Патшалықтар 3-ж
Тарау 18
Елді қуаңшылық жайлаған үшінші жылы Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап: «Ахаб патшаның алдына барып көрін, өйткені Мен елге жауын жіберемін!» — деді.
2 Сонда Ілияс Ахабқа көріну үшін жолға шықты. Самария жерінде аштық қатты үдеп тұрды.
3 Сондықтан Ахаб патша сарайын басқаратын уәзірі Абадияхты шақырып алды. Ал Абадиях Жаратқан Иені айрықша терең қастерлейтін адам болатын.
4 Патшайым Езабел Жаратқан Иенің пайғамбарларының көздерін құртқан кезде Абадиях жүз пайғамбарды елу-елуден екі үңгірге тығып, нан-суларымен қамтамасыз етіп тұрған болатын.
5 Енді Ахаб Абадияхқа бұйрық беріп былай деді: «Бүкіл елді аралап, ондағы барлық бұлақтар мен сай-салаларды қарап шық! Мүмкін, біраз жайылым тауып, жылқыларымыз бен қашырларымызды аман сақтап қалып, ешбір көлік малымызды өлтіруге мәжбүр болмаспыз!» —
6 Сонымен олар барлау үшін елді өзара бөліп, Ахаб бір жаққа, Абадиях басқа жаққа бет алып кетті.
7 Жол жүріп бара жатқанда Абадиях уәзір күтпеген жерден Ілияс пайғамбармен кездесіп қалды. Абадиях оны танып, жерге дейін иіліп тағзым етіп: — Уа, мырзам Ілияс, бұл шынымен-ақ сіз бе едіңіз? — деп сұрады.
8 Пайғамбар оған: — Иә, бұл менмін. Қожайыныңа барып, менің осында екенімді айт! — деп тапсырды.
9 Алайда Абадиях уәзірдің жауабы мынау болды: — Мені Ахабтың қолына беріп, өлтіртетіндей қандай күнә жасап қойдым?
10 Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: қожайыным Ахаб сізді іздетіп, артыңыздан адам жібермеген бірде-бір патшалық та, не халық та қалған жоқ. Олар: «Ол мұнда жоқ» десе, патша олардан сізді таба алмағандары жайлы ант алып отырды.
11 Енді сіз маған: «Қожайыныңа барып, Ілияс осында деп айт!» дейсіз.
12 Бірақ мен кете салысымен-ақ Жаратқан Иенің Рухы сізді мен білмейтін бір жаққа алып кетіп жүрер. Сонда мен Ахабқа барып айтқаннан кейін, ол келіп, сізді таба алмай қалса, менің көзімді құртады ғой. Ал мен жастық шағымнан Жаратқан Иені терең қастерлеп келемін.
13 Езабел Жаратқан Иенің пайғамбарларын құртып жатқан кезде менің не істегенім жайлы сізге айтылмап па еді? Мен жүз пайғамбарды елу-елуден екі үңгірге жасырып қойып, оларды нан-суларымен қамтамасыз еттім ғой.
14 Ал сіз енді: «Қожайыныңа барып, Ілияс осында деп айт!» дейсіз. Солай істесем, ол мені сөзсіз өлтіреді! —
15 Бірақ Ілияс: — Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Әлемнің Иесінің алдында шын айтамын: бүгін мен міндетті түрде Ахаб патшаның алдына барып көрінемін, — деп ант етті.
16 Сонда Абадиях Ахабқа барып, болған жайды айтып берді. Ахаб Ілияспен кездесу үшін жолға шықты.
17 Ахаб Ілиясты көре салысымен, оған тіл қатып: — Исраилдің басына пәле түсірген адам сен бе едің?! — деді.
18 Ілияс оған жауап беріп: — Исраилдің басына пәле түсірген мен емеспін, керісінше, сіздің өзіңіз бен әулетіңіз! Себебі сіздер Жаратқан Иенің бұйырған өсиеттерінен бас тартып, Бағалдың тас мүсіндеріне құлшылық етіп табынып кеттіңіздер!
