Билер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21


Тарау 2

Жаратқан Иенің періштесі Ғылғалдан Бохимге өрлеп барып, (сонда жиналып тұрған исраилдіктерге Жаратқан Иенің мына хабарын жеткізді:) «Мен сендерді Мысырдан алып шығып, ата-бабаларыңа ант еткен осы елге әкелдім. Мен сендермен жасаған Келісімімді ешқашан да бұзбаймын деген едім.
2 Ал сендер бұл елді мекендеген халықтармен ешқандай келісім жасаспауға әрі олардың құрбандық ұсынатын орындарын қиратуға тиіс едіңдер. Бірақ та Менің сөздеріме құлақ аспадыңдар. Бұлай істегендерің қалай?
3 Ал енді сендерге мынаны айтамын: Мен бұдан былай сол халықтарды алдарыңнан қуып шығармаймын. Олар бүйірлеріңе тиген қамшыдай болмақ, ал өздерінің табынатын жалған тәңірлері сендерді тұзақ іспетті құлатпақ».
4 Жаратқан Иенің періштесі осы сөздерді барлық исраилдіктерге айтқан кезде халық дауыс көтеріп зарлай бастады.
5 Сондықтан да олар сол жерді Бохим (демек, Зарлау) деп атап кетті. Халық осы жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып ұсынды.
6 Кезінде Ешуа халықты таратып жібергенде, исраилдіктер елді иемденуге әрқайсысы өзіне бөлінген мұралық жеріне кеткен болатын.
7 Ешуаның көзі тірісінде және Жаратқан Иенің Исраил халқы үшін істеген ұлы істерінің барлығын көздерімен көріп, Ешуадан кейін де ұзақ жасаған ақсақалдардың бүкіл кездерінде халық Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оған ғибадат ете берді.
8 Жаратқан Иенің қызметшісі Нұн ұлы Ешуа жүз он жыл жасап, қайтыс болды.
9 Оның мәйіті Ешуаның үлесіне тиген жерінде: Ефрем руының таулы аймағындағы Ғағаш төбесінің солтүстік жағындағы Тимнат-Серах қаласының маңында қабірге қойылды.
10 Сол буынның күллі адамдары дүние салып, ата-бабаларының қасына жөнелгеннен кейін, Жаратқан Иені танымайтын және Оның Исраил үшін істеген ұлы істерін ескермейтін жаңа ұрпақ дүниеге келді.
11 Олар Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап, Бағал атты жалған тәңірлердің мүсіндеріне табына бастады.
12 Сол жаңа ұрпақ ата-бабалары сиынған, оларды Мысыр елінен алып шыққан Құдайлары — Жаратқан Иеден бас тартты, әрі айналаларында тұрып жатқан ұлттардың табынатын бөгде тәңірлерінің жолдарына түсіп, соларға иіліп құлшылық етті. Халық бұларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.
13 Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иеден бас тартып, Бағал мен Астартаның мүсіндеріне табынатын болды.
14 Сондықтан Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол халықты тонаушылардың қолына бере салды. Солар исраилдіктердің мал-мүліктерін зорлап тартып алып отырды. Жаратқан Ие халықты айналасында тұрып жатқан жауларының қолына түсіргендіктен, соларға қарсы тұруға Исраилдің қауқары жетпейтін болды.
15 Халықтың жасақшылары қайда барып, шабуылдаса да, Жаратқан Ие Өзі ант етіп алдын ала айтқандай, оларға қарсы соғысып, жеңіліске ұшыратты. Содан халық қатты қиналды.
16 Ал Жаратқан Ие Исраилге билер тағайындап отырды, олар халықты тонаған жауларының қолынан құтқарды.
17 Бірақ халық осы билерге де құлақ аспай, бөгде тәңірлерге азғындықпен бас иіп табынып кетті. Олар ата-бабалары жүрген тура жолдан лезде-ақ тайып, солар сияқты Жаратқан Иенің өсиеттеріне мойынсұнған жоқ.
18 Исраилдіктер жаулардың өздеріне зорлық-зомбылық көрсетіп азаптағанынан күңіренгендіктен, Жаратқан Ие оларға жаны ашып, билер тағайындап отырды. Жаратқан Ие сол биге жар болып, оның көзі тірісінде исраилдіктерді жауларынан құтқарып отырды.
19 Алайда би қайтыс болған соң, халық ата-бабаларынан бетер азғындыққа салынып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, соларға бас иіп құлшылық ететін. Осылай халық өздерінің күнәкар қылықтарын және қасарысып Хақ Тағалаға бағынбауларын доғарған жоқ.
20 Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулап, Ол былай деді: «Мына халық Менің өздерінің ата-бабаларымен жасаған Келісімімді бұзып, айтқандарыма құлақ түрмегендіктен,
21 Мен де енді Ешуа елден қуып шығармаған ұлттардың ешқайсысын исраилдіктердің алдарынан қуып шығармаймын.
22 Осылайша Мен арғы аталары істегендей, қазіргі ұрпақ та Жаратқан Иенің жолымен жүре ме деп тексеріп сынаймын».
23 Осы себептен Жаратқан Ие сол ұлттарды Ешуаның қолына тапсырған да жоқ, тездетіп қуып шығарған да жоқ; қайта, олардың елде қалуларына жол берді.