Патшалықтар 3-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22


Тарау 21

Бұлардан кейін ізрелдік Набутай деген кісінің жүзімдігіне байланысты мына оқиға болды. Осы жүзімдік Самарияның патшасы Ахабтың Ізрел қаласындағы сарайының жанында орналасқан еді.
2 Ахаб Набутайға: — Жүзімдігің менің сарайымның қасында екен. Оны маған бере сал, сонда көкөніс өсірейін. Ал оның орнына мен саған одан әлдеқайда артық бір жүзімдікті берейін, не болмаса құнын күміспен төлейін! — деді.
3 Бірақ Набутай оған: — Бұл жүзімдік — ата-бабаларымнан қалған мұралық үлесім. Оны сізге сатудан Жаратқан Иенің Өзі сақтасын! — деп жауап қайтарды.
4 Ізрелдік Набутайдың «Ата-бабаларымнан қалған мұраны сізге бермеймін!» деген жауабына Ахаб қапаланып, түнере ашуланған күйі сарайына қайтты. Сонда ол төсегіне жатып, бетін басқа жаққа бұрып, нәр татпады.
5 Әйелі Езабел Ахабтың бөлмесіне кіріп: — Тіпті тамақтан бас тартатындай неге көңіліңіз түсіп қапаланып отырсыз? — деп сұрады.
6 Ахаб былай деп жауап қатты: — Мен ізрелдік Набутайға: «Жүзімдігіңді маған күміске сатшы, немесе оның орнына басқа жүзімдік берейін» деп едім. Бірақ ол: «Мен сізге жүзімдігімді бермеймін!» деп бас тартты. —
7 Сонда Езабел: — Сен енді осындай әрекетіңмен Исраилге патшалық құрасың ба?! Орныңнан тұрып, тамақ же! Ол туралы уайымдамай-ақ қой! Ізрелдік Набутайдың жүзімдігін мен-ақ қолыңа тапсырамын, — деді.
8 Езабел Ахабтың атынан бірнеше хат жаздырды да, оларды патшаның мөрімен бекіттіріп, Набутайдың тұрып жатқан қаласының ақсақалдары мен басқа да жетекшілеріне жібертті.
9 Сол хаттарда ол былай деп бұйырды: «Ораза тұту күнін жариялап, жиналыңдар! Сонда Набутайды төрге отырғызыңдар!
10 Оған қарама-қарсы екі арсыз адамды отырғызып, олар Набутайды: «Сен Құдай мен патшаға қарсы қарғыс айттың!» деп айыптасын. Содан оны қаладан шығарып, таспен атқылап өлтіріңдер!»
11 Ізрел қаласының ақсақалдары мен атақты байлары Езабелдің хатында бұйырғанын бұлжытпай орындады.
12 Олар ораза тұту күнін жариялап, Набутайды төрге отырғызды.
13 Екі арсыз адам да келіп, оның қарсы алдына отырды. Сол екеуі халықтың алдында: «Набутай Құдай мен патшаға қарсы қарғыс айтты!» — деп жалған куәлік келтіріп, кінә тақты. Содан халық Набутайды қаланың сыртына алып шығып, таспен атқылап өлтірді.
14 Мұнан кейін ақсақалдар Езабелге «Набутай таспен атқыланып өлтірілді» деген хабар жіберді.
15 Езабел оның осылай өлтірілгенін естігеннен кейін, Ахабқа: «Бар да, ізрелдік Набутайдың саған күміске сатудан бас тартқан жүзімдігін иемденіп ал. Өйткені Набутай жоқ, өліп қалыпты ғой», — деді.
16 Ізрелдік Набутайдың өлгенін естігенде, Ахаб орнынан тұрып, оның жүзімдігін иемденіп алмақ болып сонда барды.
17 Ал Жаратқан Ие тішбелік Ілияс пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
18 «Жиналып, Самарияда тұрып жатқан Исраил патшасы Ахабқа бар! Дәл қазір ол Набутайдың жүзімдігін иемденіп алу үшін сонда ылдилап барды.
19 Оған Менің атымнан былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Кісі өлтіріп, енді оның мұралық жер үлесін тартып алмақсың ба?! Оған тағы мына сөзді айт: Набутайдың қанын жалаған орында иттер сенің де қаныңды жалайтын болады!»
20 Ал Ахаб Ілиясқа тіл қатып: — Таптың ба мені, жауым! — деді. Сонда пайғамбар былай деп жауап қайырды: — Сізді таптым, себебі Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге толықтай сатылғансыз!
21 Сол себепті Жаратқан Ие сізге мынаны айтады: «Саған жамандық жіберіп, сені түп-тамырыңмен құртамын. Ахабтың әулетіне жататын азат болсын, басыбайлы болсын, барлық еркек кіндіктілерді жоямын!
22 Сенің әулетіңді Набат ұлы Еробоғамның әулетіндей әрі Ахиях ұлы Бағасаның әулетіндей етіп құртамын! Себебі сен Мені қаһарландырып, Исраилді күнәға батырдың».
23 Ал Езабел туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Ізрел қамалының маңында иттер Езабелдің тәнін жалмайды!
24 Ахабтың әулетіне жататын адам қалада өлсе, оны иттер жалмайды, далада өлсе, жыртқыш кұстар шоқиды!»
25 Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге соншама берілген Ахаб сияқты ешкім де бұған дейін болмады. Оның әйелі Езабел осыған түрткі салып отырды.
26 Ахаб жалған тәңірлердің мүсіндеріне табынып өте жеркенішті қылық жасап жүрді. Осылай ол Жаратқан Ие баяғыда исраилдіктердің алдынан қуып жіберген аморлықтардың зұлым істеріне еліктеді.
27 Ахаб патша (Жаратқан Иенің пайғамбар арқылы жеткізген) осы сөздерін естігенде, көйлегінің өңірін айыра жыртып, жалаңаш тәніне азалы киім киіп, тамақ татпады. Ол тіпті азалы киімімен ұйықтап, қатты қайғырып жүрді.
28 Сонда Жаратқан Ие тішбелік Ілиясқа сөзін арнап былай деді:
29 «Ахабтың кішіпейіл болып мойынсұнғанын көрдің бе? Ол өзін алдымда кішірейтіп қайғыланғаны үшін, Мен жіберейін деп отырған пәлені Ахабтың көзі тірісінде емес, ұлының заманында ғана оның әулетінің бастарына түсіремін».