19 Ал енді, менімен жүздесу үшін Қармил тауына бүкіл Исраил халқын, Езабелдің дастарқанынан тамақтанатын Бағалдың төрт жүз елу пайғамбарын және Ашераның төрт жүз пайғамбарын жинап беріңіз! — деді.
20 Сонда Ахаб бүкіл Солтүстік Исраил бойынша жаршыларын жіберіп, халықты және күллі пайғамбарларды Қармил тауына жинады.
21 Ілияс пайғамбар халықтың алдына шығып, оларға тіл қатып былай деді: — Қашанға дейін екі ойлы болып толқып жүре бермексіңдер? Егер Жаратқан Ие Құдай болса, онда Оның жолымен жүріңдер! Ал егер Бағал Құдай болса, соның жолымен жүріңдер! Бірақ халық пайғамбарға жауап беріп, бір сөз де айтқан жоқ.
22 Сонда Ілияс халыққа былай деді: — Жаратқан Иенің пайғамбарларынан қалған жалғыз өзім ғана, ал Бағалдың пайғамбарлары төрт жүз елу!
23 Бізге екі бұқаны алып келіңдер! Бағалдың пайғамбарлары біреуін таңдап алып, шалып, бөлшектесін. Оның етін отынның үстіне қойсын, бірақ от тұтатпасын. Мен екінші бұқаны шалып, бөлшектеп, оның етін отынның үстіне қояйын. Мен де от тұтатпаймын.
24 Мұнан кейін өздеріңнің тәңірлеріңе дауыстап сиыныңдар, ал мен Жаратқан Иеге дауыстап сиынайын. Сонда от жіберіп жауап берген Құдай — шынайы Құдай! — Бүкіл халық бұған: — Осы дұрыс! — деп жауап берді.
25 Содан Ілияс Бағалдың пайғамбарларына бұрылып: «Алдымен сендер бұқалардың біреуін таңдап алып, дайындаңдар, көпсіңдер ғой! Тәңірлеріңе сиынып оны шақырыңдар! Бірақ от тұтатпаңдар!» — деп тапсырды.
26 Олар бір бұқаны таңдап алып, шалып, дайындады. Мұнан кейін олар таңертеңнен түске дейін Бағалға сиынып: «Уа, Бағал, бізге жауап бере гөр!» — деп айқайлаумен болды. Бірақ ешбір дауыс та шықпады, ешкім жауап та қатпады. Бағалдың пайғамбарлары өздері тұрғызған құрбандық орнының айналасында секіріп билей берді.
27 Түс мезгілінде Ілияс оларды келекелеп: «Қатты дауыспен шақырыңдар! Ол «тәңір» емес пе?! Мүмкін, ол терең бір ойға шомып не түзге шығып, не жол жүріп кеткен шығар. Яки ұйықтап жатса керек, ояту қажет сияқты!» — деп мазақтады.
28 Бағалдың пайғамбарлары өршелене айқайлап, дәстүрлері бойынша денелерінен қан шыққанша өздерін найза-семсермен тілгілей берді.
29 Түстен кейін де олар кешкі құрбандықтың уақытына дейін еліріп, тәңірлерін шақырумен болды. Бірақ еш дауыс та болмады, ешкім жауап та қатпады не көңіл де бөлмеді.
30 Содан Ілияс бүкіл халықты: «Маған жақындап келіңдер!» — деп шақырды. Барлығы оған жақындап келгенде, пайғамбар Жаратқан Иенің қиратылған құрбандық ұсыну орнын қайта тұрғызып жөндеді.
31 Сол үшін Ілияс он екі тасты алды: Жақыптың он екі ұлынан тараған әрбір ру үшін бір тастан. Ежелде Жаратқан Ие Жақыпқа сөзін арнап, оның есімін Исраил деп өзгерткен болатын.
