Билер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21


Тарау 20

Сонда Дан мен Бер-Шебаның арасында жатқан бүкіл елден және оған қоса Ғилақад аймағынан Исраил халқы Миспаға жиналып, барлығы бір адамдай Жаратқан Иенің алдында тұрды.
2 Құдай халқының жиналысына бүкіл басшылар және Исраилдің барлық рулары — семсер асынған төрт жүз мың жаяу жасақшы қатысты.
3 Сол кезде буняминдіктер де өзге исраилдіктердің Миспаға өрлеп барғаны туралы естіді, (бірақ өздері сол жерге бармай қойды). Жиналыста исраилдіктер: — Айтып беріңдерші, осы сұмдық қалай болды? — деп сұрады.
4 Сонда өлтірілген әйелдің күйеуі — леуілік адам жауап беріп былай деді: — Буняминнің жеріндегі Гибея қаласына кәнизагым екеуіміз түнеуге тоқтаған едік.
5 Бірақ Гибеяның азаматтары маған қарсы шығып, өлтірмек болып, біз жатқан үйді түнде қоршап алды. Олар кәнизагымды зорлап, ақыры өлтіріп тынды.
6 Мен әйелдің мәйітін бөлшектеп, Исраилдің бүкіл мұралық жеріне таратып жібердім. Өйткені олар Исраилде масқара сұмдық істеді.
7 Ал енді, уа, Исраил халқы, барлығыңыз бұл істі осы жерде қарап, ақыл-кеңестеріңізді айтыңыздар!
8 Мұны естіп отырған халықтың бәрі бір адамдай орындарынан тұрып: — Ешқайсымыз да қосымызға оралмаймыз, жоқ, ешқайсымыз да үйімізге қайтпаймыз!
9 Қайта, жеребе тастап, Гибеяға қарсы аттанамыз!
10 Сол жерге баратындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуді барлық рулардың әрбір жүз адамынан онына, әрбір мың адамынан жүзіне, әрбір он мыңынан мыңына тапсырамыз! Содан жасақ Гибеяға жеткенде Исраилде жасаған сол сұмдығы үшін оны жазалайтын болады, — деп шешті.
11 Осылайша бүкіл исраилдіктер сол қаланы жазалауға бір адамдай бірікті.
12 Исраилдің рулары Бунямин руына жіберген елшілері арқылы: «Араларыңнан орын алған бұл не қылған сұмдық?
13 Енді Гибеядағы сол сұмырайларды өлтіру үшін бізге ұстап беріңдер! Солай Исраилді бұл сұмдықтан тазартайық», — деген хабарды жіберді. Бірақ Бунямин руының адамдары ағайынды исраилдіктердің айтқандарына құлақ асқан жоқ.
14 Қайта, олар өздерінің барлық қалаларынан Гибеяға жиналып, исраилдіктермен соғысуға дайындалды.
15 Сол күні буняминдіктер Гибея қаласының тұрғындарының таңдаулы жеті жүз жасақшысын қоспағанда, өздерінің басқа қалаларынан семсер асынып келгендерден жиырма алты мың адамды жинады.
16 Олардың арасында жеті жүз таңдаулы адам солақай болатын. Бұлардың әрқайсысы сақпанмен атқан тасы тимей қоймайтын қас мергендер еді.
17 Ал исраилдіктер болса, Бунямин руын есептемегенде төрт жүз мың семсер асынған адамды түгендеп санады. Олардың барлығы да тәжірибелі сарбаздар болатын.
18 Исраилдіктер Бетелге өрлеп барып, сонда Құдайдан: — Буняминдіктерге қарсы шайқасуға қай ру бірінші болып өрлеп барсын? — деп сұрады. Жаратқан Ие оларға: — Яһуда руы бірінші болып өрлеп барсын! — деп бұйырды.
19 Исраилдіктер таңертең тұрып, Гибеяның маңына барып, қостарын тікті.
20 Содан Исраил сарбаздары Буняминге қарсы шайқасуға шығып, Гибеяның түбінде шеп құрып тұрды.
21 Ал буняминдік жасақшылар Гибеядан аттанып келіп, сол күні жиырма екі мың исраилдік адамды баудай түсірді.
22 Кейін исраилдіктер күш-қайратын жинап, бірінші күні шайқас болған жерде тағы да шеп құрып тұрды.
23 Себебі олар Жаратқан Иенің алдына барып, сонда кешке дейін қайғырып жылап, Жаратқан Иеден былай деп сұраған еді: — Ағайынымыз Бунямин руына қарсы қайтадан аттанып шайқасуға тиістіміз бе? — Жаратқан Ие: — Оларға қарсы аттаныңдар! — деп жауап берген болатын.
24 Содан исраилдіктер екінші рет буняминдіктерге таяп барды.
25 Бунямин руының жасағы сол күні де Гибеядан оларға қарсы аттанып келіп, исраилдіктердің он сегіз мыңын жер жастандырды. Олардың бәрі де семсер асынған сарбаздар болатын.
