Жоханның
Тарау 5
Исаны Мәсіх деп сенетін әркім — Құдайдың рухани баласы. Әкені сүйетіндер Оның балаларын да сүйеді.
2 Біз рухани балаларын сүйетінімізді Құдайды сүйіп, Оның өсиеттерін орындауымыздан білеміз.
3 Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес.
4 Өйткені Құдайдың рухани балалары осы күнәлі дүниені жеңеді. Осы дүниені жеңген күш — біздің сеніміміз.
5 Кім осы күнәлі дүниені жеңе алады? Исаны Құдайдың рухани Ұлы деп сенген кісі ғана оны жеңе алады.
6 Иса Мәсіх бізге келгенде сумен шомылдыру рәсімін де, жанын қиып, қанын төгуді де басынан өткізді. Ол келгенде тек сумен шомылдыру рәсімінен өтіп қана қойған жоқ, жанын қиып, қанын төкті де. Киелі Рух бұған куә, себебі Киелі Рух — шындық.
7 Сонымен куә болатындар үшеу:
8 Киелі Рух, су және қан; бұл Үшеуінің айғақтығы бірдей.
9 Адамдардың куәлігін қабылдап жүрміз. Ал Құдайдың куәлігі адамдікінен гөрі салмақтырақ. Сондықтан Құдайдың Өзінің рухани Ұлы жайында берген куәлігіне сенуге тиіспіз.
10 Оның рухани Ұлына сенген кісінің жүрегінде Құдайдың куәлігі жүреді. Ал Құдайға сенбеген кісі Оны өтірікші етіп көрсетеді, себебі ол Құдайдың Өзінің рухани Ұлы туралы берген куәлігіне сенбейді.
11 Бұл куәліктің мәнісі мынадай: Құдай бізге мәңгілік өмір сыйлады. Осы өмір Оның рухани Ұлында:
12 Құдайдың рухани Ұлымен байланысы бар адам шынайы өмірге ие, ал Онымен байланысы жоқта шынайы өмір де жоқ.
13 Сендер Құдайдың рухани Ұлына сенгендіктен мәңгілік өмірге иесіңдер. Оған сенім артқан сендердің соны білулерің үшін бұларды жазып отырмын.
14 Біз Оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп нық сенеміз.
15 Не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ салады деп білсек, Оның тілегенімізді беретінін де білеміз.
16 Бауырының өлімге апармайтын күнә жасап жатқанын көрген кісі ол үшін Құдайға сиынсын. Сонда күнә жасағанның өмірі сақталады. Алайда өлімге апаратын күнә да бар. Құдайға сиынсын дегенде сондай күнә туралы айтып отырған жоқпын.
17 Әділетсіздіктің бәрі — күнә, ал өлімге апармайтын күнә да бар.
18 Мынаны білеміз: кім Құдайдың рухани баласы болса, сол күнә жасай бермейді. Құдайдың рухани Ұлы оны сақтағандықтан, шайтан оған тиісе алмайды.
19 Біз Құдайданбыз, бірақ бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр, бұны білеміз.
20 Құдайдың рухани Ұлының келгенін де білеміз; біздің шынайы Құдаймен танысуымыз үшін Ол көзімізді ашты. Сондықтан шынайы Құдаймен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз. Ол — шынайы Құдай және мәңгілік өмір.
21 Балаларым менің, жалған тәңірлерден аулақ болыңдар!