2 Петірдің

1 2 3


Тарау 2

Алайда сол заманда Құдай халқының арасында жалған пайғамбарлар да пайда болды. Дәл солай сендердің араларыңда да жалған тәлім берушілер болмақ. Олар жік салғыш зиянды ілімдерді жасырын енгізеді; тіпті өздерінің күнәларының құнын өтеп жанын құрбан еткен Әміршісі Мәсіхті де мойындамайды! Сондықтан олар бастарына кенеттен түсетін жойылуды өздері шақырып алады.
2 Көптеген адамдар солардың азғындықтарына еріп кетпек. Оларға бола ақиқат жолы масқараланатын болады.
3 Сол жалған тәлім берушілер сендерді ашкөздіктен өтірік сөздерімен алдап кетпек. Олардың үкімі әуелден-ақ бастарына төніп тұр; жойылулары кешікпей, сөзсіз іске аспақ!
4 Себебі Құдай күнә жасаған періштелерді де аяған жоқ. Оларды қияметте сотталуға сақтау үшін тозақтың қара түнегіне ұстап беріп, шынжырлатып тастады.
5 Тәңір Ие ежелгі дүниені де аямай, арсыз зұлымдардың әлеміне топан су жіберді. Жалғыз құтқарғаны әділдікті уағыздаушы Нұх пайғамбар мен оның отбасы, барлығы сегіз-ақ адам, болды.
6 Құдай Содом мен Ғомора қалаларын да үкімдеп, күл-талқандарын шығарды. Ол солардың мысалымен болашақтағы зұлымдардың неге ұшырайтынын көрсетті.
7 Ал әділ Лутты Тәңір Ие аман сақтап қалды. Ол айналасындағы арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшін қатты қиналып жүрді.
8 Сол ізгі жан олардың арасында тұрып, Құдайдың бұйрығына қайшы іс-әрекеттерін күн сайын көріп, естіп, өзінің әділ ар-ұжданы алдында азап шекті.
9 Бұл солай болғанда, Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді өтіп жатқан сынақтарынан құтқаруды, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі.
10 Әсіресе, күнәкар болмыстарының арам құмарлықтарының жетегіне ерген, ешбір билікті елемейтіндердің тағдырлары осындай болмақ! Сондай тәкаппар да қиқар жалған тәлім берушілер абыройлы билеушілерді балағаттаудан қаймықпайды.
11 Тіпті күш-қуаттары әлдеқайда зор періштелер де соларды Жаратқан Иенің алдында ешқандай балағат сөзбен айыптамайды.
12 Бірақ сол алдамшы тәлім берушілер ақылдарымен емес, жабайы аңдар сияқты түйсіктерімен ғана жүреді. Ал аңдар аулап, өлтіру үшін бар ғой. Сол адамдар түсінбеген нәрселері туралы жаман сөз айта береді. Ақырында жабайы аңдар сияқты олар да жойылмақ,
13 осылай жасаған әділетсіз істеріне лайықты жазаларын тартпақ. Мұндайлар тіпті күндіз тәндік тәбеттерін қанағаттандырып, алдамшы ырду-дырдудан ләззат табады; өздеріңмен бірге тойлауларымен ар-ұяттарыңа дақ түсіріп, сендерді жұрт алдында ұятқа қалдырады.
14 Олар ұдайы күнә жасаудың орайын іздеп, көздерімен әйелдерді «ішіп-жеп», сенімі тұрақсыздарды өздеріне еліктіріп отырады. (Солардың саны көбейе түссін деп) ашкөзденіп үйренген мұндайларды Құдайдың қарғысы атқан!
15 Олар баяғыдағы Босор ұлы Балағамның жолына түсіп, тура жолдан тайып, адасып кетті. Балағам әділетсіз ісі үшін алатын сыйын қатты ұнатты,
16 бірақ жаман қылықтары бетіне басылды: оның есегіне тіл бітіп, адам секілді сөйлеп, қиқар пайғамбардың ақымақ әрекетін тоқтатты!
17 Сол жалған ілімді таратушылар қауымды алдап, тақырға отырғызатын, кеуіп қалған бұлақ көздеріне және дауыл айдаған, жаңбырсыз ақ бұлттарға ұқсайды. Оларға тозақтың қара түнегі дайын тұр.
18 Мұндайлар бос сөздермен мақтанып жүреді. Олар теріс жолмен жүргендердің арасынан жуырда ғана құтылып шыққан адамдарды күнәкар болмыстарының құмарлықтарын қайтадан жүгенсіздікпен қанағаттандыруға еліктіріп, торларына түсіреді.
19 Олар осындай жандарға бостандықты уәде етеді, бірақ өздері азғындықтың құлдығында жүреді. Өйткені адам неден жеңілсе, соның құлы болар.
20 Осындайлар Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхті танып білгендері арқылы осы дүниелік арамдықтардан арылып, құтылған болатын. Алайда кейін қайтадан олардың шырмауына түсіп, жеңіледі. Сонда олардың соңғы жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болмақ.
21 Олар үшін әділет жолын танып біліп, Мәсіхтің тапсырған қасиетті өсиеттерін қабылдап, кейін кері бұрылғаннан гөрі, сол жолды мүлдем білмегендері жақсы болар еді.
22 Бастарынан кешкендерінде мына тауып айтылған мақал-мәтел жүзеге асады: «Төбет қайта оралар өзінің құсығына», «Жуылған шошқа қайтар аунайтын батпағына».