Ефестіктерге
Тарау 5
Сонымен сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар!
2 Мәсіхтің бізді сүйіп, біз үшін Өзін құрбан еткеніндей, сендер де бір-біріңді сүйіп өмір сүріңдер! Оның өз жанын қиғаны Құдайға ұнамды, хош иісті құрбандық іспетті болды.
3 Араларыңда неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық пен ашкөздіктің тіпті аттары да аталмасын. Құдайға бағышталған адамдарға бұлардан аулақ жүру лайық.
4 Сендерге әдепсіздік жасау, ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айту емес, шүкірлік ету жарасымды.
5 Мынаны біліп қойыңдар: неке адалдығын бұзатындар, ұятсыздар және ашкөз адамдар — жалған тәңірлерге табынушылар. Мұндайлардың ешқайсысына да Мәсіхтің және Құдайдың Патшалығында орын жоқ.
6 Ешкім де сендерді өтірік сөздерімен алдамасын! Себебі Құдайға мойынсұнбайтындарға осы күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр.
7 Сондықтан олардың іс-әрекеттеріне сыбайлас болмаңдар!
8 Бұрын сендер түнек болдыңдар, ал енді Иемізбен байланысып, «нұрсыңдар»: ендеше «нұрдың адамдары» болып әрекет етіңдер!
9 Ал нұрдағы өмірдің өнімі — нағыз игілік, әділдік, шындық.
10 Құдай Иеге не ұнайтынын біліп алып,
11 түнектегі адамдардың бекер істеріне араласпаңдар, қайта, оларды әшкерелеңдер!
12 Мұндайлардың жасырын істейтіндерін айтудың өзі ұят.
13 Ал түнекке нұр шашылса, ондағының бәрі анық көрінеді. Бар нәрсені әшкерелейтін — нұр.
14 Сондықтан да былай деп айтылады: «Оян, ей, ұйқышыл, Рухани өлімнен тіріл! Мәсіх саған төгеді нұр».
15 Сонымен парасатсыз емес, ақыл-парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар:
16 жақсылық жасауға әр мүмкіндікті пайдаланыңдар, себебі қазіргі күндер зұлымдыққа толы.
17 Сондықтан ақымақ болмай, Құдай Иенің еркін біліп алыңдар.
18 Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады! Қайта, Киелі Рухқа кенеле беріңдер!
19 Бір-біріңді Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан әндер арқылы жігерлендіріп, Иемізді ән-күймен шын жүректен дәріптеңдер.
20 Иеміз Иса Мәсіхтің атымен Құдай Әкеге қай нәрсе үшін де ұдайы шүкірлік етіңдер!
21 Сендер Мәсіхті қастерлейтіндіктен, бір-біріңе мойынсұныңдар!
22 Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар;
23 өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің «басы». Мәсіх сенушілерді құтқарып алды, енді қауым — Оның рухани денесі.
24 Қауымның Мәсіхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнуға тиіс.
25 Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!
26 Оны Құдай сөзімен тазартып, қайта туғызып, қасиетті қылды.
27 Сонымен қауым күйеуіне апарылған қалыңдықтай салтанатты да сұлу, ешбір дақсыз, ақаусыз, басқа да кемшіліксіз, қасиетті де пәк таза болсын.
28 Дәл осылай жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді.
29 Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді, Иеміз де қауымды солай қамқорлайды.
30 Біздер Оның рухани денесінің мүшелеріміз.
31 «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады», — деп (Тауратта) жазылған.
32 Осында терең сыр бар, мен мұны Мәсіхке және қауымға байланысты айтамын.
33 Бірақ ол сендерге де қатысты: әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті.