Билер
Тарау 5
Сол жеңіс күні Дебора және Абиноғам ұлы Барақ былай деп жырлады:
2 Басшылар бастап шықты Исраилді, Халық өз еркімен бағышталып ерді, Мақтаңдар, содан Жаратқан Иемізді!
3 Ей, патшалар, құлақ салыңыздаршы, Ей, билеушілер, тыңдаңыздаршы, Жаратқан Иеге жырымды арнаймын, Исраилдің Құдайына әнімді шырқаймын:
4 Уа, Жаратқан, Сен Сейірден шыққанда, Едом аймағынан алға басқанда, Жер сілкініп, бұлттан жаңбыр құйды сонда,
5 Таулар дірілдеді Иеміздің алдында, Синай тауы да Жаратқанның алдында: Исраилдің Құдайының көз алдында.
6 Анат ұлы Шамғардың заманында Әрі Жаилдың да уақытында Үлкен жолдар қаңырап бос жататын, Жүргіншілер сүрлеумен алға басатын.
7 Бос қалды Исраилдің елді мекендері, Исраилдік ана — мен Дебора, келгенше.
8 Халық жаңа тәңірлер алды таңдап, Содан қақпаларға соғыс келді таяп. Исраилдің қырық мың ері арасынан Байқалды ма бірде-бір найза не қалқан?
9 Жүрегімде Исраилдің әміршілері Һәм халықтың бағышталып ерген ерлері, Бәрің мадақтаңдар Жаратқан Иемізді!
10 Уа, ақ есекке мініп алған байлар, Қымбат кілем үстінде отыратындар, Әрі жаяу жүргендер, соны хабарлаңдар!
11 Суатта ән-жыр айтқандарға құлақ асыңдар, Жаратқанның әділ істерін мадақтаңдар! Исраил өз диқандарының ерлігін мақтар. Жаратқанның халқы қала қақпасына барды:
12 «Уа, Дебора, енді ояныңызшы, Оянып, жырлап, ерлерді шақырыңызшы! Уа, Абиноғам ұлы, тұрыңызшы, Уа, Барақ, жауларды тұтқындаңызшы!»
13 Қалған ерлер шықты айбатты жауға қарсы, Жаратқанның халқы мықтыларға қарсы:
14 Амалектің жері болған Ефремнен түсті, Буняминдіктер олардың соңынан ілесті, Махырдан аттанды әскербасылар, Забулоннан билік басындағылар.
15 Исашар басшылары еріп Дебораға, Исашар Барақпен атой салды аңғарға. Ал пікір мың құбылды Рубен тармақтарында.
16 Неге жылжымай жаттың қораларда, Шопанның ысқырығын тыңдап отырдың ба? Пікір мың құбылды Рубен тармақтарында.
17 Ғилақад қалды Иорданның ар жағында, Дан неге жалтарды кемелер қасында? Ашир отырды теңіз жағалауында, Әрекет етпеді кемежайларында.
18 Ал Забулон руы аянбады қыраттарда, Бастарын өлімге тікті нафталимдықтар да.
19 Жау патшалары аттанды соғысуға, Қанахан патшалары Тағанахта, Мегидо бұлақтарының бойында Шайқасқанмен олар ешқандай олжа Не күмісті түсіре алмады қолдарына.
20 Аспан әлемінен жұлдыздар сонда Жүрген жолдарынан соғысып, олар да Шабуыл жасады сол Сисараға.
21 Жауларды шайып ағызып Қишон жылғасы Әкетті: ежелден бар бұл Қишон жылғасы. Алға басып, қабылдайық күш-қуатты!
22 Аттардың тұяқтары жерді дүркіретті, Жаудың алғыр айғырлары шауып жүрді.
23 «Мероз қаласы жазасын тартсын! — деді Жаратқан Иеміздің періштесі, — Қала тұрғындарына қарғыс тиеді, Жаратқанға олар қолдау көрсетпеді, Мықты жауға қарсы көмектеспеді».
24 Әйелдер ішінен Жаил жарылқансын, Бұл батыл әйелі кендік Хебердің! Ол шатырда тұратын әйелдердің Ең молынан жарылқанғаны болсын!
25 Сисара су сұрап, Жаил сүт берді, Әсем тостағанмен шалап әперді.
26 Жаил оң қолын созды қазыққа, Сол қолын жұмысшының балғасына. Бір ұрып жарды ол жауыздың басын, Тесіп жіберді Сисараның самайын.
27 Жаилдың аяқтарына жау иілді, Аяқтарының арасына жығылды, Жығылған жерінде лезде қырылды.
28 Сисараның шешесі сыртқа қарады, Терезе торынан былай деп зарлады: «Неге келмеді оның соғыс күймесі? Кешікті-ау дөңгелектерінің дүбірі!»
29 Көреген ханымдары мынадай жауап қатты, Соларын көп қайталап ол жұбаныш тапты:
30 «Олжа тауып, бөлісіп жатыр екен, Әр сарбазға тұтқын қыз бір-екіден, Алуан түсті шапандар Сисараға, Кестелі түрлі түсті маталар да, Һәм кестеленген шәлілер менің мойныма, Осылардың барлығы да бізге олжа!»
31 Уа, Жаратқан, бар жауың солай талқандалсын, Ал Сені сүйгендер атқан күндей нұрлансын! Содан елде қырық жыл бойы тыныштық орнады.