Жоханның
Тарау 1
Әуел баста Ол бар болатын. Біз Оны естіп, көзімізбен көріп, Оған анықтап қарап, қол тигіздік. Ол — шынайы өмір сыйлайтын «Сөз». Сендерге Сол туралы айтып береміз,
2 себебі Өмір бізге келді. Осы мәңгілік Өмірді көрдік те, енді Оған куә болып, сендерге таныстырамыз. Ол Әкемен бірге болатын, содан көктен жерге түсіп, бізге көрінді.
3 Сендер бізбен байланыста болсын деп, өзіміз көріп, естігеніміз туралы хабар беріп отырмыз. Осылай бәріміз Әкемен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз.
4 Ортақ қуанышымыздың толық болуы үшін сендерге бұларды жазып отырмыз.
5 Біз Мәсіхтен естіп, сендерге білдіріп отырған хабар мынау: Құдай — Нұр, Оның ішінде ешқандай түнек жоқ.
6 Егер біз «Құдаймен байланыстамыз» дей тұра, түнекте жүрсек, өтірікші боламыз, әрі өміріміз шындыққа сай болмай қалады.
7 Ал егер Құдайға ұқсап нұрда тұрсақ, онда өзара байланыста боламыз және Оның рухани Ұлы Исаның төгілген қаны бізді барлық күнәларымыздан тазартады.
8 Егер «күнәсізбіз» десек, онда өзімізді алдап, бізде шындықтың болмағаны.
9 Егер де күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады.
10 Ал егер «еш күнә жасаған жоқпыз» десек, Құдайды өтірікші етіп көрсетеміз, әрі Оның сөзі жан дүниемізден орын алмағаны.