32 Сол он екі тастан пайғамбар Жаратқан Иенің атына арнап құрбандық ұсыну орнын салды. Содан соң оны айналдыра екі шелек астық дәні сиятындай арық қазды.
33 Құрбандық орнының үстіне отындық ағаштарды қаластырып, бұқаны шалып, бөлшектеп, отынның үстіне қойды. Содан соң ол жұртқа: «Төрт үлкен құмыраға су құйып, оны құрбандықтың және отынның үстіне құйыңдар!» — деді.
34 Бұдан соң ол: «Тағы да құйыңдар!» — деді. Жұрт екінші рет құйғанда ол: «Үшінші рет құйыңдар!» — деп бұйырды. Олар үшінші рет те құйды.
35 Құйылған су құрбандық орнының үстінен төменге ағып, оның айналасындағы арықты да толтырды.
36 Кешкі құрбандықтың уақытында Ілияс пайғамбар құрбандық орнына жақындап келіп, былай деп сиынды: «Уа, Жаратқан Ие, Ыбырайымның, Ысқақтың, Жақыптың Құдайы! Өзіңнің Исраилдегі Құдай екеніңді, менің өз қызметшің екенімді және осының барлығын Сенің бұйрығыңа сай істеп отырғанымды бүгін анық білдіре көрші!
37 Уа, Жаратқан Ие, жауап берші! О, Ием, мына халық Сенің Құдай екеніңді және олардың жүректерін қайтадан Өзіңе бұрып жатқаныңды біле алулары үшін маған жауап бере гөр!»
38 Сонда аспаннан Жаратқан Иенің оты түсіп, құрбандықты, отынды, тастар мен топырақты жалмап өртеп, арықтағы суды да құрғатып жіберді.
39 Тұрған халық мұны көргенде етпеттерінен жерге жығыла кетіп: «Жаратқан Ие — Құдай! Жаратқан Ие — Құдай!» — деп айқайлай берді.
40 Сонда Ілияс оларға: «Бағалдың пайғамбарларын ұстаңдар! Ешқайсысының қашып құтылуына жол бермеңдер!» — деп бұйырды. Халық оларды ұстап алды. Содан Ілияс бәрін Қишон сайына бастап алып барып, сол жерде көздерін құртты.
41 Мұнан кейін Ілияс Ахаб патшаға: «Ал енді, өрлеп барып, тамақ ішіп-жеңіз! Жақындап келе жатқан нөсердің даусын естіп тұрмын», — деді.
42 Содан Ахаб тамақтануға кетті. Ал Ілияс Қармил тауының төбесіне қарай көтерілді. Сонда ол жерге дейін иіліп, басын екі тізесінің арасына қойып отырып (Жаратқан Иеге дұға етті).
43 Пайғамбар қызметші жігітіне: «Жоғары қарай көтеріліп, теңіз жаққа қарашы!» — деген болатын. Қызметшісі көтеріліп барып қарап, ештеңенің жоқ екенін айтты. Ілияс бұдан кейін қызметшісін: «Қарап кел!» — деп жеті рет жіберді.
44 Жетінші ретте ғана қызметшісі барып келіп: — Әне, теңіз жақтан алақандай ғана бұлт көтеріліп келе жатыр! — деді. Сонда Ілияс: — Бар да, Ахабқа былай де: «Күймеңізді жегіп алып, жаңбыр астында қалып қоймау үшін үйіңізге қайтыңыз!» — деп тапсырды.
45 Осы аралықта аспан жөңкіп келіп қалған бұлттардан қап-қара болып қарайып, қатты жел соғып, жаңбыр құйып кетті. Ал Ахаб күймесіне отырып, Ізрел жаққа қарай кеткен болатын.
46 Сол кезде Жаратқан Ие Ілиясқа құдіретті қолын тигізіп, оған күш-қуат сыйлады. Содан ол шапанының етегін белдігіне түріп алып, сонау Ізрелге дейінгі жол бойында Ахабтан бұрын жүгіріп отырды.