Ефестіктерге

1 2 3 4 5 6


Тарау 4

Сонымен Иемізге қызмет еткеніме бола түрмеде жатқан мен сендерге Құдайдың өздеріңді шақыруына лайық өмір сүріңдер деп ескертемін.
2 Барлық жағдайларда кішіпейіл, ілтипатты, бір-біріңе төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер.
3 Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар!
4 Бәріміз біртұтас рухани денеміз, Құдайдың Рухы да Біреу, сол сияқты Құдай сендерді шақырғанда бірдей үміт берді.
5 Иеміз бір, бір сенімдеміз, шомылдыру рәсіміміз де бірдей.
6 Барлығымыздың бір Құдай Әкеміз бар, Ол бәрімізден үстем және бәріміз арқылы әрекет етіп, бәріміздің жүрегімізден орын алды.
7 Ал әрқайсымызға Мәсіхтің рақым етіп үлестіріп берген ерекше рухани дарындарымыз бар.
8 Сондықтан (Забурда) мына тәрізді сөздер жазылған: «Ол заңғар биікке көтерілді, көптеген тұтқындарды ертіп жүрді, әрі адамдарға тартулар сыйлады».
9 «Ол заңғар биікке көтерілді» деген сөздің мағынасы қандай? Мәсіх алдымен төменге, жер бетіне түскен еді дегенді білдіреді.
10 Соған түскен Мәсіх — аспаннан әлдеқайда жоғары орынға, «көктің ең биігіне», көтеріліп кеткеннің дәл Өзі. Осылайша Мәсіх бүкіл әлемге өз билігін орнатпақ.
11 Ол рухани дарындар сыйлап, сенушілердің біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын Ізгі хабарды таратушы, енді біреулерін қауымның рухани бағушысы немесе тәлімгері етіп тағайындады.
12 Олар Құдайдың халқын өз қызметтерін атқаруға дайындауға тиіс. Соның нәтижесінде Мәсіхтің рухани денесі өсіп, күшейе бермек.
13 Осылайша бәріміз бірге Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген қауым болмақпыз.
14 Онда біз бұдан былай әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесуден, әрі қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп азғындық жолға түсуден аулақ боламыз.
15 Қайта, бір-бірімізге шындықты сүйіспеншілікпен айтамыз және қауымның Басы — Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз.
16 Сонда мүшелері үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған бұл біртұтас рухани дене түгелдей өзінің Басы — Мәсіхке бағынады. Әрбір мүшесі өз міндетін атқарса, бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді.
17 Иеміздің атынан сендерге мықтап айтып ескертемін: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер!
18 Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей жақсылық атаулыға қарсы қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған.
19 Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді.
20 Бірақ сендердің Мәсіх туралы үйренгендерің мұндай емес еді ғой!
21 Оның айтқандарын естіп, Онымен тығыз байланысып, шынайы тәлім алып келдіңдер. Себебі шындық Исада.
22 Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәлі болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар!
23 Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын;
24 осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділ де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!
25 Сондықтан өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бәріміз біріккен бір рухани дененің мүшелеріміз ғой.
26 «Ашуланғанда күнә жасамаңдар!» деп (Забурда) жазылған. Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар,
27 сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!
28 Ұры болған енді ұрлық жасамасын, керісінше, адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін.
29 Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін.
30 Осылай Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен «таңбаландыңдар»: өмірлеріңнен орын алған Киелі Рух — бір күні жамандық атаулыдан азат етілулеріңнің кепілі.
31 Әрқилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қаралау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!
32 Қайта, бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!