2 Петірдің

1 2 3


Тарау 3

Сүйікті бауырластарым, бұл менің сендерге жазған екінші хатым. Екеуінде де осы жайттарды естеріңе түсіре отырып, шындап ойлануларыңа түрткі салмақ болдым.
2 Өткен замандарда Құдайға бағышталған пайғамбарлар айтып кеткен сөздерін және Иеміз әрі Құтқарушымыздың сендерге жіберген елшілері арқылы жеткізген өсиетін есте сақтағандарыңды қалаймын.
3 Ең бастысы, мынаны біліп қойыңдар: осы соңғы заманда арам құмарлықтарына салынып, сендерді келемеждейтін адамдар шығатын болады.
4 Мұндайлар: «Иелеріңнің қайтып келетіні жайлы берген уәдесі қайда, ә? Аталарымыз қайтыс болғаннан кейін де барлық жайттар еш өзгеріссіз, жаратылыстың басталуынан бергі қалпында қалып келеді ғой», — дейді.
5 Солай ойлағанда олар мыналарды әдейі ескермейді: Құдайдың бұйрығымен көк баяғыдан бері бар болған, ал жер судан шығып, сумен қалыпқа келтірілді.
6 Тәңір Иенің бұйрығына сай топан су кенеттен көне заманғы дүниені басып, адамзатты жойып жіберді.
7 Сол сияқты, Құдай Өзінің әмірімен осы қазіргі аспан мен жерді де әділетсіздердің сотталып, тозаққа түсетін күні отпен қиратуға қалдырып отыр.
8 Сүйікті бауырластар, Жаратқан Иенің алдында бір күн мың жылдай, ал мың жыл бір күндей екенін жақсылап ұғып алыңдар.
9 Кейбіреулер «Ол кешігіп, келмей қалды» деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, солардан арылуын қалайды!
10 Ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні де білдіртпей кенеттен келмек. Сол күні аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенің құрамдас бөліктері өртеніп құрып кетеді. Жердің өзі де, ондағы бүкіл жаратылыс пен адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады.
11 Бар дүние осылайша құрып кететіндіктен, сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңір Иеге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс!
12 Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді. Сол күні аспан өртеніп құрып, дүниенің құрамдас бөліктері оттың жалынында балқып кетеді.
13 Ал біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз.
14 Сонымен, сүйікті бауырластар, сендер бұлардың келуін күтіп жүргендіктен, Мәсіхтің алдында тұрғанда Оның сендерді мүлтіксіз пәк таза, тыныштықпен өмір сүрді деп табуы үшін осыған жан сала ұмтылыңдар!
15 Иеміз төзімділік танытуда, себебі Ол адамдарды құтқарғысы келеді, мұны дұрыс ұғыңдар! Сүйікті бауырласымыз Пауыл да сендерге Тәңір Ие өзіне сыйлаған даналығымен осы туралы хат жазған болатын.
16 Ол бұл мәселеге тоқталып өткен барлық хаттарында да осылай дейді. Оларда бірқатар түсінуге қиын жерлер бар. Шынайы рухани тәлім алмаған, тұрақсыз адамдар өзге Киелі жазбаларды бұрмалағандары сияқты, бұларды да бұрмалап, қате түсіндіреді. Сол арқылы олар тозаққа түсулеріне өздері себепші болады.
17 Алайда сендер, сүйікті бауырластарым, бұны алдын ала біліп, сақ болыңдар: ұяты жоқ, тура жолдан адасқан адамдарға ілесіп, берік негіздеріңнен айырылып қалып жүрмеңдер!
18 Қайта, Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рақымына кенеліп, Оны жақынырақ танып білуде өсе беріңдер! Оның ұлылығы қазір де, мәңгілікте де даңқтала берсін! Аумин.