Билер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21


Тарау 7

Содан соң Еруб-Бағал (деп те аталған Гедеон) және онымен бірге бүкіл жасақ ерте тұрып, Харод бұлағының жанында қостарын тікті. Мадияндықтардың тұрағы олардан солтүстікте, Море төбесінің маңындағы аңғарда болатын.
2 Жаратқан Ие Гедеонға былай деп тапсырды: «Мадияндықтарды қолдарына тапсыруым үшін сенімен бірге шыққан жасақ тым көп. Әйтпесе кейін исраилдіктер «Өз күшіміз бізді жау қолынан құтқарды» деп Менің алдымда мақтанып жүрер.
3 Сондықтан жасақтың алдында: «Кім жүрексініп тұрса, осы Ғилақад төбесінен кетіп, үйіне қайта берсін!» деп жарияла». — Гедеон солай істегенде, жиырма екі мың адам үйлеріне қайтып, он мыңы ғана қалды.
4 Бірақ Жаратқан Ие: «Сарбаздар әлі де тым көп. Оларды төменге қарай, суға алып бар. Сол жерде Мен оларды іріктеймін. Содан кейін кімнің баратынын, кімнің бармайтынын Өзім саған анықтап айтып беремін», — деді.
5 Осылайша Гедеон жасақты төменге, ағып жатқан су көзіне ертіп алып барды. Жаратқан Ие оған нұсқап былай деді: «Суды ит сияқты жалап ішкендерді бір жаққа, тізерлеп ішкендерді басқа жаққа бөлекте!» —
6 Сонда суды алақанымен ұрттап, жалап ішкендердің саны үш жүз болды, ал қалған сарбаздардың барлығы суды тізерлеп жатып ішті.
7 Мұнан кейін Жаратқан Ие Гедеонға уәде беріп: «Мен осы үш жүз адаммен сендерді құтқарып, мадияндықтарды қолыңа тапсырамын. Ал қалғандары үйлеріне қайта берсін», — деді.
8 Гедеон үш жүз сарбазды бөлек тұрғызып, қалғандарының азық-түліктері мен кернейлерін алып қалып, өздерін қостарына қайтарып жіберді. Мадияндықтардың тұрағы төменде, аңғарда болатын.
9 Сол түні Жаратқан Ие Гедеонға былай деп бұйырды: «Орныңнан тұрып, ылдилап мадияндық жасақшылардың тұрағына аттан! Себебі Мен оны сенің қолыңа тапсырдым.
10 Ал егер шабуыл жасаудан қауіптенсең, көмекші Пурахты ертіп аңғардағы Мадиянның тұрағына білдіртпей түс.
11 Сол жерде олардың айтқан сөздеріне құлақ түр. Сонда естігендерің арқылы жігерленіп, жасақшылар тұрағына шабуыл жасауға батылданасың». Содан Гедеон көмекшісі Пурахпен тұрақ шетіндегі бір жасақшылар тобына таяп барды.
12 Ал күллі мадияндықтар, амалектіктер және шығыстың басқа да көшпелі тайпалары аңғарда шегіртке үйірлеріндей қаптап, түйелері де теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей сансыз көп болып жатыр екен.
13 Гедеон таяп келгенде, бір адам өзінің көрген түсін жолдасына айтып жатты: — Мен мынадай түс көрдім: бір таба арпа наны мадиянның тұрағына домалап құлап түсіпті. Ол бір қосқа соғылып, оны аударып түсіріп, жермен-жексен қылған екен. —
14 Жолдасы: — Бұл түс сол исраилдік Жоғас ұлы Гедеонның семсері туралы ғана болуы мүмкін! Құдай Мадиянды және оның бүкіл тұрағын соның қолына тапсырған болса керек! — деп жауап қайтарды.
15 Гедеон осы түсті әрі оның жоруын естіген соң, Жаратқан Иеге басын иіп ғибадат етті. Исраилдің тұрағына қайта оралғаннан кейін ол: «Тұрыңдар! Жаратқан Ие Мадиян жасағының тұрағын сендердің қолдарыңа тапсырды!» — деп әмір берді.
16 Гедеон үш жүз адамын үш топқа бөліп, әрбір адамның қолына бір-бірден керней және ішінде жанып тұрған алауы бар бос құмыраларды ұстатты да,
17 оларға былай деп бұйырды: «Маған қарап, істегендерімді қайталаңдар! Мен тұрақтың шетіне жеткенде дәл менің істегенімдей сендер де істеңдер!
18 Мен және қасымдағылар дабыл беріп керней тартқан кезде сендер де тұрақты айналдыра кернейлеріңді тартыңдар! «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін (семсер)!» деп айқайлап ұран да салыңдар!»
19 Түн ортасында, екінші күзет енді ғана басталған кезде Гедеон қасындағы бір жүз адамымен тұрақтың шетіне жетті. Олар кернейлерін тартып, қолдарындағы құмыраларын сындырып тастады.
20 Сонда үш топтың күллі адамдары да кернейлерін тартып, құмыраларын сындырды. Олар сол қолдарымен жалындаған алауларын, оң қолдарымен кернейлерін ұстап тұрды да, «Жаратқан Ие үшін әрі Гедеон үшін семсер!» — деп ұрандаумен болды.
21 Әр адам жаудың тұрағын айналдыра өз орнында тұрды. Сонда тұрақтағылардың барлығы да сасқалақтап жүгіріп бара жатып, қатты айқайлап тым-тырақай қаша жөнелді.
22 Осы үш жүз адам кернейлерін тартқанда, Жаратқан Ие жау тұрағындағы адамдардың бәрін бір-біріне қарсы шығарып, семсерлерімен өзара шайқастырып қойды. Қалған жасақшылар (Иордан өзеніне қарай) Сәрераның жанындағы Бет-Шиттаға, Табаттың маңындағы Әбел-Мехоланың шекарасына дейін қашып кетті.
23 Алайда Исраилдің Нафталим, Ашир және бүкіл Манаса руларының адамдары шақырылып, олар мадияндықтардың соңынан қуып кетті.
24 Гедеон бүкіл Ефрем руының таулы аймағына да хабаршыларын жіберіп: «(Иордан алқабына) төмен түсіп барып, мадияндықтарға қарсы шығыңдар! Бет-Бараға дейінгі су көздерін және өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпаңдар!» — деді. Сонда Ефремнің бүкіл адамдары шақырылып, Бет-Бараға дейінгі су көздерін және Иордан мен басқа да өзендердің өткелдерін қолға түсіріп, жауды соларға жақындатпады.
25 Ефремдіктер Мадиянның артынан қуып, олардың екі әміршісі — Ориб пен Зипті тұтқындады. Содан Орибті Ориб құзының, Зипті Зиптегі жүзім сыққыштың маңында өлтіріп, бастарын Иорданның жағасынан Гедеонға алып барды.