26 Сонда исраилдіктердің барлығы, бүкіл жасақ, Бетелге қайта оралды да, Жаратқан Иенің алдында қайғырып жылап, сол күні кешке дейін ораза ұстады. Содан соң Жаратқан Иенің алдында түгелдей өртелетін және Онымен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарын ұсынды.
27 Сол кездері Құдайдың Келісім сандығы Бетелде орналасқан еді. Һаронның немересі Елазар ұлы Пінехес оның алдында діни қызмет атқаратын. Сонда исраилдіктер Жаратқан Иеден:
28 — Шынымен ағайынымыз Буняминнің адамдарымен тағы да шайқасқа шығуға тиістіміз бе, жоқ па? — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие: — Аттаныңдар! Ертең мен оны сендердің қолдарыңа тапсырамын! — деп әмір берді.
29 Содан исраилдіктер Гибея қаласын айналдыра тосқауыл құрды.
30 Олар үшінші күні де буняминдіктерге қарсы өрлеп барып, бұрынғыдай Гибея қаласының маңында шеп құрып бекінді.
31 Буняминдіктер олармен шайқасу үшін шығып, қала маңынан алшақтап кетті. Олар шабуыл жасап, бұрынғы кездегідей исраилдіктерге шығын келтіре бастады: Бетел мен Гибеяға баратын жолдардың үстінде және егістік жерінде болған шайқастарда олар отыз шақты адамды өлтірді.
32 Буняминдіктер: «Оларды бұрынғыдай күйретіп жатырмыз!» — деп ойлады. Бірақ исраилдіктер: «Кері шегініп, оларды жолдарға қарай бастап әкетіп, қаладан біршама алыстатып жіберейік!» — деп келіскен еді.
33 Олардың бәрі өз орындарынан кері шегініп, Бағал-Тамар деген жердің маңында шеп құрды. Сол сәтте тосқауылда жатқан исраилдік сарбаздар Гибеяның батысындағы өз орындарынан лап етіп шыға келді.
34 Осылай бүкіл Исраилден жиналған он мың таңдаулы жасақшы Гибея қаласына бас салды. Шайқас аса қызу болды, ал буняминдік жасақшылар бастарына төнген қасіретті еш аңғармады.
35 Жаратқан Ие Буняминді Исраилдің алдында ойсырата талқандап, исраилдіктер сол күні олардың жиырма бес мың бір жүз адамын құртты. Солардың бәрі семсер асынған сарбаздар еді.
36 Сонда буняминдіктер өздерінің жеңілгендеріне көз жеткізді. Ал шайқас басында исраилдіктер Гибеяның маңында тығылып жатқан тосқауыл топтарына сеніп, буняминдіктерден кері шегінген болатын.
37 Тосқауыл топтары Гибеяға ентелеп кіріп, қаладағы адамдардың бәрін семсердің жүзімен қырып тастаған еді.
38 Исраилдіктердің негізгі жасағы мен тосқауылда тығылып жатқандардың арасындағы келісім мынадай болатын: тосқауылдағылар қаланың үстінен түтінді будақтатқанда, соны көрген жасақшылар
39 кері бұрылып, буняминдіктерге қарсы шайқасуға тиіс болды. Бұған дейін буняминдіктер исраилдіктердің отыздайын өлтіргендіктен, «бұларды бұрынғыдай жеңіп жатырмыз» деп ойлаған еді.
40 Алайда қаланың үстінен түтін бағанадай будақтап көтеріле бастағанда, буняминдіктер арттарына қарап, бүкіл Гибея қаласының түгелдей өртеніп, жалыны аспанға көтеріліп жатқанын көрді.
41 Сонда Исраилдің жасақшылары бұларға қарай бұрылды. Бастарына қасірет түскенін ұққан буняминдіктер сасқалақтап,
42 елсіз далаға қарай қаша бастады. Бірақ олар енді шайқастан қашып құтыла алмады, өйткені басқа қалалардан шыға келген исраилдіктер оларды ортадан тықсырып қыра бастады.
43 Исраилдіктер буняминдік сарбаздарды қоршап алып, еш тоқтаусыз соңдарынан өкшелеп, Гибеяның шығыс маңында қуып жетті.
44 Сонда буняминдіктердің он сегіз мың адамы жер жастанды. Олардың бәрі мықты сарбаздар болатын.
45 Қалғандары бұрылып, елсіз далаға, Риммон жартасына қарай қаша жөнелді. Алайда исраилдіктер олардың бес мыңына үлкен жол бойларында тап беріп, қырып-жойып, басқаларын Гидомға дейін қуып барып, сонда тағы екі мың буняминдіктің көзін құртты.
46 Осылайша сол күні жиырма бес мың семсер асынған буняминдік адам өлім құшты. Олардың барлығы да мықты сарбаздар болатын.
47 Ал алты жүз адам бұрылып, елсіз даладағы Риммон жартасына дейін қашып үлгеріп, сонда төрт ай бойы бас сауғалады.
48 Сол кезде исраилдіктер буняминдіктердің жеріне бас салып, олардың қалаларынан тапқан адамдарын да, малдарын да түгелдей семсердің жүзімен қырып салды. Олар кездестірген қалаларының барлығына от қойып өртеп жіберді.