, ол сіздің бетіңізді қайтармайды ғой. Маған әйелдікке шунемдік Абисағаны берсін! — деп өтінді.
18 Барсабия: — Жарайды, сен туралы патшамен сөйлесіп көрейін, — деді.
19 Барсабия Адонияхтың өтініші туралы сөйлесу үшін Сүлеймен патшаға барды. Сүлеймен шешесін қарсы алып орнынан тұрып, құрмет көрсете иіліп, қайтадан тағына отырды. Шешесіне арнап өзінің оң жағынан тақ қойғызып, соған отырғызды.
20 Барсабия тіл қатып былай деді: — Сізге деген бір кішкентай бұйымтайым бар еді. Соған жоқ дей көрмесеңіз екен! — Патша оған: — Иә, анашым, ол қандай өтініш? Сізге жоқ демеспін, — деді. Патшайым:
21 — Шунемдік Абисаға ағаңыз Адонияхқа әйелдікке берілсе екен, — деп өтінді.
22 Сүлеймен патша мұны естігенде, шешесіне: — Адонияхқа шунемдік Абисағаны қос деп неге сұрайсыз? Одан да бірден патшалықты да бере сал деп айтпайсыз ба?! Ол менің ағам ғой. Оның өзіне және діни қызметкер Абиятар мен қолбасшы Сарұя ұлы Жоғабқа да патшалықты бере сал деп сұрамайсыз ба? — деп жауап берді.
23 Содан патша Жаратқан Иенің атымен былай деп ант етті: «Осы нәрсені айтқаны үшін Адониях жанынан айырылмаса, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін!
24 Мәңгі тірі Жаратқан Ие мені патша етіп әкем Дәуіттің тағына отырғызған, әрі Өзі уәде еткендей әулетімді де бекіткен. Оның алдында шын айтамын: Адониях бүгін-ақ өледі!»
25 Патша Еходай ұлы Бенаяхқа бұйрық беріп, ол Адонияхты семсермен шауып өлтірді.
26 Патша діни қызметкер Абиятарға былай деп бұйырды: «Анатоттағы өзіңнің егістік жеріңе бар. Сен өлімге лайықтысың. Алайда әкем Дәуіттің көзі тірі кезінде Жаратушы Тәңір Иенің Келісім сандығын көтеріп жүріп, әкемнің көрген бүкіл қиындықтарын бірге бөліскенің үшін, сені бүгін өлтірмей-ақ қояйын». —
27 Осылай Сүлеймен Абиятарды Жаратқан Иеге бағышталған діни қызметтен шеттетіп, Жаратқан Иенің Шилодағы Елидің әулетінің үстінен шығарған үкімін жүзеге асырды.
28 Осы болып жатқан оқиғалар туралы хабар Жоғабқа да жетті. Ол кезінде Абессаломның бүлігін жақтамаған болса да, енді Адонияхтың көтерілісін қолдаған еді. Сондықтан Жоғаб Жаратқан Иенің киелі шатырына қашып кетті. Сондағы құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарынан жабысып ұстап алды.
29 Сүлеймен патшаға: «Жоғаб Жаратқан Иенің шатырына қашып барды, енді ол құрбандық үстелінің қасында тұр», — деген хабар жетті. Сүлеймен Еходай ұлы Бенаяхты: «Оны өлтір!» — деген бұйрықпен сонда жіберді.
30 Бенаях Жаратқан Иенің шатырына барып, Жоғабқа: — Патша саған: «Бері шық!» деп бұйырып жатыр! — деді. Бірақ ол: — Жоқ, мен осы жерде-ақ өлемін! — деді. Бенаях патшаға қайтып келіп, Жоғабтың не деп жауап қайтарғанын айтып берді.
31 Сонда патша Бенаяхқа былай деп әмір етті: «Оның айтқанын істе! Оны шауып өлтіріп, қабірге қойғыз. Осылайша Жоғаб төккен жазықсыз қанның кінәсінен өзімді және әкемнің әулетін тазарт.
32 Енді Жаратқан Ие жазықсыз төккен қанын Жоғабтың мойнына салады. Себебі ол әкем Дәуіт марқұмға білдірмей, өзінен әділ де ізгі екі адамды: Исраилдің қолбасшысы Нер ұлы Әбенирді және Яһуданың қолбасшысы Етер ұлы Амасаны семсерімен шауып өлтірді.
33 Олардың төгілген қаны мәңгі бақи Жоғабтың және оның үрім-бұтағының мойындарында болсын! Ал Дәуіттің өзіне, оның үрім-бұтағына, әулетіне және патшалық тағына Жаратқан Ие мәңгілік амандық пен тыныштық сыйласын!»
34 Еходай ұлы Бенаях киелі шатырға қайтып барып, Жоғабты шауып өлтірді. Оның мәйіті айдаладағы үйінің маңындағы қабірге қойылды.
35 Патша Жоғабтың орнына Еходай ұлы Бенаяхты әскердің қолбасшысы, ал Абиятардың орнына Садықты бас діни қызметкер етіп тағайындады.
36 Мұнан кейін патша буняминдік Шимейді шақырып алып, оған былай деп бұйрық берді: — Өзіңе Иерусалимде үй салып ал. Соған қоныстан да, қаладан ешқайда шығушы болма!
37 Біліп қой, қаладан шығып, Қидрон сайын кесіп өтетін болсаң, сен міндетті түрде өлесің. Сонда төгілген қаның өз мойныңда болады. —
38 Шимей патшаға: — Айтқаныңыз дұрыс. Патша ием не десе, алдыңыздағы құлыңыз соны орындайды! — деп жауап берді. — Сөйтіп Шимей Иерусалимде тұрып жатты.
39 Алайда үшінші жылдың соңына қарай Шимейдің құлдарының екеуі Ғат патшасы Маха ұлы Анхұсқа қашып кетті. Құлдарының Ғатта екендігі туралы Шимей де естіді.
40 Сонда ол есегін ерттеп, Ғаттағы Анхұс патшаға барып, құлдарын іздеп тауып, қайтарып алып келді.
41 Шимейдің Ғатқа барып-қайтқандығы туралы Сүлеймен біліп қойды.
42 Содан патша Шимейді шақырып алды да, оған былай деді: «Мен саған Жаратқан Иенің атынан ант еткізіп, «Қаладан шығып, басқа жаққа барған күні міндетті түрде өлесің» деп ескертпеп пе едім!? Сонда сен: «Айтқаныңыз дұрыс, құлдық!» деп келіскен едің.
43 Ал енді, Жаратқан Иеге берген сол сертіңді және менің өзіңе тапсырған бұйрығымды неге бұздың? —
44 Содан патша Шимейге тағы мынаны айтты: — Әкем Дәуіт марқұмға жасаған барлық зұлымдықтарыңды өзің де білесің. Жаратқан Ие енді соларды өз басыңа үйіріп отыр.
45 Ал Сүлеймен патша жарылқанып, Дәуіттің патшалық тағы Жаратқан Иенің алдында мәңгілікке орнығатын болады!»
46 Содан патша Еходай ұлы Бенаяхқа бұйрық беріп, ол Шимейді сыртқа шығарып, шауып өлтірді. Сонымен Сүлейменнің патшалық билігі берік орнады.