Ефестіктерге
Тарау 6
Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс.
2 «Ата-анаңды сыйла!» Бұл, Құдайдың бір уәдемен байланыстырып берген алғашқы өсиеті:
3 «Сонда жерде игілікті де ұзақ өмір сүретін боласың».
4 Ал ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!
5 Басыбайлы қызметшілер, Мәсіхке мойынсұнғандай, жер бетіндегі қожайындарыңа да шын жүректен мойынсұнып, жамандық жасаудан шошыныңдар!
6 Айтқандарын тек көңілдерінен шығу үшін, олар сендерді бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы жан-тәндеріңмен орындай беріңдер! Осылай Құдайдың еркін Мәсіхтің қызметшісі ретінде іске асырыңдар!
7 Сөйтіп қызметтеріңді адамға емес, Иемізге арнағандай ынтамен атқарыңдар.
8 Мейлі басыбайлы, мейлі ерікті болсын, әркімнің істеген игі істерінің лайықты сыйын Иемізден алатынын біліп қойыңдар.
9 Ал сендер, қожайындар, қызметшілеріңе осылай қарап, қатаңдықты жұмсартыңдар! Көкте олардың да, өздеріңнің де Қожайындарыңның бар екенін білесіңдер. Ол ешкімнің бет-жүзіне қарамайды.
10 Соңында айтарым мынау, бауырластарым: Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер!
11 Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген «рухани қару-жарақпен» түгел жабдықталыңдар!
12 Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне әрі дүниені билеп-төстеушілеріне: көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз.
13 Сондықтан Құдай берген «рухани қару-жарақтың» бәрін асыныңдар! Сөйтіп зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар.
14 Сонымен, шындықпен «белді бекем буып», әділдікті «сауыт қылып киіп», табанды тұрыңдар!
15 «Аяқкиімдеріңді де киіп», татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар!
16 Бұларға қоса сенімдеріңді «қалқан қылыңдар», онымен шайтанның барлық «отты жебелерін» өшіріп тастай аласыңдар;
17 құтқарылғандықтарыңды «дулыға етіп киіп» қорғаныңдар; Құдай сөзін «рухани семсер қылып ұстаңдар»!
18 Киелі Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынып, барлық өтініштеріңді айтып, рухани сергек те шыдамды болыңдар: Құдайдың бүкіл халқы үшін мінажат ете беріңдер!
19 Сөйлеген сайын Ізгі хабардың құпиясын қаймықпай жариялауыма қажетті сөз аузыма түссін деп, мен үшін де мінажат етіңдер!
20 Бұл хабарды жеткізуге жіберілген елші ретінде осы жерде бұғаудамын. Сондықтан оны тиісті түрде батыл жариялай алуымды Құдайдан тілеңдер.
21 Сүйікті бауырымыз әрі Иеміздің адал қызметшісі Түхік менің жағдайым мен қызметім туралы білулерің үшін сендерге бәрін хабарламақ.
22 Түхікті сол мақсатпен жіберіп отырмын. Ол жағдайымызды білдіріп, жүректеріңді жігерлендірмек.
23 Лайым Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх барлық бауырластарға тыныштық, сүйіспеншілік және сенім сыйлай көрсін!
24 Иеміз Иса Мәсіхті шын беріле сүйгендердің бәріне Құдай жар болып, рақымын жаудыра берсін!